Бас мүфти сынға қалды
Бірнеше тілді жетік меңгерген дінтанушы Асқар Сабдин ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпеновтың арабшасының нашар, тіпті Құранды да қате оқитынын сынап жүр.
Бас мүфтидің жамағат алдында беделі төмендігі, діни ірі лауазымдағы адамның араб тілін меңгеру деңгейі төмен екенін талай рет сынап та жазды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жарғысындағы мүфтиге қойылатын талап бөлімінде (ҚМДБ жарғысы, 6.3) Бас мүфти «мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгерген болуы керек» деп жазылған.
Наурызбай Өтпеновтың араб тілін шала-жансар меңгергенін жұртқа білдірмеу үшін араб елдерінің елшілерімен кездескенде тілмәш арқылы сөйлесіп жүргені де мәлім болды.
Бірақ, мұндай қулықпен Бас мүфти өзінің құзыретсіздігін ешқашан жасыра алмайды. Солай болды да. Мысалы, Мысыр елшісі Қазақстан Бас мүфтиінің арабша білмейтініне қайран қалып, басын шайқаған. Ал Наурызбай Өтпеновтың шатып-бұтып сөйлеген арабшасын естіген Сирияның Қазақстандағы бұрынғы құрметті консулы Самир Дерех мырза «Өкінішке қарай, Бас мүфтидің арабшасы өте нашар» деген пікір айтты.
Мұның бәрі Наурызбай Өтпеновтың басындағы проблеманың бергі жағы екен. Нағыз масқара Мысыр астанасы Каирде өткен әл-Фараби бабамызға арналған халықаралық конференцияда болды. Жетпіс тілді жетік меңгерген әл-Фарабидей ұлы бабамыздың ғылымға қосқан үлесі үшін берілген лақап атын Бас мүфти шатып-бұтып қате айтты. Әлем мойындаған Ұлы ұстазға арнап халықаралық конференцияны ұйымдастырушы мекеме басшысының лауазымына да Наурызбай қажының тілі келмей былдырлап, пұшайман қалге түсті. Мұны біз сол конференцияда жазылған видеодан көріп, біліп отырмыз.
Жас кезімде медреседе білім алып, кейін арабшамды Шам мен Медина қалаларында жетілдірген, бірнеше жыл Атыраудағы мешітте кезекші имам қызметін атқарған мен Наурызбай Өтпеновпен салыстырғанда әлдеқайда араб тілінде жақсы сөйлеп, Құранды жақсы оқитын сияқтымын. Дегенмен, имамдық қызмет атқарғаныма талай жыл өтіп кетті, күнде сөйлеп жүрмеген соң араб тілін меңгеру деңгейім нашарлаған шығар.
Оның үстіне, менің мүфтиятқа қатысты сын мақалаларымды, ҚМДБ-дағы ұйым басшылығы дәлелсіз терістеп, жеңістік бермей келеді. Көзге бақшиып көрініп тұрған нәрсені «олай емес» деп жалтарып шыға келеді.
ҚМДБ басшылығында сөзге тоқтап, сынды қабылдайтын адам қалмаған сияқты.
Осы жағдайға орай, Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың Каирдегі конференция кезінде журналистерге берген сұхбатын араб тілі маманына тағы бір тексертіп алуды жөн көрдім.
Наурызбай қажы Тағанұлының сұхбатын тыңдаған араб тілінің маманы «жағасын ұстады». Маман дінтанушы Асқар Сабдиннің сынында айтылған қателіктерден басқа Наурызбай қажының сөзінен тағы бірнеше грамматикалық қателік тапты.
Мысалы, Бас мүфти сұхбатында «Нахну масрурун» деді.
Мүфтидің бұл сөзін аударсақ: «Біз қуанышты» деген түсініксіз сөз шығады. «Біз қуаныштымыз» дегенді айтқысы келсе, онда ол «Нахну масруруна» деуі керек еді» дейді тіл маманы.
Одан әрі Бас мүфти: «..лишағбил мисриюн» деп, түйеден түскендей қойып қалады. Мұнысын тікелей аударғанда «халыққа мысырлықтар» деген қойыртпақ шығады. «Мысыр халқына» дегісі келсе «лишшағбил мисри» деген тіркесті қолдануы керек еді.
Одан әрі Наурызбай қажының «Машяха уә шейхул акбар азхаришшариф» деген быламығына бас қатырған араб тілінің маманы Бас мүфти «Әл-машяха, уәл имам әл акбар лил әзхариш шәриф» дегенді қолданғанда дұрыс сөз болатынын айтты.
