Жомарт жүректі азаматтар | | Ortalyq.kz

0


Оқылды:
7

Атырау қаласында өткен қайырымдылық ұйымдары, меценаттар мен донорлардың республикалық форумында облыстық мәслихат депутаты, білім меценаты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ пен «ASYL ADAM» қорының негізін қалаушы Көңілбай ШҮКЕНОВКЕ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жомарт жан» төсбелгісі табысталды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қос азаматтың да елге сіңірген еңбегі орасан зор. Еңбек жолын жүк тасушы болып бастаған Бекзат Алтынбеков кәсіпкер атанып, ісі өрге домалаған тұста адамдық қасиетін жоғалтып алмады. Қайта, айналасындағы жандарға барынша қамқорлық танытып, өңірдің гүлденуіне сүбелі еңбек сіңірді. Қарағанды жеріндегі жетім балаларға көмек көрсету, халықтың әл-ауқатын жақсарту, әдебиет пен мәдениет, өнер салаларын дамытуға қатысты ұйымдастырылған қайырымдылық шараларда міндетті түрде Бекзат Алтынбековтің есімі аталады. Атымтай жомарт, Білім меценаты атанған азаматтың қамқорлығымен талай дарынды балалар тегін білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуде.

«ASYL ADAM» қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкенов те жас та болса талай жанның алғысын алған азамат. Жақсылық жасауды жанына серік еткен азамат баспанасыз жүрген қаншама жанға қолдау көрсетіп, талай шаңырақтың шаттыққа бөленуіне ықпал етті. Осы күнге дейін «ASYL ADAM» қорының демеушілігімен баспаналары апатты жағдайда тұрған 35 отбасының үйі қалпына келтірілді және төрт отбасыға жаңа баспана салынды.

Айта кетейік, «Жомарт жан» төсбелгісі 2017 жылдан бастап еліміздегі қолы ашық, кең жүректі азаматтарды дәріптеу, олардың ісін халыққа жеткізу мақсатында табысталуда.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз