Бас мүфти Құранды қате оқиды. Неге?

0
4276

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпеновтың  «діни лауазымға құзіретсіздігі»туралы талай рет айтылды. Бірақ, бұл сынды осы уақытқа дейін мүфтият та, мүфти де мойындағысы келмей жалтарып келеді. Олар үшін Бас мүфтидің арабша сауатты сөйлеп, сауатты жазғаны маңызды емес екен. Олай болса, біз сауатсыздығын мойындағысы  келмейтін Наурызбай Өтпеновтың әруақтарға арнап оқыған Құран хатымының видеосын ұсынуды жөн көрдік.

Естіп, көріп отырғандай, Бас мүфти Құранды да дұрыс оқымайды, сөзді қате айтады. Бұл оның араб тілін жетік білмеуінен туындаған проблема ғана емес. Әдетте, Құранды жағымды мақамға салып, қатесіз саудыратып оқитын адамды ислам әлемінде қари деп атайды. Қари ұқпақұлақ болады, Құранды автоматты түрде жаттап алады, тіпті ол араб тілінің мән- мағынасын толықтай білмей,механикалық формада ғана жаттайды. Дегенмен, қари Құран оқығанда әрбір сөзді таза әрі қатесіз айтады. Бас мүфтидің  Құран оқуы қарапайым көп қаридан оның деңгейінің әлдеқайда  төмен екені көрсетіп тұр. Сонда ол мүфтиятқа қалай тұтқа болмақшы?!

Бас мүфтидің Құранды қате оқуы жас кезімде екі жыл кезекші имам қызметін атқарған менің де құлағыма түрпідей тиді.  Елімізде мен сияқты бес мыңға жуық діни білім алған адамдар бар. Сірә, олар да Бас мүфтидің Құранды қате оқитынына іштей налып отырған шығар.

Кей жұрт мысқылдап, кейбірі мүфтидің сауатсыздығына мүсіркей қарайтын мұндай «дінбасының» «жоғарғы діни лауазымға құзіреттілігі» мен арабша дұрыс білмейтін, яғни Құранды қате оқитын діндардың жамағат алдында беделі қалайша болмақ?!

 

ҚМДБ мен Бас мүфтиге айтылған сынға орай найб мүфти Ершат Оңғаров әлеуметтік желідегі парақшасында «Асыл дініміз қандай қасиетті болса, Бас мүфти мақамы да сондай қасиетті. Оны қадір тұту, мәртебесіне нұқсан келтірмеу әрбір иманды, көкірегі ояу, көзі ашық отандасымыздың мұсылмандық міндеті деп білем» депті. Мұны қалай түсінеміз?

 Бұл мүфтияттағы авторитаризм мен  тоталитаризмнің белгісі,яғни Бас мүфтидің жеке басына табыну емес пе?

Ислам философиясы бойынша, қасиетті бірақ нәрсе бар: Ол – Құдай. Оны ұлы Жаратушы деп атайтынымыз да сондықтан. Ал біз, адамдар -пендеміз. Мұхаммедке  пайғамбарлық миссияны берген де ұлы Жаратушы. Ол  бар болғаны- пенделерге арналған ұлы Жаратушының гуманистік принциптерін жеткізуші ғана.

ҚМДБ – қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйымдардың бәрі мемлекеттің құрылым принципіне ұқсас құрылады. Мемлекеттің ең жоғарғы басты заңы – Конституция. Президенттен бастап барлық мемлекеттік қызметкер сол Заңның аясында халыққа қызмет етеді. Қарапайым халықтың сайлау-сайланудан бастап, әлеуметтік құқықтары мен міндеттері Ата заңда тезистелген. Ал ҚМДБ ұйым өзінің жарғысына сүйенеді. Сол жарғыда тайға таңба басқандай етіп «Бас мүфти… араб тілін жетік білуі тиіс» деп жазып қойған осы ұйымды құрғандардың өзі емес пе?!

Осы жарғыны, осы талапты Бас мүфти Наурызбай Өтпенов те, найб мүфти Ершат Оңғаров та қабылдаған, сол жарғыға мойынұсынған. Енді келіп сауатсыз, білімі таяз Бас мүфтидің «мақамы қасиетті, оны қадыр тұту керек» деп барша  мұсылманға автократия мен тиранияны міндеттегісі келеді. Бұл мұсылман жамағатына қарсы жасалған әділетсіз көтензорлық емей, немене?!

ҚМДБ жарғысына сәйкес, діни рәсімдерді арабша атқаруды жөн санаған молдалардың өзі емес пе? Олай болса, Құранды араб тілінің ішкі заңдылықтарына сай, қатесіз, дұрыс мақаммен оқысын. Наурызбай Өтпенов секілді «бүйректен сирақ шығарып», сөзді бұзып, жаңалық ашқандай ерекше мақаммен Құран оқудың еш қажеті жоқ. Бас мүфти болсын, басқасы болсын, ҚМДБ жарғысындағы талапты орындауы тиіс. Мұны істеуге ниеті жоқ болса, онда олардың бәрі жылы орынтағын сауатты, білікті имамдарға босатып берсін. Сонда ғана ұлы Жаратушының басты принципі – әділеттіліктің туы асқақтап желбірейді.

 

Тұрарбек Құсайынов, «Демос» ҚБ төрағасы.

 

Мақала редакцияның көзқарасы болып табылмайды.