Ауыл тұрғындары өз қаржысымен Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатты

0
1034

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылының тұрғындары өз қаражаттарынан Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның мүсінін орнатты. Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толу құрметіне арналған ескерткішті Шабанбай би ауылы мектебін 1990 жылы бітірген түлектер жинаған қаржыға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бейбіт Мұстафин жасаған. Бұл туралы Азаттық радиосының сайты жазды.

Ескерткіш мүсіннің ашылу рәсіміне тарихшы-ғалым Сұлтанхан Аққұлы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Жандос Смағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Сағымбай Жұмағұлов бастаған бір топ ғалымдар мен  Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса және Қарағанды облыс әкімдігінің өкілдері, Ақтоғай ауданының әкімі мен ауыл адамдары қатысқан. Салтанатты шарадан соң ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылған. Сонымен бірге шара қонақтары  Әлихан Бөкейханның ата-анасы мен туыстары жерленген Талдыбейіт қорымына барып, марқұмдардың рухына құран бағыштаған.