«Бағасын неге сұрайсың?» «Спутник V» вакцинасын шығаратын Қайрат Боранбаевтың есеп-қисабы

0

«Жеткілікті» ақшасы бар, бірақ Forbes журналы жазғаннан «әлдеқайда аз». «Өте көп» салық төлейді, алайда нақты мөлшерін айта алмайды. Мемлекет тапсырысымен вакцина шығарады, бірақ келісімшарт құнын ашып айтпайды. Азаттық тілшісі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен кездесіп, одан елдегі және сырттағы дүние-мүлкі, бұрынғы президент отбасымен туыстығы жайлы сұрады, деп хабарлайды «Азаттық Радиосы».

Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі Қайрат Боранбаев Азаттық сайтына шыққан «Назарбаевтың құдасы ұсынған «Спутник». Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі» деген материалдан кейін мақала авторын Қарағандыдағы фармацевтика зауытына шақырды. Мақалада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Боранбаевқа тиесілі кәсіпорын коронавирусқа қарсы вакцина өндірісі үшін бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы алатыны айтылған. Мақала жарияланғаннан кейін кәсіпкер Азаттық тілшісіне өзі хабарласып, материалда жазылғанмен келіспейтінін, ресейлік препарат өндірісі «әлеуметтік жоба» екенін айтқан. Бұған қоса ол мақала авторын Қарағандағы фармацевтика кешенін көріп қайтуға шақырып, тілшінің сұрақтарына жауап беруге уәде еткен. Уағдаласқан күні Азаттықтың түсірілім тобы Қарағандыға Қайрат Боранбаевпен кездесуге барды.

«ОСЫНДАЙДЫ ҚОЯЙЫҚШЫ»

Қарағандыдағы фармацевтика кешені. Үлкен аумақты алып жатқан кешенде бес қабатты әкімшілік ғимарат пен өндіріс цехтары орналасқан, адам көп емес.

Коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакинасын шығаратын Қарағанды фармацевтика кешені ғимараты. 9 ақпан 2021 жыл.
Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакинасын шығаратын Қарағанды фармацевтика кешені ғимараты. 9 ақпан 2021 жыл.

Ішке кірдік. Кешен басшылығы «баспасөз турын» ұйымдастырып, кәсіпорынға оннан астам ақпарат құралын шақырған екен. Журналистерге арнайы үстел жайып қойыпты, баспасөз хабарламасы таратылды.

Баспасөз хабарламасында «Қарағанды фармацевтика кешені онкология, гемофилия, гепатит, диабет және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауыр сырқаттарды емдеуге арналған қазіргі заманғы препараттар өндірумен айналысады. 2020 жылдың соңына қарай фармацевтика кешені 60 түрлі дәрілік препарат шығаратын деңгейге жетті» делінген.

Конференц-залдағы монитордан слайд көрсетіліп жатыр. Үстел басында Қарағанды фармацевтика кешенінің директоры Сергей Барон мен кәсіпорын қожайындарының бірі Қайрат Боранбаев отыр. Барон фармацевтика кешенінің қарқынды дамуы 2017 жылы басталғанын айтты. Дәл осы кезде қарағандылық зауытты «НеоТекФарм» фирмасы сатып алған. Бұл фирмаға Боранбаевпен бірге оның ресейлік серіктестері – миллиардер Виктор Харитонин, Ресей үкіметінің бұрынғы мүшелері Андрей Дементьев пен Андрей Реус иелік етеді. Кәсіпорын Қазақстан ауруханаларына дәрі-дәрмек жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор – «СК Фармация» компаниясы сатып алатын өнімдер шығарады.

Осы айдан бастап фармацевтика кешені коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіріп, «СК Фармация» компаниясына сата бастайды. Қазақстанда 1 ақпаннан бері осы вакцинаны салу науқаны жүріп жатыр. Баспасөз туры «Спутник V» вакцинасына арналған. Кәсіпорын басшылығы жылына төрт миллион вакцина қаптамасын шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл вакцина екі миллион адамға жетеді (вакцинаны екі рет салу керек).

Барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп отырған спикерлер вакцинаның өндірілу құны мен бағасы туралы сауал қойылғанда іркіліп, нақты ештеңе айта алмады.

– Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (бұл қор «Спутник V» вакцинасы өндірісіне қаржы бөлген – ред.) қол қойған үкіметаралық келісім бар. Сол жерде бағасы бекітілген. Мәселе бағасында тұрған жоқ. Президент вакцина тегін болатынын айтты. Сондықтан вакцина салғызатын адамға оның қанша тұратыны маңызды емес, – деді Қайрат Боранбаев.

