Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу

0
210

100 қадам: Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу

Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған 100 нақты қадамның 98-қадамында селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу көзделді. Сонымен қатар, облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істеу керектігі айтылды.

Бұрын Қазақстан Республикасының Бюджеттік жүйесі 3 деңгейден тұрса, қазір 4 деңгейден тұрады:

1-деңгей: Республикалық бюджет;

2-деңгей: Облыстық бюджет, Республикалық маңызы бар қаланың бюджеті және Астана бюджеті;

3-деңгей: Аудан бюджеті, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті;

4-деңгей: Ауылдық округтің, кенттің және аудандық маңызы бар қалалық бюджеті.

Бюджеттің соңғы 4-деңгейі екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Біріншісі, 2018-жылдан бастап тұрғындардың саны 2000-нан асатын, ал 2020-жылдан бастап жаппай барлық жерге мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізілетін болады.

Дербес бюджет ауылдық округтер үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Жаңа бюджет жаңа міндеттерді жүктейді. Ауылдық округтерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету және білікті мамандармен толықтыру сұрақтары бірінші орында тұр.

Осы орайда, бірқатар Заңдарда өзгерістер мен толықтырулар орын алды.

Мысалы, Бюджет кодексінің 8-тарауына толықтыру жасалып, 52-1-бабы бойынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттеріне түсетін түсімдер анықталды.

Мыналар аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттеріне түсетін салықтық түсімдер болып табылады:

аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағында мемлекеттік кіріс органдарында тіркеу есебіне қою кезінде мәлімделген жеке табыс салығы;
– аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағындағы осы салықты салу объектілері бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
– аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағындағы жер учаскелері бойынша жеке және заңды тұлғалардан алынатын, елдi мекендер жерлерiне салынатын жер салығы;
– тұрғылықты жері аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағындағы жеке тұлғалардан;
– көлік құралдары салығы;
– сыртқы (көрнекі) жарнама.

Осы секілді аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттеріне түсетін салықтық емес түсімдер де анықталды. Сонымен қатар, Салық және Азаматтық кодекске, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту – экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқат пен азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір шарты», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Маңызды сұрақтарды шешуде тұрғындар да белсенді ат салысуы керек, билік халықтың пікірін тыңдап, ескере білуі керек. Сол кезде халықтың билікке деген сенімі арта түседі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін дұрыс және тиімді пайдалану үшін әкімдердің білімі жоғары деңгейде болуы тиіс. Сол мақсатта ауыл әкімдерінің қатысуымен республикалық форум, әр облыста ауыл әкімдерінің форумы және әкімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру үшін арнайы семинарлар өткізілді.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу арқылы елді мекендерді көгалдандыру, ауылдарды сумен жабдықтау, көшелерді күтіп ұстау, автомобиль жолдарын салу және т.б іс-шаралар орындалып жатыр.