Алматының төрінде Қытай саясаты мен мәдениетін насихаттайтын кітап дүкені жұмыс істеп тұр (видео)

0

Алматыдағы Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысына қытайлар кітап дүкенін ашыпты.

Бұл туралы ақпаратты жазушы Қанат Әбілқайыр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ұлты дүңген Масаншының арғы тегі — қытайлық. Сол қытайлық Масаншы (Ауыт ағам «осы көшеге Тұмағаның атын берейік» деп айғайлап жүріп, қартаятын болды) мен Ұлы Абайдың атындағы даңғыл түйіскен тұстағы ол дүкенде таза қазақ тіліндегі:

«Бір белдеу — бір жол»;

«Дуңхуантану туралы он сегіз дәріс»;

«Ұлы Жібек жолы: археологиялық зерттеулер»;

«Бір белдеу — бір жол: болашақтан әрекетке дейін»;

«Қазіргі заманның жаңа талабы»;

«Ешқашан жоқ деме»;

«Қытай Жапон соғысының тарихы»;

«ХХ ғасырдағы Қытай эстетикасы»,т.б деген сияқты жүздеген кітаптар сатылып жатыр.

Алматының қақ төрінде, ашықтан ашық қытай саясатын, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, экономикасы мен әлеуетін насихаттауға көшіпті.

Олар дәл осы дүкендегідей қазақ кітаптарын Қытайда сатқызар ма еді?

Сату былай тұрсын, сол жақтағы қандастардың үйінен біздің әріппен шыққан бірлі-жарым кітапты тауып алса, оларды түрмеге қамап, лагерьге айдап, азаптап жатқан жоқ па?

Ал, біз сол қандастар үшін ләм дей алмай отырмыз. Ләм деу жай дүние, тіпті қойын-қоншымызды жалаңаштап, күйлеген танадай көткеншектеп бара жатқандаймыз!

Алматының көшелерінде «Ди-ди» таксилер зулап жүр.

Алматы облысында «қыздың арын қорғаймын» деп, ащы дауысы қаттырақ шығып кеткен (қытайды шапалақпен бір салған болса керек) жігітті соттағалы жатырмыз.

Мұның сыртында Бөдетідегі жағдай туралы бейресми ақпараттар өріп жүр.

(Бөдеті жаққа арнайы барып, жан-жақты зерттеу жүргізіп, көзбен көрмегеннен кейін әлдене дей қою қиын екен).

Десе де, соңғы жылдары Қытай экспанциясы күшеніп тұр. Тіпті, есіріп-еліріп барады.

Базар қытайға толды. Не іздеп жүргенін қайдам, топтасып алып шуылдап, жеті атасының үйінде жүргендей тайраңдайтынды шығарды.

Назарбаев билігі елге кіргізбек болған елу қанша зауыттың қазір нешесі жұмыс істеп тұрғанын білмейміз. Нақты, ашық ақпарат жоқ.

Мұның бәрінің түбі жақсылыққа апармайды. Менің көзіме қазіргі біздің билік тәуелсіз қазақ мемлекетінің көрін қазып жатқандай көрінетін болып жүр.

Ол көр қазылып болғанша, «Дуңхуанды» танып алуға да жағдай жасап қойды.

«ДУҢХУАНЫҢДЫСИЕЙІН» деп қойып, жазбаны бөлісіп, таратып жібергейсіз!» деп жазды Қ.Әбілқайыр.