Алматыда Президент саябағы аумағында өрт шықты (видео)
Алматыдағы Тұңғыш президент саябағы жанында жұмысы тоқтап қалған кафе өртке оранды. Төтенше жағдайлар департаменті өртке қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды KZNEWS.KZ порталы. Президент саябағы маңындағы кафелердің бірі өртке оранған сәттің видеосы желіге тарап кетті. Оңтүстік астананың Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 30 қыркүйекте қараусыз қалған «Бунгало» кафесі өртенген. Сағат кешкі 19:44-те Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары Бостандық ауданы, Хан-Тәңірі шағын ауданындағы өртті сөндіруге келіп жеткен. «Оқиға орнына келген кезде жұмысы тоқтап, жабылып қалған «Бунгало» жазғы кафесі өртеніп жатты. Жалын аумағы 280 шаршы метрді құрады. Өрттің тез таралуына ондағы ағаш құрылғылардың көптігі әсер етті. Өрттік оқпандар дереу жеткізілді, цистерналар гидранттарға орнатылып, сумен үздіксіз қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 20 минут ішінде оқшауланды», — делінген ТЖД хабарламасында.
Өртті сөндіруге 50-ден астам жеке құрам мен 13 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 20:22-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
https://www.instagram.com/p/CUcs6MVlLBF/?utm_source=ig_web_copy_link