Жазудың пайдасы бар ма
1. Хаттың адам денсаулығына пайдасы
Көптеген зерттеуде хат бақыт гормонын бөлуге себепші болатыны дәлелденген екен. Хатты жазған адам да, оқыған адам да осы гормонның әсерінен көңіл-күйі көтеріледі. Экспрессивті хаттың ең жиі кездесетін үлгісі – күнделік жазу. Бұл «хаттың» кімге аманаттайтыныңыз белгісіз болса да, берер пайдасы мол. Қолмен жазылған бастан өткен жағдай адамға терапиялық жайлылық сыйлайды.
Аман-саулық сұрасып, мәселені талқыға салған хатқа қарағанда, сезім мен сағынышқа толы хаттар күйзеліс деңгейін түсіреді. Өз ойын жаза алмайтын адам ауызша да айтарын жеткізе алмайды. Ауызша сөйлегеннен гөрі жазбада ой нақтылана түседі, қайталанған және басы артық сөздер көзге көрініп тұрады. Ал ауызшада сөйлемнің құрылысынан гөрі мағынасына көп көңіл бөлініп кетеді, демек, жазу өнері дұрыс сөйлеуге септігін тигізеді.
Америкалық зерттеуші Лора Кинг (Оңтүстік әдістемелік университет) арман-мақсат, жетістіктерін жазатын адамдар өзгелерге қарағанда бақыттырақ және денсаулықтары да әлдеқайда мықты болатынын айтады. Зерттеу барысында жұмыста күйзеліске ұшырай беретін қызметкерлер бірнеше күн күнделік жазған соң, өздерін жайлы сезінетін болған, ал жұмысқа деген ынталары 29%-ға артқан.
Оған қоса, жазу өзгелерге қиын мәселелерді, күрделі идеяларды жеткізу үшін керек. Ойыңыздағы ақпаратты қағазға түртіп жүрсеңіз, «Басымда бәрі тұр, жеткізе алмай тұрғаным» деген сылтаудан құтқарады.
2. Жазу қиын сәттерді тез өткеруге көмектеседі
Жақында жұмыстан шығарылған инженерлер арасында зерттеу болған екен. 8 айдан кейін ғана олардың 52% толық күнге жұмыс тапқаны белгілі болған және сол инженерлердің арман-мақсатын үнемі қойын дәптеріне түсіріп жүретіндері белгілі болған. Олар бұрынғы жұмыс берушісіне деген ренішін тез ұмытқан, ашуы да тез тарқаған, өзгелер секілді ішімдікке салынбаған.
Жұмыссыз деген атқа қалған кезден бастап, оларды тыңдайтын жан болмаған, олар да елмен араласқысы келмеген екен. Отбасына асырау, балаларға қажет дүниелерін әперу, оларды өзгелерден кем қылмау деген секілді ойлармен бастары қатқан жұмыссыздар мақсаттарын күнделіктеріне үнемі жазып отырған екен. Өзгеден кеңес сұрамай, өз-өздері аяқтарынан тұрып кеткен.
Жүрегіңізге аса ауыр тиетін жағдайларды жазып отырсаңыз, жеңілдейсіз. Біреуге айтқанға қарағанда күнделікке түсірген абзал. Ол адамның реакциясы қандай болады, ол қандай кеңес береді, «жығылғанға – жұдырық» демекші, жараңызға тұз себетін «ақыл» айтса, керегі не? Жазуда да біраз шыңдаласыз, өз-өзіңізді үйретесіз.
3. Жазу қанат бітіреді
Тағы бір зерттеуде жазатын адамдардың жігері мықты болатыны дәлелденген. Өмірінде болып жатқан оқиғаға орай өз-өзіне сәттілік тілейтіндер көп екен. Сырқаттанып жүргендері ойларын «мен әлі сауығып кетемін», «мен жеңемін» деген секілді жігерлі сөздермен аяқтайды екен. Ал үлкен жетістікке қол жеткізгендері «Бұл – тек бастамасы ғана» деп, көпке әлі келетінін жазған. Бірақ, мұны күнде жаза берсе, дәмі кетеді. Сондықтан, өміріңіздегі өзгеріс көзге бірден түспейді. Бұлай жазуға міндетті түрде бір жағдай әсер етеді екен.
4. Жазу кезінде ми «жинақталады»
Қарапайым мысал келтіріп көрейік, браузерге кіріп отырып, бірнеше бет ашып қойдыңыз дейік. Компьютеріңіз қызметін баяулатып, хабарламалар оқылмай, мазаны алып жата ма? Мида да сондай ақпараттық беттер ашылып отырады. Қайсысына қарарыңызды білмей, неден бастарыңызды білмей отырып қаласыз. Ал егер сол беттерді параққа жазып отырсаңыз, көз алдыңызда қажеттісін таңдап, артығын сызып отырып, мәселені тез шеше аласыз.
5. Сын қабылдауға үйретеді
Қазір әлеуметтік желіде адамдар өз пікірін, ойын еркін жаза береді. Талғамда талас жоқ: оның ойына қарсы келгендер немесе жазбасына сын көзбен қарағандар неше түрлі пікір қалдырып кетеді. Осы ашық алаң оның сөз саптауын, өз ойынан айнымайтынын көрсетеді. Дәл осы жерде сынға төтеп бере алатындай тәжірибе жинайды. Беталды жаза беру де мәдениеттілерден емес.