Наурызбай қажы Өтпеновтің арабшасы ақсап тұрғаны мына грамматикалық қатесінен де байқалады.
Бас мүфти «Наһну ашкурухум», яғни «Біз алғыс айтамын» деу арқылы араб тіліндегі жекеше және көпше түрді ажырата алмайтын сауатсыздығын көрсетті. «Ол «Біз алғыс айтамыз» дегісі келсе, «Наһну нашкуруһум» деп, ал «Мен алғыс айтамын» дегісі келсе, «Әнә әшкүрухум» деген тіркесті қолдануы керек» деді тіл маманы.
Араб тілінен білімі таяз Наурызбай қажы мысырлық журналистердің алдында әбден сасқалақтады. Шетелдіктермен тек тілмәш арқылы тілдесіп, араб тілін білмейтінін жасырып, әупіріммен амалдап жүрген Наурызбай қажының бұл жерде білімінің таяздығы әшкере болып, әбден масқарасы шықты.
Оған дәлел – Бас мүфтидің «Хуна машаихуна касир яқулуна мин ғулама» деген сөзі. Сұхбатты тыңдаған араб тілінің маманы «бұл – мағынасы жоқ сөйлем» деді.
Наурызбай қажының сөзін қазақшаға аударсақ, «Мұнда шейхтеріміз көп, олар айтады ғұламалардан». Мынандай шалдыр-шатпақты Қазақстанның білдей бір Бас мүфтиі айтып тұрғаны масқара емес пе?!
Қазақ ұлтын әлемге танытатын «дінбасының» бұл быламық сөзінен не айтқысы келгенін арабтар сол күйі түсіне алмай кеткен шығар.
Арабшадағы орыс тіліндегі секілді «мужской, женский род» деген қарапайым қағидалардан Бас мүфти таза мақұрым екен. Наурызбай Өтпенов әйел тегіндегі сөзге ер тегіндегі сын есімді пайдаланып араб журналистерінің миын атала қылып жіберіпті. Дәлел керек пе? Міне, дәлел: «Хаза кайфа фаидатуху касир» деген мүфтидің сөзін орысша аударсақ, «Это как, его польза большой» деген «ботқа» (каша) шығады. Араб тілін білетін сауатты адам бұлай лақпай, «Файдатуху касиратун» дер еді.
Кейбіреулер «қазақ үшін арабша білу маңызды емес» дейтін шығар.
Бірақ, біз ҚМДБ жарғысында тайға таңба басқандай етіп жазылған, Бас мүфти лауазымына сайланатын адамның араб тілін жетік меңгеруге міндетті екенін қайда қоямыз?!
Демек, Наурызбай қажы Тағанұлы осы заңды күші бар талапты өрескел бұза отырып, Бас мүфти лауазымына сайланған. Оның білімі мен діни біліктілігі әлі күнге дейін неге тексерілмеген?!
Әлде, әлеуметтік желіде көп адам жазып жатқандай Наурызбай қажы Тағанұлын мүфтилікке шынымен де қауіпсіздік қызметі тағайындай салған ба? Олай болса, ҚМДБ-ға демократиялық сипаттағы жарғының не керегі бар? ҚМДБ мұсылман жамағаты мен Құдайдың бір сипаты саналатын халықты неге алдайды?!
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен салыстырғанда түкпірдегі ауыл молдалары Құранды қатесіз жақсы оқиды, арабша жақсы таза сөйлеп, қатесіз сөйлем жаза алады.
Ислам діні пәндері бойынша да Өтпеновтен әлдеқайда сауатты имамдар бар.
Солардың неге діни лауазымы өспейді?
Ал ҚМДБ «балық басынан шіридінің» кебін киіп тұр. Ең сорақысы сол, 70 тіл білген, Шам, Бағдад шаһарларында арабтарға араб тілінен дәріс оқыған, «әлемнің екінші Ұстазы» атанған әл-Фараби бабамыздың рухының алдында масқара болдық! Сол конференцияға қатысқан ислам әлемінің ғұламалары мен ғалымдары ҚР Бас мүфтиінің арабша сауаты мынандай болса, Қазақстандағы қалған дін өкілдерінің деңгейі тіпті төмен екен деп ойлаған шығар.
Бұл Қазақстанға да, қазақ халқына да абырой әпермейді. Сондықтан Қазақстандағы мұсылман жамағаты тез арада әділ сайлау өткізіп, білікті әрі білімді адамды Бас мүфтилікке сайлап, Наурызбай Өтпеновтан құтылғаны жөн.
Тұрарбек Құсайынов
Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді. Қарсы тараптың да пікірін жариялауға әзірміз.