Ақтаудағы ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың есімі аталды
Ақтаудағы ұшақ апатынан мерт болған қазақстандықтар туралы ақпарат белгілі болды. Ішінде ана мен бала да бар. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Құтқару қызметі ұшақ апаты кезінде қаза болған Қазақстан азаматтары бойынша ақпарат берді. Көпшілігі Маңғыстау облысынан екен.
- 36 жастағы Сәндібек Төлесінов – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны;
- 39 жастағы Бауыржан Жұмағұлов – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны;
- 46 жастағы Галина Махсудова – Ақтау қаласының тұрғыны;
- 49 жастағы Гаухар Шаймерденова – Астана қаласының тұрғыны, бірақ Алматыда дүниеге келген.
- 11 жасар Эльдар Жұмағат – Астана тұрғыны. Гаухар Шаймерденованың ұлы.
- 29 жастағы Салима Джутаева Аманжолқызы – Қарағанды қаласының тұрғыны.
Желіде қаза болғандар туралы ақпарат тарады. Мәселен Гаухар Шаймерденова Астанада нотариус болған екен. Тележүргізуші Санди Сұлтан Гауһар Шаймерденованың ұшақта болғанын хабарлады. Журналист олардың дос екенін және ол 10 жасар ұлы Эльдармен бірге Бакуден ұшқанын айтады.
Ал Салима Джутаева Қарағандыда стоматолог болып жұмыс істегені белгілі болды.
Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.
Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ұшақтағы қазақстандықтардың барлығы көз жұмды.