Желтоқсанның мұзда жанған алауы » Қазақстан ұстаздарына арналған

0

Желтоқсанның мұзда жанған алауы
Жамбыл облысы, Меркі ауданы
№20 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің
информатика пәнінің мұғалімі
Малдыбаева Бағила Үсенқызы

Тақырыбы:Желтоқсанның мұзда жанған алауы

Мақсаты:
Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, оқушыларғажелтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету.
Оқушылардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту.
Елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік: Интербелсенді тақта, желтоқсан құрбандарының суреті,
Н.Ә. Назарбаевтың портреті.
І. Кіріспе .
-Қазақстан Республикасының гимні. Хор

Мұғалім сөзі
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.

Құрметті оқушылар, ұстаздар! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, қазақтың туын ең алғаш көтерген тәуелсіздік күніне арналған «Желтоқсанның мұзда жанған алауы» атты, ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз!
Қазақ халқы 1986 жылдың желтоқсанында тар жол, тайғақ кешуден өтті. Жанартаулар бұғып жатып, бір күнде атылады. Сол сияқты 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы да қазақтың басы бірігіп бір жұдырықтай жұмылған әрі бақытты, әрі қайғылы күн еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпейді.
ІІ. Миға шабуыл
Мұғалім: Балалар сендер желтоқсан оқиғасы жайлы осы уақытқа дейін естулерің бар ма?
Олай болса, осы оқиғаға байланысты мен сендерге бірнеше сұрақ қойғалы отырмын.

-Балалар, қалай ойлайсыңдар 1986 жылы 16 желтоқсанда Брежнев атындағы алаңға жастар мен студенттер не үшін жиналып еді?
Оқушылар: үкімет басына Колбиннің келуіне наразылық білдіру үшін.
Мұғалім:
Колбинге неге қарсы шықты?
Оқушылар:Қазақстанда қазақ мектептері мен бала бақшалары азая бастады. Қазақтар өз ана тілін ұмыта бастады.
Мұғалім: Колбин қайдан келген?
Оқушылар: Колбин Ресейден келген болатын.
Мұғалім: Брежнев алаңы қазір қандай алаң?
Оқушылар: Республика алаңы.
Мұғалім:Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіздер?
Оқушылар: Өз алдына дербес, еркін мемлекет, яғни ешкімге тәуелді болмай, ішкі – сыртқы мәселелерді өздерінің шеше алатын мүмкіндігі болуды – тәуелсіз мемлекет дейміз.
Мұғалім: біз тәуелсіздігімізді алдық па?
Оқушылар: Иә, қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз.
Мұғалім: Тәуелсіз мемлекет атануымызға кімдердің еңбегі сіңді?
Оқушылар: Қайрат Рысқұлбеков, Ербол сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты үлкен азаматтардың.
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар балалар! Ал енді бір сәт желтоқсанда шәйт болған құрбандарымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық.
Желтоқсан құрбандарын еске алайық (1-минут үнсіздік)
Олардың ерлігін, не үшін алаңға шыққандығын көпшілік алдында айта кетсек артық болмас..
1986жылы желтоқсан таңы осылай атқан еді. Таңертең Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Жастардың алаңға шығуы 1986ж 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д.Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Колбинді сайлады. Колбин Қазақстанда тұрмайды, онда қызмет етпеген. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Жастар шеруі желтоқсан айының 17-18 күндері болды..
Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,-деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды Бұл оқиға сол себепті де тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды.
Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түсіп, құрбан болғандар өте көп, солардың бірі Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқа қазақ жастары.
Ал енді осы желтоқсан оқиғасынан бейнеқойылымға назар аударайық

