Бәрі Назарбаевқа келіп тіреледі: Депутаттың қаңтар оқиғасы туралы пікірі

0
1408

Қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам мен Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қаңтар оқиғасының артында Елбасы тұр деген болжамға сенетіндерін Qasqa Jol бағдарламасында айтты.

Еске салсақ, 16 наурыздағы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында қасіретті қаңтардың артында лауазымды адамдар тұрғанын айтқан. Бірақ әлі де нақты адамдардың есімі аталмады.

«Елдің жағдайын білеміз. Қауіпсіздік кеңесі кімге бағынғанын білеміз. Не себепті бұл жағдайдың орын алғаны белгілі. Қалай болғанда да істің бәрі сол кісіге (Нұрсұлтан Назарбаевқа) барып тіреліп тұр. Менің ойымша, оның төңірегіндегілердің бәрін тазартады. Ар жағында үлкен мәселе туындайды. Бұрынғы Президентке қалай баға береміз деген мәселе шығады. Менің ойымша осыған Тоқаев жауап беруі керек», – дейді Сейдахмет Құттықадам.

Берік Әбдіғалиұлы бұл болжамға сенетінін, бірақ әлі тергеу нәтижесін күту керектігін айтты.

«Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кім ұйымдастырғаны анықталып, әлі айтылады. Әрине, саяси жағы бәрібір сол кісіге тіреліп тұр. Бірақ біз құқықтық мемлекет болғандықтан, шешімдер заң аясында қабылдануы керек. Егер дәлелдесек, олардың әкеткен ақшаларын қайтара аламыз. Дәлелдей алмасақ, ақшаны қайтаруға ешкім рұқсат бермейді. Халықаралық тұрғыда ешкім санаспайды. Әрине, басты мақсат – кінәлілерді қамап, әділетті шешім қабылдау. Сонымен қатар Қазақстаннан кеткен миллиардаған қаржыны қайтару керек. Сондықтан бүгін үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Президент екі ай уақыт берді», – деді Әбдіғалиұлы.