Жасын жасырған футболшы немесе жанкүйерлердің күдігі

0

Жасын жасырған футболшы немесе жанкүйерлердің күдігі

Спорт әлемінде қызықтар көп. Бірін көрсек, бірін естіп, енді бірін баспасөз беттерінен оқып жағамызды ұстаймыз. Сондай ақпараттарымыздың бірі Үндістанда жасын жасырып, рекорд жасаған ойыншы жайлы болмақ.

Жуырда Үндістан чемпионатында жанкүйерлер күтпеген қызықты оқиға болды. «Джамшедпура» клубының шабуылшысы Гурав Мукхи 16 жасында жоғары біріншілікте гол соқты. Бұл нәтижесі ең жас ойыншы ретінде рекорд болып тіркелді.

Футболшының түріне қарасаңыз, кәмелеттік жасқа толмақ түгіл, отызға таяған жігіт ағасы дерсің. Кейіннен белгілі болғандай, оның жасы 16-да емес, 28-де екен.

Жасын жасырып жұртты алдаған футболшы Үндістан футбол федерациясы тарапынан жазаға тартылды. 6 ай жарыстардан шеттетілген. Сондай-ақ жастар құрамасы сапынан шығарылды.

Футбол тарихына көз жүгіртсек, жасын жасырмақ болған ойыншылар аз емес. Жасырып жүргендері қаншама? Мұндай қадамға баруларына себеп те жоқ емес. Яғни команда тауып, келісімшартқа қол қойып жалақы алу үшін де жасқа қарайды. Атағы шықпаған, жасыл алаңдағы тәжірибесі аз, танымал лигаларда доп теппеген ойыншыны қай клуб ала қойсын? Сондықтан да футболшылар осындай қулыққа барады. Бұл жәйт, әсіресе тұрмыс деңгейі төмен елдерде, солардан шыққан ойыншылар арасында көп кездеседі.

2014 жылы «Лацио» жастар командасының ойыншысы Джозеф Миналаға қатысты дау жанкүйерлер есінде болар. Жартылай қорғаушы «Ромаға» қарсы ойынның кеңейтілген құрамына енген. Осы сәттен бастап жанкүйерлер Миналаның түріне қарап таңданған. Командаластарынан әлдеқайда ересек көрінетін ойыншының жасы 17-де екеніне ешкім сенген жоқ. Қазақтың сөзімен көркемдеп айтсақ, ата сақалы аузына түскен дерсің… Кейіннен Senego порталында жасы 42-де екені жайлы ақпарат жарияланған. Осы жаңалықтан кейін футболшы бір сәтте әлемге мәшһүр болды. Бірақ жасы 40-тан асқанын мойындаған жоқ. Италиялық клуб пен медициналық қызметкерлер де ойыншының жасы сәйкес келетінін ресми түрде растады. Әлі күнге дейін бұл ойыншы «Лационың» негізгі құрамына іліге алмай келеді. Әр клубта уақытша ойнап жүр.

Жасын жасырды деп айыпталған футболшылардың бірі – Обафеми Мартинс. Бұл футболшының мансабы жарқын. Тек артынан жасына байланысты сөз ергені болмаса. Әйтпесе әлем білетін Еуропаның «Интер» (Италия), «Ньюкасл» (Англия), «Вольфсбург» (Германия) пен «Леванте» (Испания) клубтарында доп тепкен. Мұхит асып АҚШ-тың «Сиэтл Саундерс» командасында ойнаған. Қазір Қытайдың «Шанхай Шэнхуа» клубы жейдесінде өнер көрсетіп жүр.

Обафеми Мартинстің жасына қатысты дау 2006 жылы Нигерия футбол федерациясы сайтында жазылған деректен басталды. Онда футболшы 1984 жылғы емес, 1978 жылғы деп көрсетілген. Мұны байқаған ойыншы өкпесін айтып, ұлттық құрамаға бармауға да бекінген. Кейіннен жауапты мамандар кешірім сұрап, айыптарын жуып шайған-ды. Дегенмен жанкүйерлер ойыншының жасына расымен күдіктеніп қалғаны рас.

2013 жылы Football Italia басылымы Белградтың «Партизан» клубын басқарған Жарко Зечевичпен болған сұқбатты жариялады. Онда бұрынғы клуб басшысы футболшы Тарибо Уэсттің жасына қатысты ашық мәлімдеме жасаған.

– Тарибо біздің клубқа ауысып келгенде 28 жаста емес, 40-та екен. Біз оны кейін білдік. Дегенмен қатты қобалжыған жоқпыз. Өйткені тәжірибелі ойыншы командада ойнап кете алды, – дейді.

Италияда бұл сұқбат ұзақ талқыланды. Себебі ол «Интер» мен «Милан» клубтарында ойнаған. Егер ақиқат болса, ол миландық командалармен келісімге келгенде 23-те емес, 35-те болғаны. Алайда «Интер» командасының бұрынғы жаттықтырушысы Джиджи Симони мұны теріске шығарады.

Иә, жасына қатысты дау болған, күдікке ілінген футболшылар аз емес. Олардың қатарында Радамель Фалкао (Колумбия), Эммануэль Эменике (Нигерия), Алан Дзагоев (Ресей) сынды футболшылар бар. Тіпті ивуарлық футболшы Ласина Траоре жасын қысқартпақ түгіл, аты-жөнін өзгертіп алған деген де деректер бар.


Дереккөз: https://massaget.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз