Ауыл шаруашылығы министрінің жалақысы белгілі болды

0

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің, вице-министрлер мен ведомство аппараты басшысының жалақысы белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz сауалына берген жауабында қызметкерлерге еңбекақы төлеу Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес жүргізілетінін жазды.

«Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрінің жалақысы жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын шегергенде 941 316 теңге (еңбек өтіліне қарай), ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің жалақысы 643 807 — 731 047 теңге (еңбек өтіліне байланысты), аппарат басшысы жалақысы 731 047 теңге (еңбек өтіліне қарай) болады», — деді ведомство өкілдері.

Министрлік басшылығының жалақысы 2021 жылы өспегені айтылды.

Бұған дейін ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен ведомство вице-министрлерінің жалақысы белгілі болған еді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да жалақысының мөлшерін жариялады.