Қарағанды фармацевтика кешені шығаратын ресейлік "Спутник V" вакцинасы. Қарағанды, 9 ақпан 2021 жыл.
Қарағанды фармацевтика кешені шығаратын ресейлік «Спутник V» вакцинасы. Қарағанды, 9 ақпан 2021 жыл.

Боранбаев осыған дейін «вакцина өндірісі – әлеуметтік жоба» деп Азаттыққа айтқан сөзін тағы қайталады.

– Бұдан коммерциялық пайда көрмейміз. Бұл істі Қазақстанда Covid-19 вирусына байланысты жағдай ушығып кеткендіктен қолға алдық. Осы жобаға қатысу үшін «Спутник V» вакцинасын өзіміздің кәсіпорында өндіруді ұйғардық. Шынымды айтсам, қанша табыс түсетінін, кіріс-шығысты есептеген жоқпыз. Жобаға қатысқаны үшін денсаулық сақтау министрлігі мен үкіметке алғыс айтуымыз керек, – деді Боранбаев.

– Сіз вакцина бағасы келісімшартта көрсетілгенін айттыңыз. Ол жерде қандай баға жазылған? Шығынға батып жұмыс істеп отырсыз ба? – деп сұрақ қойдым.

– Жоқ, шығынға батып отырған жоқпыз, өндіріске кететін ақша қайтады. Кез келген келісімшарт дегенің… Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінен сұрағаныңыз дұрыс шығар, – деді Сергей Барон.

– Сергей Леонидович айтқандай, баға Ресей Федерациясындағы бағаға сәйкес келеді, – деді Боранбаев Баронға қарап жымиып.

– Әріптестер, осындайды қояйықшы, – деді Барон журналистерге қарап.

– Жалғыз ауыз сөз ғой. Бағасын айта салыңыз, – дедім.

– Неге бұл сізді соншалықты мазалайды? – деді Боранбаев.

– Өйткені бұл – бюджет қаржысы.

– Бұл – біздің келісімшарт емес. Денсаулық сақтау министрлігінен сұраңыз.

Кейінірек, 10 ақпан күні денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы фармацевтика кешеніне вакцина өндірісі үшін 15 миллиард теңгеден көп (36 миллион доллардан астам) қаржы бөлінетінін хабарлады. Бұл – бюджеттен әртүрлі өндірушілердің вакцинасын сатып алуға қарастырылған қаржының үштен біріне тең.

«ЕСІҢДЕ БОЛСЫН, МЕН ЕШКІМНЕН ҚАШПАЙМЫН»

Баспасөз конференциясынан кейін спикерлер журналистерге кешенді аралап шығуды ұсынды. Ғимарат дәлізінде Азаттық тілшісінің өзіне қарай келе жатқанын байқаған Қайрат Боранбаев «Саған сұхбат бермеймін. Уәде берген жоқпын. Маған жақындамай-ақ қой» деді. Оператордың камерасы қосулы болатын.

– Мені түсірмеңдер, – деген Боранбаев камераны қабырғаға қарай бұрды. – Мені түсіруге ұялмайсың ба? Неге түсіресің?

Боранбаев оператордың жанынан өтіп бара жатып, басқа ақпарат құралдарының өкілдеріне бұрылып, «бұл басқалардан асып түсіп, сұхбат алғысы келеді» деді Азаттық тілшісіне нұсқап.

Көп ұзамай Боранбаев журналистер тобына жалпылама сұхбат беруге уәде берді. Экскурсиядан кейін (кешенді аралау кезінде журналистерге белгі қоюға арналған цехты, вакцина сақтайтын термоқораптарды көрсетті) тілшілердің алдына шықты.

– Жігіттер, сағат 11-де кетуім керек еді, бірақ сіздермен бірге осында қалуды ұйғардым. Әйтпесе әріптестеріңіздің бірі «Қашып барасыз ба?» деді (осы тұста микрофон алдында тұрған Боранбаев Азаттық тілшісіне қарады). Есіңде болсын, мен ешкімнен қашпаймын. Осы маңызды сөзді ұмытпа, – деді Боранбаев.

Бұдан кейін Қайрат Боранбаев журналистердің сұрағына жауап бере бастады. Кәсіпкердің өзі «Спутник V» вакцинасын салғызбаған. Әзірге ондай ойы жоғын айтты.

– Наурызда қатты ауырдым. Ағзамда антиденелер бар. Бірақ анама [Ресейде] «Спутник» салғыздым. 16 шілде күні. 7 тамызда екінші рет салды (Ресейде «Спутник V» вакцинасы ресми түрде 11 тамызда тіркелген – ред.).

