Домой Басты тақырып 13 ағаш VS 40 мың адам: Тоқаев халықтың үні болған Петицияға жауап...

13 ағаш VS 40 мың адам: Тоқаев халықтың үні болған Петицияға жауап бере ме?

0
655

Естеріңізде болса былтыр қараша айында Алматыдағы Төле би мен Әуезов қиылысының маңындағы ағаштардың кесілуіне байланысты Президент Тоқаев арнайы көңіл аударып, осы дауға араласқан болатын.

Бұл жерде кесілген 13 ағаш. Ал, #НЕТУТИЛЬСБОР Петициясына 40 мыңнан астам адам қол қойып, Қазақстандағы автонарықтың халыққа тиімсіз екенін айтып, мемлекет басшысына хат жазып отыр.

«Еститін ел» концепциясын жолға қойып отырған елдің билігі бұл үндеуге жауап беріп, дұрыс шешім жасайды деген үміттеміз.

«Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.К. Тоқаевқа

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осы 2021 жылдың 4-мамырынан бастап, бір топ қоғам белсенділері мен бизнес өкілдерінің бастамасымен Сіздің атыңызға автокөліктерге арналған шамадан тыс утилизациялық жинақты алып тастау туралы Петиция ұйымдастырылған болатын. (Петицияның мәтінін №1 Қосымшада ұсынып отырмыз).

Қазіргі таңда аталған петиция бірнеше ондаған мың қол жинап, бұған дейін ұйымдастырылған петициялардың арасындағы ең танымал, жаппай сипат алған петиция болды.

Әлбетте, шағын және орта бизнес өкілдерін былай қойғанда, шектен тыс алымдар мен реттеушілік талаптардан зардап шегуші азаматтарымыздың саны бұл сандардан бірнеше есе көп. Ол үшін, еліміздегі өзге елдің тіркеу нөмірімен жүрген автокөліктер санына назар аударып, Қазақстан мен өзге көршілес мемлекеттердегі автокөлік бағаларын салыстырса жеткілікті.

Осыған байланысты, утилизациялық алымды қолдану механизміне жіті назар аудару қажет. Себебі, автоөндірістің дамуы туралы ресми ақпарат пен қажеттілікті қамтамасыз ету мәселесі шындықтан әлдеқайда алшақ. Мұны Қазақстандық автобизнес ассоциациясының (ҚАБА) Қазақстанда құрастырылатын көліктердің негізгі бөлігі өзімізде өндіріледі деп мәлімдеп алып, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) отырысында бұл бағытта Ресейден ондаған жылға артта қалып отырғандықтарын мойындағанынан байқауға болады.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мемлекеттік сатып алуларға арналған отандық өндірістердің ортақ шарттарына бағытталған 2021 жылғы 2 сәуірдегі №23-4-22/с хаттамасында (№2 Қосымша) ҚАБА – еліміздегі «Автокөлік құрастыру» өндірісін толық «Автокөлік жасау» өндірісіне айналдыру үшін 30 жыл уақыт, яғни, 2051 жылға дейін уақыт беруін сұрады. Сондай-ақ, «… қазіргі таңда локализацияны тереңдетудің, яғни көліктің негізгі бөлігін өндірудің экономикалық пайдасы жоқ…» деп мәлімдеді (№2 Қосымша). Бұл ЕЭК сайтындағы көптеген хаттамалардың бір бөлігі ғана.

Дәл осы жерде осы отандық өнімді локализациялау, яғни көліктің негізгі бөлігін өндіру – утиль жинақты енгізудің негізгі себебі болғанын айта кету керек. Оған қоса, жергілікті қамтудың жеделдетіп артуы – автокөлік бағасының теңгеге шаққандағы бағамының тұрақты болуына әсер етіп, утиль жинақ көлемін жиі арттырмай, көлік бағасының қымбаттауын тежер еді.

Сондықтан, бұл саясаттың тиімділігін сараптап, қоғам мен адал кәсіпкерлердің не жоғалтып отырғанына әділ баға берілуі аса маңызды. Атап айтқанда, жергілікті қамтудың пайызын мүдделі тараптарға ыңғайлы әдіспен емес, жалпыға тән әлемдік стандартпен есептеу қажет. Іс жүзінде бір ғана компанияның 30 пайыздан 60 пайызға дейінгі жергілікті қамтумен автокөлік пен ауылшаруашылығы техникасының бірнеше маркасын шығаруы күдік туғызады. Істің бұлай жүргізілуі – ат төбеліндей ғана жеңілдік жүейсін пайдаланушыларға тиімді емес пе?

Қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымы да қашан пайда болары белгісіз. «Оператор РОП» ЖШС мен оны бақылайтын министрлік ашық жұмыс жасаймыз деп мәлімдегеніне қарамастан, бар қызметтерін қоғам назарынан барынша жасыруға тырысады. Мысалы, оператордың сайтынан өзі өткізген барлық мемлекеттік сатып алулардың нәтижелері алынып тасталған.

Біз жоғарыда қордаланып қалған мәселелердің шұғыл шешімін табуы тиіс бір парасын ғана көрсеттік. Утильжинақ 6 жылдан бері жиналып келе жатса да, біз оның жиналуынан экономика, экология және азаматтардың дәулеттілігіне тек зиян келіп отырғанын көріп отырмыз. Үкімет жауапты министрліктер арқылы аз ғана автоқұрастырушылардың мүддесін қорғап, сол әрекеті арқылы қоғамның негізгі бөлігінің наразылығын тудырып отыр.

Жоғарыда аталған мәселелерге сәйкес, Сізден осы мәселеге жіті назар аударып, мемлекеттік органдарға төмендегідей тапсырма беруіңізді сұраймыз:

  1. Отандық тауар өндірушілерді жинақталған утилизациялық алым есебінен қаржыландырудың мақсатқа сәйкестілігіне сараптама жасап, 6 жылда экономикаға тигізген зардабына әділ баға беру.
  2. Локализация ережелеріне жасалған өзгерістерге сараптама жасап, автокөлік саласын қамтамасыз етуге бағытталып, жүзеге аспаған инвестициялық жобаларға тексеріс жүргізу.
  3. Утилизациялық алымның ел экономикасына келтірген шығыны мен пайдасына сыни сараптама жасайтын қоғам өкілдерімен арнайы кездесу өткізу.
  4. Автокөлік пен ауылшаруашылық техникасына жиналатын утилизациялық алымды алып тастауға шешім қабылдау.

Аталған мәселеде бізді қолдайсыз деп сенеміз!»