Жаңа жылға арналған ойындар, ойындар, ойын, балаларға арналған ойын

0
Жаңа жылға арналған ойындар

Шарды жару
Бұл ойынның шарты қарапайым. Алдын ала үрленіп қойылған шарлар дайындалып, ортаға бірнеше жұп шақырылады. Әр жұптың арасына шар қойылып, оның жерге түсіп қалмауын балаларға ескертеміз. Музыка қойылып, би басталады. Ойынның шарты: билеп жүріп шарды қолдың көмегінсіз жару, яғни қыз бен бала шарды бір-біріне итеріп жарады. Бұл ойын көңілді, әрі қызықты өтеді.

Жіпті қию
Бұл ойында жіпке түрлі заттар ілінеді. (Мысалы: түрлі кәмпиттер, ойыншық, қалам, түрлі сыйлықтар.) Бала ортаға шығады, жүргізуші оның көзін матамен байлап, бірнеше рет айналдырады да, қолына қайшы береді. Ойыннның шарты бойынша ол көрмей қайшымен жіпке ілінген затты қиып түсіруі тиіс. Әрине жүргізуші мен басқа балалар оған аздап көмек берулері тиіс. Затты қиып түсірген кезде оның көзі шешіліп оған сол зат сыйлық ретінде беріледі.

Сурет салу конкурсы
Балалар екі топқа бөлінеді. Олардың алдында екі мольберт қойылып, қағаз бекітіледі. Екі топқа бірдей сурет салу керек болады. (жүргізуші айтқан кезде бастайды) Ойынның шарты: әр топтағы бала тек суреттің бір жағын салу керек. Түсінікті болу үшін мысалға доңыздың суретін салу тапсырылады. Әр топтың қатысушылары өздерінше ақылдасып алады, мысалы: Анар жануардың басын салады, Нұрай оның денесін салады, Болат құйрығын т.б Ойында суретті бірінші болып жылдам, әрі сапалы салып шыққан топ жеңіске жетеді.

Бәрін еске алу
Билеп болып, үстел басына отырғаннан кейін қонақтар мына байқауға қатысады. Жүргізуші жаңа жылға байланысты барлық заттарды еске түсіруді ұсынады. Қонақтар кезекпен шырша, Аяз ата және т. б. туралы айтады. Кім соңғы болып айтса, сол жеңеді.

Мандаринмен эстафета
Қонақтар екі тапқа бөлінеді. Залдың соңына ішінде мандариндер бар екі табақ қойылады. Әр қатысушының міндеті — табаққа дейін жетіп, ас қасыққа мандарин салып, оны тобына дейін алып келу. Алып келген соң қасықты келесі қатысушыға береді. Мандариндердің барлығын қай топ бірінші болып алып келсе, сол топ жеңеді.

Барлығы керісінше
Жүргізуші жауап беруге жеңіл сұрақтар қояды. Қонақтардың міндеті — қате жауап беру. Ойын жылдам жүргізіледі. Қонақтардың ойлануға уақыты болмауы керек. Нәтижесінде көбісі дұрыс жауап беріп, ойыннан шығып қалады.

Дереккөз: http://bilimsite.kz/