Жаттығу алдында жеуге болмайтын тағамдар мен жеміс-жидектер

0
344

Жаттығу алдында жеуге болмайтын тағамдар мен жеміс-жидектер

Жаттығудың нәтижелі әрі сәтті өтуіне түрлі факторлар өз әсерін тигізеді. Мотивацияның болмауы, жаттығуды дұрыс жасай алмау, уақыттан кешігу мен көмекші адамның жоғы да кедергі болуы мүмкін. Тіпті көңіл-күйдің өзі көп рөл атқарады. Ал тамақтанудың жөні бір басқа.

Жаттығу алдында 1,5-2 сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Одан кеші кеш не жаттығуды кеш бастауыңызға тура келеді. Себебі тамақтана сала жаттығу жасау қиын әрі ағзаға көп күш түсіреді. Дегенмен физикалық жаттығу алдында аздаған жеңіл тағамдарды тұтынуға болады.

Тамақтану спортшы үшін де, әуесқой жан үшін де маңызды. Жаттығудың өнімділігі мен нәтижелі болуы ішкен асыңа байланысты. Бұл жайында осыған дейін жазғанбыз. Бүгінгі айтпағымыз, жаттығу алдында жеуге болмайтын тағамдар мен жеміс-жидектер жайлы.

Қуырылған тағамдар

Майлы қуырылған тағамдарды жегеннен кейін асқазанда қыжыл пайда болуы мүмкін. Дәмі ауызға келіп, құтыңды қашыратыны тағы бар. Бұл жаттығу жасауға басты кедергілердің бірі. Сондықтан да жаттығу алдында қуырылған майлы тағамдарды жеуден бас тартыңыз.

Ащы тағамдар

Ащы тағамдар ағзада зат алмасу процесіне көп көмегін тигізгенмен, жаттығу алдында жемегеніңіз абзал. Бұл да асқазандағы қыжылға себепкер болуы мүмкін. Асқазан үшін жаттығу кезінде тағамды қорыту да қиын.

Қуырылған жұмыртқа

Жұмыртқа адам денсаулығы үшін аса пайдалы болғанмен, жаттығу алдында бас тартуға тура келеді. Себебі құрамында ақуыз мол болса да, жаттығу алдында көмірсуы көбірек тағамдарды тұтынған жөн.

Бұршақ тұқымдастар

Бұршақ тұқымдастардан дайындалған тағамдар да жаттығуға кедергі болуы мүмкін. Қалай дейсіз ғой? Мұндай тағамдардың құрамында ақуыз бен диеталық талшықтар мол болады. Бұл іштің кебуіне себепкер болуы мүмкін. Дегенмен адамның ағзасына байланысты. Не де болса, жаттығу алдында бұршақ тағамдарынан бас тарта тұрған дұрыс.

Шаршыгүлділер тұқымдасы

Асқабақ және орамжапырақ тұқымдасты көкөністер кейде шаршыгүлділер тұқымдасы деп те аталады. Бұл енді аса маңызды емес. Маңыздысы – жаттығу алдында қайсысын жеуге болмайды…

Жаттығу алдында брокколи мен орамжапырақты жемеген жөн. Бұлар да бұршақ тұқымдастар секілді ішті кептіріп, энергияның тез жоғалуына себепкер болуы мүмкін. Дұрысы, бұл көкөністерді жаттығудан кейін жеген пайдалы.

Авокадо

Авокадо – ағза үшін аса пайдалы жеміс. Онда бет терісінің жас қалпын сақтайтын «Е» дәрумені бар. Сондай-ақ жүрек талмасының алдын алып, күйзеліспен күресуге көмектесе алады және терінің тез жазылуына әсер етеді.

Бұл жемісті жаттығу алдында жемеген жөн. Жоғары құнарлылығы салдарынан ағза әлсіреуі мүмкін. Себебі бар күш жемісті қорытуға кетеді.

Алма

Жаттығу алдындағы қажетті көмірсуға бай жемістің бірі – алма. Бірақ көп жеуге болмайды. Жемегенің де жөн. Себебі алма құрамында көмірсуден бөлек қышқыл да бар. Пектин мен жасұнық ішті кептіріп, асқорытуды кешеуілдетеді. Ең дұрысы жаттығудан кейін жеген жөн.

Бадам (миндаль)

Бадам құрамында адам ағзасына пайдалы май түрлері көп. Жаттығу алдында емес, кейін жеген пайдалы. Әйтпесе іш ауырып, өзіңді жайсыз сезінуің мүмкін.

Балмұздақ

Құрамында май көп болатындықтан жаттығу алдында балмұздақты да жемеген жөн. Құрамындағы түрлі дәмдеуіштер мен қанттың көп мөлшері ағзаның жаттығу кезіндегі жұмысына кедергі болады.

Газдалған сусындар

Газдалған сусындар көбіне іштің кебуіне себеп болады. Сондықтан да жаттығу кезінде өзіңді жайсыз сезінесің. Жаттығу алдында шөлдесең, газдалмаған су ішкенің жөн.

Коктейль протейндер

Коктейль протейндер ағзаны қалыпқа келтіруге арналған. Оны жаттығу алдында ішудің пайдасы жоқ.

Алкоголь

Алкогольді ішімдіктерді ұрттап алып, жаттығу жасаудың түк те пайдасы жоқ. Жаттығуларды дұрыс орындамақ түгіл, тепе-теңдік сақтай алмай жарақат алып қалуы да мүмкін. Сондықтан ішіп алып, жаттыққалы жатқан танысыңызды көрсеңіз тоқтатуға тырысыңыз.

Кофе

Кофе көп жағдайда көмектескенмен, жаттығу алдында ішудің қажеті жоқ. Әсіресе латте, макиато мен капучино секілді түрлерін ішпеген жөн. Құрамындағы сүт тағамдары мен қант асқазан жұмысына керіс әсерін тигізеді.

Жаттығу алдында қалай тамақтану керек?

Жаттығу алдындағы тамақтану, ең бірінші сіздің қанша уақыттан бері жаттығып келе жатқаныңызбен байланысты. Егер сіз жаттығуды енді ғана бастағалы отырсаңыз, ақуызы мол, дәрумендерге бай тағамдармен тамақтануыңыз қажет. Таңда жүгіретін болсаңыз, ақуызы мол тағамдарға қайнатылған жұмыртқа, омлет, майы алынған айран және сырды дастарқаныңызға қойғаныңыз дұрыс.

Егер сіз кәсіби түрде жүгірумен айналысып жүрген болсаңыз, ақуызы мол тағамдармен қоса түрлі жеміс-жидектермен және қуат беретін дәрі-дәрмектерді де мөлшерімен пайдалансаңыз болады. Бұл сәтте дәрігер немесе бапкер ақылын серік еткеніңіз дұрысырақ.

Жүгіруге бір жарым сағат уақыт қалғанда көмірсулары мол тағамдармен тамақтануға кеңес береміз. Олардың қатарына шоколад, кептірілген жеміс-жидектер, макарон, күріш пен балды жатқызуға болады. Аталған тағамдар денеге қажетті қуатты қамтамасыз ете алады.

Ал сіз жаттығу алдында не жейсіз?