Атырау облысында 5 бірдей автобус өртеніп кетті

0

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 5 автобус өртеніп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты.

«ССЕР» компаниясының автотұрағындағы автобустардың бірі өртенді. Өрт бірден жанында тұрған 4 автобусты шарпыды. Жалынды сөндіруге «Теңізшевройл» компаниясының өрт сөндіру қызметінен 30 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды. Өрт жергілікті уақытпен сағат 21:00-де толық жойылды», — деп хабарлады «ССЕР» компаниясының өкілі Орақ Бисембиев.

Мәлім етілгендей, оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«ССЕР» компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік автобустар Теңіз вахталық BBB BBC I қалашығындағы тұраққа сағат 19:00-де келіп, жолаушылар түсірілгеннен кейін қозғалысты тоқтатқан. Тұраққа қойылған автобустардың бірінің мотор бөлігінен шыққан өртті «ССЕР» компаниясының сигнал беруші қызметкері байқаған.

«Алғашқы қызметтік тексеріс көрсеткендей, сигнал беруші артқы жақта тұрған автобустардың бірінің қозғалтқыш бөлігінен шыққан түтінді байқаған. Нұсқаулыққа сәйкес, ол дереу кезекшіге хабарлаған. Оқиға орнына «ССЕР» компаниясының өрт сөндіру командасы, сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясының апатқа қарсы құрамының (ПАС) қызметкерлері мен үш арнайы техникасы жедел жетті», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.