Алматыдағы тәртіпсіздіктен қанша адам зардап шеккені хабарланды

0

Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 200-ге жуық адам жарақат алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, медициналық мекемелерге 190 адам жүгінген. Олардың 150-і жедел жәрдеммен, қырық шақтысы өздері келген. 40 адам ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде зардап шеккен 7 адам реанимацияда жатыр. Қоғамдық денсаулық басқармасы жансақтау бөлімінде жатқандардың төртеуі полиция қызметкерлері екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, зардап шеккендердің ішінде 137 полиция қызметкері мен 53 бейбіт тұрғын бар. Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты. Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды. Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды. Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы «Алматы Арена» мұз кешені маңына жинала бастаған. Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді. Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды. Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу тағайындалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялар нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталған. Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.