Желтоқсан оқиғасынан соң 99 адамның сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілгені, соның бірі қаршадай Қайрат болғандығы баршамызға мәлім. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, өлім жазасы жиырма жыл кесімге ауыстырылған болатын. Бірақ өкінішке қарай, Қайрат арада бір ай шамасында, нақтылап айтсақ 21 мамырда Семей түрмесінде 21 жасқа қараған шағында қолына кісен салынып, оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді.
Сәбираның оқу орнында ата-анасын шақырып үлкен жиналыс өткізеді. Ұзақ кінәлап, жала жауып «Қызыңыз тентекгенсіз» деген ұстаздарының сөзі жанына аяздай батты Ақ самайлы анасын аяды.
Күтпеген жерден: «Бәріне кінәлі мен, жазалаңдар мені. Оларды оқу орнынан қумаңдар! Шеруді де мен ұйымдастырдым. Бәріне мен жауап беремін» ,- деп кесіп айтқан сөзінен жиналғандар сілтідей тынды. Сәбира жиналысты тастай, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Сол бойымен намысшыл қыз жатақханасының бесінші қабатынан секіріп кетті. Оның өмірі ерте үзілді. Семсердей өткір айтқан сөздері ол оқыған оқу орнынан бірде бір қазақ қызын қудалатпай, оқуынан қудырмай, жала жапқызбай сақтап қалды.
Ләззаттың өлімінде үлкен құпия бар. 1985 ж. Алматыда П.Чайковский атындағы музыкалық учелищеге оқуға түскен. 16 жастағы Ләззат 1986 жылы училищенің екінші курсында оқып жатқан еді.Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық уч-ще жатақханасынан табылған , ол жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген деген қауесет таратылған. Ләззатты жерлеу кезінде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 1996жылы 9-желтоқсан Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен «Алтын жұлдыз» тапсырылса, Сәбира, Ләззат, Ерболға тағы басқа желтоқсанға қатысқан жастарға «Желтоқсан қаһарманы» атағы берілді.
Ал енді осы желтоқсан оқиғасына байланысты оқушылардың тақпақтарын тыңдайық.
Ернұр:
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсам деп талпындың.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы.

Жандарбек:
Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік желтоқсанмен бітпейді.
Тәуелсіздік күресі енді басталды.

Асқар:
«Нашақор»-деп, «ұлтшыл»-деп,
Қазаққа күйе жаққан күн,
Базары кетіп, бір түнде
Қайғыға халық батқан күн.

Назерке:
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты ұшқан күн.
Жанына таппай бір шындық
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.

Бауыржан:
Ерлігіңе қуанам да, сүйінем,
Қайрат аға рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына ах ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйіне.

Мұғалім: Осы желтоқсан оқиғасына байланысты қандай ән бар?
Оқушылар: Желтоқсан әні
Мұғалім: Олай болса, балалар, «Желтоқсан» әнін бәріміз орындайық.
Мұғалім: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 1996жылы 9-желтоқсан Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен «Алтын жұлдыз» тапсырылса, Сәбира, Ләззат, Ерболға тағы басқа желтоқсанға қатысқан жастарға «Желтоқсан қаһарманы» атағы берілді және ескерткіштер орнатылды.
1986 жылғы оқиға халқымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке бастама болды.Қазақ халқының жанашыр жастарының арқасында тәуелсіздік күніне де жетті.
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Бұл күн — Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Қазіргі кезде біз ашық аспан, жарық күн сәулесі түсіп тұрған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біздің өзіміздің туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз, өз конституциясы бар Егеменді Қазақстан мемлекетіміз.
-Енді оқушылардың тәуелсіздік мейрамына жаттаған тақпақтарын тыңдайық.
Оқушылар тақпақтары
Ал енді балалар ЕЛІМІЗ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?/ СҰРАҚТАР/
1. Біз Тәуелсіздігімізді қашан алдық? (1991 жылы, 16 – желтоқсан)
2. Биыл Тәуелсіздігімізге қанша жыл? (23)
3. Елбасымыз кім? (Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев)
4. Қазақстанның астанасы, бас қаласы қайсы қала? (Астана)
5. Тұңғыш Президент күні қай күн? (1 – желтоқсан)
6. Еліміздің негізгі заңы, басты құжаты? (Конституция)

/Көк тудың желбірегені әнін бейнеқойылымнан тыңдау/

ІІІ. Қорытындылау.
Ал енді сабақты қорытындылай келе, өзіміздің үй тапсырмасы бойынша «Менің Қазақстаным» тақырыбында салынған суреттеріміз жайлы өз ойларымызды ортаға саламыз.
Оқушылар ойын тыңдау

Мұғалім: Сендер Отанымыздың ұрпақтарысыңдар. Жақсы оқып,үлгілі, тәртіпті болыңдар. Өз елің мен жеріңді көркейтіп, қазақстанның намысын қорғайтын келешек ұрпақтың ақылшысы, тірегі болыңдар!
Ал құрметті қонақтар осындай әдемі тілектермен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Сіздерге тағыда мейрамдарыңыз құтты болсын. Аспанымыз ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін!