Әскерде жүріп комаға түскен сарбаз ісі: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

0

Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарды. Қорғаныс министрлігі аталған әскери күштік құрылымдағы әскери қызметтің қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырмайды, деп хабарлайды әскери ведомствоның баспасөз қызметі.

«Мерзімді қызметтің әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың жарақат алғаны туралы БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратқа қатысты мынаны түсіндіреміз. Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарды. Мерзімді қызметтің сарбаздары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында, Мемлекеттік күзет қызметінде және Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет өткеретінін хабарлаймыз. Қорғаныс министрлігі аталған күштік құрылымдардағы әскери қызметтің қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырмайды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ,  Отан алдындағы борышын өтей жүріп, денсаулығына нұқсан келген Ербаян Мұхтарға Қорғаныс министрлігі ведомтсвоның емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.

«Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау командирлер үшін басты міндет болып табылады. Біз де Ербаян Мұхтардың туыстары мен жақындарымен бірге оның денсаулығына алаңдаймыз және ҚР Қорғаныс министрлігінің емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайынбыз» деп жазған ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін әскерде жүріп, бас жарақатын алған қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатқаны туралы жазған едік.

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелері бұзылған.