1986-ның айтылмаған әңгімелері: Жазушының Колбинді тығырыққа тіреуі
Камалиденовке әсіресе қатты батқаны өзіне айтылған сын емес, Колбинге жайсыз тиген Сафуанның кейбір пікірлері еді. Өз басы мұндай сындарды естімей жүрген жоқ, үйреншікті жай ғой, ал Колбинге тиген сөздерді ол кешіре алмады.
Сафуан сөзінде «Америкада Хайдер деген ғалым Ақ Үйдің алдында 220 күн бойы жамбастап жатып алып, тамақ ішпей, аштық жариялап, наразылық білдіргенін, ал президент Рейганның оны ұрмай-соқпай, түрмеге, жындыханаға қамамай шыдамдылық білдіргенін айта келіп, ал біз болсақ алаңда бейбіт демонстрацияға шыққан жастарға шыдамдылық, байсалдылық білдіре алмай, соққыға жыққанымыз қалай?» деп сұрақ қойды.
Хатшымызға Сафуанның осыдан кейін Колбинге қойған екінші сұрағы да ұнамай қалды. Сафуан бірінші басшыға:»Комсомол съезінде сіз ұлтшылдықты көп сынайсыз, ал шовинизм туралы бір ауыз сөз айтпайсыз, мұныңыз қалай? Шовинизм бізде бар ма, жоқ па деген сұраққа шовинизм бар, бірақ мен ол туралы сөзімде айтуды ұмытып кетіппін дедіңіз. Осыдан кейін мен Орталық Комитетте ұлтшылдықпен күресудің жоспары бар да, шовинизмнің белгілерімен күресудің нақты шаралары жоқ деген пікірге келдім» деді.
«Қазақ тілін үйренем деп уәде беріп едіңіз, үйреніп жүрсіз бе деген жастардың екінші сұрағына қарқылдап күлдіңіз. Теледидардан осыны көргенде тұла бойым түршігіп, тітіркеніп кеттім. Мен сіздің бұл күлкіңізді түсіне алмадым» деді Сафуан сөзін бітіріп. Осы сөздер Колбиннен гөрі Камалиденовке қатты батты.
Көз алдында бастығын сынап жатқанға қалай шыдасын, ертеңінде-ақ бүкіл Жазушылар Одағының төбесінен әңгір таяқ ойнатып, қатты ашуланды. Совет аудандық партия комитетіне Сафуан Шаймерденовті жазалаңдар, партиядан шығарыңдар деп бұйрық беріпті.
Мен жұмысым болып, Олжасқа кіріп едім, қасында Аманжол Шамкенов отыр екен. Әңгімелерінен ұққаным — жаңа ғана Совет ауданының хатшысы телефон соғып, Шаймерденовтың партиялық мәселесін партбюрода қарап, тиісті жаза қолдануын талап еткен көрінеді. Онымен қоймай, секретариатта да жазушылық мінезі қаралу керек екен. Осы кезде одақтың басқа секретарлары да жиналып қалды. Ақыры ақылдасып шешкеніміз:
Сафуанның өзін шақырмай-ақ, секретариаттың мәжілісінде әңгімелеп, сонымен шектелу керек деп шештік. Партия ұйымында қаралмасын деп ұйғардық.
Бірақ аудандық партия комитеті бой беретін емес, күнде телефон соғып, қайта-қайта Шамкеновты шақырып, Шәймерденовтің мәселесін қарап, шара қолданыңдар деп дікіңдеп, болмай қойды. Аудандық комитеттің екінші хатшысы Тельнов ақыры Аманжолға шынын айтты.
«Орталық Комитеттен Камалиденов пен Смайылов қыстап жатыр. Енді не істеймін. Мені де түсінсеңдерші» деп жалынғандай болатын көрінеді. Осы әңгімелерді құлағы шалған Сафуан ақыры жаңағы Тельновтың өзіне барады. Ол Аманжолға айтқанын Сафуанға да айтыпты «Менің жазығым жоқ, Камалиденов пен Смайыловтың әмірі. Солар талап етіп жатыр» деп.
Оңайлықпен берілетін Сафуан ба, салып ұрып Колбиннің өзіне барған. Барлық жағдайды айтып, пленумда өзін сынағаны үшін, әрі сізге жайсыз сауалдар қойғаным үшін Камалиденов менің партиялық мәселемді қарау керек деп аудандық партия комитетін қыстап жатқан көрінеді. Камалиденовты тәртіпке шақырыңыз депті. Содан кейін ғана барып Камалиденов райынан қайтып, ашуын басты.
Сөйтіп Сафуан қайсарлығымен басын арашалап алды.
@Бекежан Тілегенов, «Тұйық өмірдің құпиясы», 317-319 беттер.
(Мақпал Орынбетованың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)