Арон Атабектің реанимацияға түскені хабарланды

0

Жуырда түрме жазасы жеңілдетіліп, үйіне жіберілген диссидент ақын Арон Атабек реанимацияға түсті. Бұл жөнінде Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, өткен аптаның соңында Арон Атабектің жағдайы нашарлаған. Бұдан соң жедел жәрдем шақыртылып, жеке клиникаға жатқызылған.

– Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте ештеңеге шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. «Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба» деп едім. Ауруы жанына батса керек, «иә» деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды, – деді Рәзия Нұтышева Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, Арон Атабек қазір жасанды тыныс аппаратымен дем алып жатыр. Ауруханаға келгеннен кейін «жағдайы сәл де болса оңалған». Сонда «есін жиып, өз-өзіне келгеннен кейін қайта үйге барғысы келіп отыр» дейді. Әдетте реанимация бөліміне дәрігерлер ешкімді кіргізбейді. Сол себепті қарындасы бауырының жағдайын дәрігерлер арқылы біліп отырғанын айтты.

Диссиденттің қарындасы Арон Атабектің нақты қай ауруханада жатқанын айтпады. Оның денсаулығына байланысты ақпаратты Азаттық тілшісі өзге дереккөзінен таба алмады.

Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды «денсаулық жағдайына байланысты» түрмеден шығарған.

Арон Атабек бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін Павлодар ауруханасында он күн кісендеулі күйі төсекке танылып жатқанын мәлімдеген. Диссидент ақын билік өзіне білдіртпей, Павлодардағы ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға баратын ұшаққа салып жібергенін айтқан.

Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап Алматыдағы ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған. Ол осыған дейін пробация бақылауында болған кезде тұратын мекені ретінде белгіленген Алматыдағы қарындасының үйінде тұрған.