Жаңа жылдық playlist
Жаңа жыл алдында мерекелік көңіл-күйді қалыптастыратын түрлі фактор бар: кино, мерекелік концерттер, сыйлықтар, айта берсек өте көп. Соның ішінде жаңа жылдық музыканың рөлі зор. Мерекелік ырғақ, думанды әуен, кейде балалық шақты еске түсіретін ностальгияның бәрі Жаңа жылды сездіре түседі. Ендеше музыка индустриясында жүрген бірнеше әнші-композитордың көмегімен мерекелік playlist жасап көрейік.
Алим Заиров, пианист, композитор:
«Жаңа жыл – мен үшін жылдың қорытындысы, жаңа шабыс алдындағы өзіндік checkpoint. Бұл мерекеде мен биыл неге жетіп, неге жете алмағанымды пайымдап, жаңа кезеңге, жаңа жылға аяқ басамын. Жаңа жыл алдындағы қарбалас ұнайды өзіме. Бір ерекше сиқыры бар сияқты көрінеді. Сол сиқыр мен үшін Frank Sinatra орындауындағы «Let it snow», ABBA тобының «Happy New Year» және Валерий Меладзе орындайтын «Старый год» әнімен ассоциацияланады».
Son Pascal, әнші:
«Менің жағдайымда Жаңа жыл мерекесі соңғы 6 жылда қашықтықтықпен астасып кетті. Өйткені менің отбасым, туыстарым бұл мереке кезінде Италияда болады. Бірақ соған қарамастан, Жаңа жыл – мен үшін бақытты кезең.
Италияның оңтүстігінде туғаннан болар, Жаңа жылдық әндерді онша ұнатпаймын, көбіне италиялық әндерді тыңдаймын. Мереке кезінде, үйді сағынғанда жиі тыңдайтын бір-екі әнім бар: Pino Daniele – Quando, Bob Dylan – Knocking On Heaven’s Door.
Ксения Сухомазова, iFLY тобының солисі:
«Жаңа жыл мен үшін мереке емес. Ата-анам да Жаңа жылды тойламайтын, өйткені олардың сыйлық саудасында жеке кәсібі болды. Олар 31 желтоқсанға дейін жұмыс істеп, мереке жайына қалатын, мерекелік дастархан жасауға анамның уақыты да болмайтын.
Он жеті жасымда «Рахат-Лукум» тобында ән айта бастадым. Жаңа жылды сахнада қарсы алатын едік. Шынымды айтсам, қыс ортасындағы жаңа жылға сенбеймін. Менің түсінігімде жаңа жыл 22 наурызда болуы тиіс. Дегенмен Жаңа жылдық көңіл күйді, мерекелік атмосфераны сезінуге тырысамын. Ал оның атмосферасын ABBA тобының «Happy New Year», George Michael орындауындағы «Last Christmas» әні сездіре алады.
Мейірхан Жантұрғанов, MEZZO тобының солисі:
«Жана жыл мен үшiн өте қызықты кезең, себебi бала кезiмнен әр мерекеде мұрныма мандариннiң иiсi, менiң сүйiктi оливье салатымның дәмi келiп тұрады. Ең бастысы өз отбасыммен, тума-туыстарыммен кездесiп, бiр дастарханда жүздесiп, у-шу болып керемет уақыт өткізетін бир сиқырлы мереке десе болады. Сондықтан Жаңа жыл – өте жылы, көңіл күйiмдi бiр көтерiп алатын кезең.
Жана жылдық әндердің де өзіндік жылуы бар. Мысалы ABBA тобының «Happy New Year» әнi, Фрэнк Синатраның әндерi.
Arshat Khairolla, әнші, актер:
«Жаңа жылды жақсы көремін. Жаңа көңіл күй, жаңа сезім. Тіпті, туған күнімді олай күтпеймін. Жаңа жыл жақындағанда джаз, блюз жанрындағы, әсіресе Liza Minnelli орындауындағы «New York» атты әнді тыңдай бастаймын. Әндердің мерекеге қатысы болмауы мүмкін, бірақ маған Жаңа жылдық көңіл күй сыйлайды.
Әндерді тыңдау үшін Telegram-каналға өтіңіз.
Дереккөз: https://massaget.kz/