Қарағанды фармацевтика кешеніндегі өндіріс цехы. 9 ақпан 2021 жыл.
Қарағанды фармацевтика кешеніндегі өндіріс цехы. 9 ақпан 2021 жыл.

БАЙЛЫҒЫ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛКІ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВТАР ТУРАЛЫ

Өткен аптада «Спутник V» вакцинасынан пайда табатынын жоққа шығару үшін Азаттық тілшісіне хабарласқан Қайрат Боранбаев «шілде-тамыз» айларында ресейлік бизнес серіктесімен вакцина шығару туралы келіссөз жүргізгенін, осыдан кейін бұл іске қазақстандық шенеуніктер «қосылғанын» айтқан. Баспасөз туры кезінде Боранбаев жазда кәсіпкерлер арасында «алдын-ала жалпылама талқылау» болғанын, бірақ үкіметке вакцина өндіру туралы ұсыныс жасамағанын мәлімдеді. Кәсіпкер вакцина өндірісі үшін Қарағанды фармацевтика кешенін денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры таңдағанын алға тартып, «бұл – әлеуметтік маңызы бар жоба. Бұдан коммерциялық пайда таппаймыз» деген сөзін қайталады.

Мұнан кейін Қайрат Боранбаев жұмыс кестесі тығыз екенін айтып, кетуге асықты. Кәсіпкерден «Назарбаевтың құдасы ұсынған «Спутник». Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі» деген мақаладағы қай деректі «жалған» деп есептейтінін сұрадым (мақала жарияланған соң Азаттық тілшісіне қоңырау шалған Қайрат Боранбаев осылай деген).

– Келісімшарт алу үшін Назарбаевпен байланысын пайдаланады деген тұсы.

– Назарбаевпен туыстығыңыз [бизнеске] әсер етпей ме?

– Мүлде әсер етпейді. Ешқашан әсер етпеген.

– 2013 жылдан кейін (Боранбаевтың қызы сегіз жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне тұрмысқа шыққан) сізге тиесілі компаниялар санының өсуін қалай түсіндіресіз?

– Оған дейін де компанияларым болған. Заң бойынша компанияларға иелік етіп, оларды басқаруға беруге болады. Солай болды. Оның үстіне, мемлекеттік қызметте істеген емеспін.

Азаттықтың Қазақстандағы ең ықпалды отбасы мүшелерінің шетелдегі мүлкі туралы «Женева, Канны, Нью-Йорк. Назарбаевтардың зәулім үйлері» деген зерттеуінде де Қайрат Боранбаевтың аты-жөні аталған. Азаттық желтоқсанда мүлік иегерлеріне сұрақтар жіберген, бірақ бұл хаттардың бір де біріне жауап келмеген. Осы жолғы мүмкіндікті пайдаланып, Боранбаевтан Азаттық зерттеуінде аталған мүлкі, шетелден неге зәулім үйлер сатып алатыны және өз байлығын қаншаға бағалайтыны туралы сұрадық.

– Иә, [шетелде мүлкім] бар. Бұған тыйым салынған ба? Мұны табыс декларациямда көрсеткенмін. Салық төлеймін. Бұған тыйым салынған ба? Айтыңызшы. Немен айналысуымыз керек? Кәсіппен айналысамыз. Сондықтан бизнес-жобаларға қараймыз. Бұған тыйым салынған болса, Қазақстанда солай айтсын. 2001 жылдан бері табыс декларациясын өткізіп келемін, – деген Боранбаев кенет операторға бұрылып, «Тек бұл сұрақтарды алып таста, жарай ма? Кiшкене ендi ар-ұят болу керек қой, жігіттер. Мен сендерге адам сияқты қарап жатырмын, сендер де өздеріңді солай ұстасаңдаршы» деді.

– Оператор не істеді?

– Жоқ, ертең қайдағы жоқ дүниені қойып жүрмесін, – деді Боранбаев.

– Ahlan вилласы сізге тиесілі ме?

– Иә, екеуі де. Екінші вилла да.

– 2002 жылы ол жерде [Ahlan вилласында] [Нұрсұлтан] Назарбаев демалғаны (бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары жазған – ред.) рас па?

– Жоқ, жалған.

– Неге [Чехиядағы жылжымайтын мүлкіңіз туралы] сұрақтарға жауап бермедіңіз?

– Өйткені оны көрген жоқпын (күлді).

– Сіз мұны инвестиция деп есептейсіз бе?

– Инвестиция. Инвестициям көп. Еуропада, барлық жерде

– Әлде бұл «қосымша аэродром» ба?

