«Аязда да қар үстінде отыра беруге етім үйренді»: 4 баланың анасы қазақстандықтардан көмек сұрады
Елордадағы «Астаналық» базарының маңында орналасқан Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің алдында таңның атысынан кештің батысына дейін елден көмек сұрап отыратын әйелдің есімі – Раушан. Жасы 54-ке келген Раушан – 4 баланың анасы. Тұрмыстың қиындығынан аязды күні қар үстінде қайр сұрап отыр.
Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Раушан апай Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқанына 10 жылдан асқанын айтты. Алайда, басында баспана түгіл әлі қалада тіркеуі жоқ екен.
«Біздің қалада тіркеуіміз жоқ. Тіркелетін үйіміз жоқ. Қазір Қосшыда, туыстарымның үйінде тұрып жатырмыз. Бір бөлмелі пәтердің ішінде ештеңе жоқ. Көрсеңіз шошисыз. Үйде жейтін тамақ жоқ. Осындай халге жеттім. Құр сөйлеп отыратындардың қатарынан емеспін, сол Қосшыдан сынған аяғыма қарамастан, сүйретіліп осы мешіттің (Ғылмани мешіті – авт.) алдына келіп, көпшіліктен көмек сұраймын. Бәрі балаларым үшін, солардың тамағы үшін», — деп түсіндірді жағдайын Раушан апай.
Үйсіз-күйсіз жүрген бұл кісі – Таразда туған. Мамандығы – бастауыш пәнінің мұғалімі. Алайда, денсаулық жағдайына байланысты жұмысқа шыға алмайды. Жолдасы осыдан 14 жыл бұрын 4 баласымен тастап кеткен.
«Жолдасым тастап кеткен соң, «Хан Шатырдың» айналасындағы қараусыз тасталған ескі саяжайларда тұрдық. Сынған терезенің орнына целлофан жауып, мұздай үйде күн кештік. Еден жудым. Сөйтіп, балаларымды оқыттым. Үлкен қызым да, екінші ұлым да оқыды. 17 жастағы — үшінші балам колледжде, одан кіші 15 жасар ұлым орта кәсіптік-техникалық училищеде оқиды. Олардың оқу ақысын төлей алмай отырмыз. Оқу түгілі жарықтың ақшасын төлемегенімізге жылдан асып кетті», — дейді Раушан апай.
Денсаулығы жоқ, жалғызбасты әйелге әйелге төрт баланы жеткізу оңай соқпаған. Жоқшылық мәселесі аздай, Раушан апай 2019 жылы сұмдық оқиғаға тап болады. Екінші ұлының (29 жаста) аяқ асты мінез-құлқы өзгеріп, үйден шықпайтын болған.
«Менің ұлым жоғары білім алды. «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» факультетінде оқыды. Сөйтіп, елордадағы «Нұрлы жол» вокзалына жұмысқа орналасты. Жүргізуші көлігі де бар. Кішкентай кезінен жоқшылық көріп өсті ғой. Содан көп жұмыс істеді. Тәулік бойы қатарынан жұмысқа шыға берді. 2019 жылдың мамыр айынан бастап үйден шыққысы келмей, ешкіммен сөйлескісі келмей, мінез-құлқы өзгере бастады», — деп, егіліп жылап қалды.
Раушан апайдың ұлына «шизофрения» диагнозы қойылған екен.
«Қазір балам үйде, бір рет психикалық диспансерге жатып шықты. Ол жерден шыққан соң, тіпті өзгеріп кетті. Ол жерге енді мүлдем жақындатқым келмейді. «Мүгедектік» деген сөзден де аулақпын. Менің баламның дені сау. Ана жүрегі сезеді емес пе? Балам тып-тыныш, өзімен өзі. Ешкімге зияны жоқ, бауырларын біледі, жақсы көреді. Тамақ істеп қояды. Жалғыз өзі үйде қала береді. Бірақ, кейде қабырғамен әңгімесіп отырады», — дейді анасы.
Раушан апайдың бар арманы – осы баласын емдеу, үйлендіріп, үйлі қылу екен.
«Балаларымның тамағы тоқ болса, осы жерге келіп отырамын ба? Таразда бірде-бір туысым жоқ. Балаларымның әкесі не істеп жүр, тірі ме, өлі ме, білмеймін. Бар арманым – күнім таяғанша, осы балаларды үйлендіріп, орнықтырып кету», — деді ол басындағы жағдайды түсіндіріп.
Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, әкімдіктің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығына» 2020 жылдың соңғы 9 айында үйі-күйі жоқ 690 адам келіп көмек сұраған. Коронавирустың бірінші толқынында (2020 жылдың көктемінде) бұл орталықты 213 адам күнелткен. Бұл жерге кәмелетке толған азаматтардан бастап егде жастағы адамдарға дейін қабылданады.
Жұмыссыз, мүгедек баласы бар Раушан апай көпшіліктің көмегіне зәру.
«Балаларымның күнделікті тамағын тауып бере алмай қиналатын кездер көп болады. Құрметті журналистер, волонтерлар, қайырымды жандар, сіздердің көмектеріңіз бізге ауадай қажет», — деп өтінішін жеткізді.
Қол ұшын созамын дейтін қайырымды жандар мұқтаж жанға мына телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады: 87025919968 (Раушан апай), 87757065717 (қызы — Динара).