– Қонақ үй – «қосымша аэродром» емес. Мұның бәрі – инвестиция. Сіз одан да біздің әлеуметтік жобалар туралы айтыңыз. Бұл сізге қызық болар еді. Бізде ДЦП ауруына шалдыққан науқастарға арналған балабақша бар. Бұл мекемені 2002 жылдан бері қаржыландырып келеміз. Сол жаққа барып көріңіз. Сегіз баланы қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл мақтанғаным емес, бұл туралы жазбасаңыз да болады. Сіздер әр жобадан бірнәрсе іздеп тұрасыздар… Мен кәсіпкер адаммын, бизнесімнің көп қырлы болғанын қалаймын. Сондықтан кәсібімді Қазақстанда, Ресейде, Еуропада дамытып жатырмын.

– Қоғамда «Қазақстанға неге қаржы салмайды?» деген сұрақ тууы мүмкін.

– Қазақстанға қаржы салдым. [Шетелге] құйған қаржым бүкіл инвестициямның бес пайызын ғана құрайтын шығар.

– Сіздің Мәскеудегі ең үлкен үйде («Федерация» мұнарасы, Ресей астанасындағы биік ғимарат – ред.) пәтеріңіз бар.

– Иә, өйткені кеңсем мен пәтерім сол жақта.

– Forbes журналы байлығыңызды 519 милион доллар деп бағалапты.

– Шынымды айтсам, осыны қалай бағалайтынын білмеймін. Бұл – жалған. Мені мұндай соманың қайдан шыққаны таңғалдырады. Сонша ақшам болса, мүмкін… Білмеймін, сонша ақша. Ақшаның көлемі мен сапасын түсінсең, олардың мағынасы әртүрлі. Менің ондай ақшам жоқ.

– [Forbes] әлдеқайда көп ақша көрсеткен бе?

– Иә, әлдеқайда көп.

– Бұл деректі жоққа шығармадыңыз ба?

– Жоққа шығарып қайтемін? Олар жыл сайын солай істейді. Олардың қалай есептейтінін түсінемін. Қандай да бір коэффициенттерге, жылжымайтын мүлік бағасының сараптамасына қарайды. Бұл – бағалау. Олар ғимараттың бағасын ғана ескереді.

–Forbes тізіміне ең алғаш рет 2016 жылы ендіңіз. Оған дейін сізді көп адам білген жоқ.

– Неге? Мені кәсіпкерлердің бәрі білетін.

– Кәсіпкерлер – иә. Қазір сізді Қазақстанда және ТМД аумағында таниды.

– Менің кінәм не? Бұл жерде мәселе басқада. Қазақстанда табысты кәсіпкер болу жақсы ма, жаман ба?

– Адал еңбегімен жетсе, жақсы істері болса, жақсы. Қарапайым азамат ретінде айтып тұрмын.

– Бар болғаны – осы. Мен де Қазақстан азаматы ретінде мүлкім қай жақта болса да, барлық салықты Қазақстанда төлеймін.

– Салық туралы. Былтыр компанияларыңыз қанша салық төледі?

– Өте көп. Біз Қазақстандағы ең ірі бес салық төлеушінің қатарындамыз.

– Қанша сонда?

– Айта алмаймын. Бұдан да маңызды сұрақтар бар, Covid-ке байланысты жағдай өзгеріп жатыр. Жігіттер, кетуім керек. Мені қала мен облыстың әкімі күтіп отыр.

Кәсіпкер кешірім сұрап, кетіп қалды. Соңғы сұрақты оған көлігінің жанында қойдым. Былтыр Қайрат Боранбаевтың күйеубаласы, 29 жастағы Айсұлтан Назарбаев өмірден өтті (қайтыс боларынан біраз уақыт бұрын ол бірнеше шулы мәлімдеме жасап, отбасы мүшелерінің жемқорлық істерге қатысы бары туралы айтқан). Назарбаев отбасы қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірген жоқ. Боранбаев та бұл туралы ештеңе айтқысы келмеді. Асығыс көлігіне отырып, фастфуд мейрамханасының ашылуына кетті. Боранбаев – McDonald’s компаниясының Қазақстан, Ресей мен Беларусьтегі франчизасының иегері. Одан бөлек, кәсіпкердің меншігінде бірнеше сауда орталығы, қонақ үйлер, фитнес-орталықтар желісі, мұнай компаниясы, Алматыдағы ақылы көлік тұрақтарын басқаратын фирма және өзге де кәсіпорындар бар.

Бағдат АСЫЛБЕК

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.