Жамбыл Жабаев өлеңдерін мектепте оқыту
Дипломдық жұмыс
Тақырыбы: Жамбыл Жабаев өлеңдерін мектепте оқыту
Мамандығы:Қазақ тілі мен әдебиеті
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … 3
1 ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ … … … … … … … … … … … … … … .. 7
1.1 Жамбылдың қазақ әдебиеті тарихындағы орны … … … … … … … … … … … … 7
1.2 Жамбыл өлеңдерінің дидактикалық мәні … … … … … … … … … … … … … … .. 20
2 Ж.ЖАБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ … … 37
2.1 Ақын өлеңдері мектеп бағдарламасында … … … … … … … … … … … … … … .. 37
2.2 Ж.Жабаев шығармашылығын оқытудың әдістері … … … … … … … … … … … 52
ҚОРЫТЫНДЫ … … … … … … .. … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … 79
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР … … … … … … . … … … … … … … … … … … … 84
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Жамбыл десек, әрине, екі рет дүниеге келген, екі ғасыр тоғысындағы ғұлама жырдың қызыл жолбарысы түседі. Жамбылдың өзі — жыр-ғұмыр, ал жыр — жыр-ғұмырдың негізі. Жүз жыл жырлап өткен Жамбыл бабамыздың өшпес мұрасы — көркем шежіре. Даңғыл жыраулардың ішіндегі ең алыбы — абыз жырау, жауынгер ақын — Жамбыл. Жамбылдың қаншалықты ұлы екенін жақсы білеміз, алайда ақын шығармашылығын оқытудың жолдары әлі толық зерттелмеген. Міне, сондықтан да, Жамбылдың ақындық құдіретінің әлі де ашылмаған құпия-сырлары, жаңалықтары, толқыныстары мен қуаныштары жетерлік. Соның ішінде ақын туындыларын жас ұрпаққа насихаттауда, оны орта мектепте оқытудың жолдары толыққанды қарастырылмай жатқандығы белгілі.
Ұлылықтың қыры көп. Жамбыл ақындықтан да, жыршылықтан да, жыраулықтан да сусындаған. XIX ғасырда ана құрсағынан, XX ғасырда заман құрсағынан дүние есігін ашқан Жамбыл — ашылмаған сыр, қазақ поэзиясындағы қайталанбас таңғажайып құбылыс. Қалың жұртшылықтың ықыласына бөленген қазақ Гомерінің асыл мұрасы — қазақ тарихының да жетістігі. Көпшіліктің де көңілінен шыққан, жаманға да, жақсыға да ұнаған Жамбыл — мінсіз таза айна секілді. Өйткені, қазақ айнасын жек көрген адам, қасиеттемеген халық жоқ шығар, сірә. Жүз жасқа дейін сағы сынбаған бұл өміршең халық жыршысы қазақ қоғамында ешқашан өшпейді.
Жамбыл — шығыс желісіне құрылған талай дастандарды жатқа айтып, мыңдаған шумақтар мен ұйқастарды зердесіне сақтап, шежіре-аңыз, тарихи оқиғаларды, айтыс-толғауларды, бұрынғы — соңғы ақын-жыраулар мен батыр-билердің өмір деректерін, ауызекі әңгімелерді көкірегіне құйып алған, өзі де толғаулар шығарған жырау [1,44б].
Тәуелсіздікті тұғырлы, баянды етуде мұғалімдер қауымының қосатын үлесі аз емес, өйткені олар елдің ертеңгі тірегі жас ұрпаққа білім беру ісімен айналысады. Бұл міндет ұстаздардан өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеуге үлкен күш жүгер жұмсауды талап етеді. Білім беру саласы еліміз дамуының басты бағыттарының бірі ретінде таңдалып отырғаны тегін емес.
Ел дамуындағы жаңа тарихи кезең мемлекет дамуының жаңа деңгейін қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі болып табылатын білім беру жүйесінің алдына үлкен міндеттер қояды. Ол негізінен білім беру жүйесінің халықаралық білім жүйесіне интеграциялануына байланысты осы салаға жаңа үрдістерді батыл енгізу сияқты міндеттерден туындайды. Өйткені, бүгінгі заман талабы бойынша шын сауатты адамның білімі мен біліктілігі, дағдылары әлемнің кез — келген елінде қолданысқа жарайтын, яғни халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Отандық білім беру жүйесі қызметкерлерінің қазіргі мақсаты мен міндеті — Қазақстан Республикасының инновациялық-индустриалдық даму стратегиясына сәйкес экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарында еңбек ететін ертеңгі білікті де білімді мамандар даярлау. Осы бағдарда Жамбыл Жабаев өлеңдерін оқыту барысындағы нәтиженің жастарға берер рухани-тәрбиелік мәні өте зор болып, тақырыптың өзектілігін айқындап тұр.
Ж.Жабаевтың өмірін, бүкіл шығармашылығын, әлемдік мәдениетке қосқан үлесін мектеп бағдарламасы бойынша берілген сағат аясына сидыру мүмкін емес. Бұл орайда оқушылардың өзіндік шығармашылық ізденісі, сыныптан тыс әдеби жұмыстар, оқу сабақтары әр түрлі әдіс-тәсілдермен ұйымдастырылып, байланыстырыла жүргізілгенде ғана әдебиет пәні мұғалімі өз мақсатына жетеді. Ақын поэзиясының оқу-тәрбиелік мәнін терең түсіндіруде мұғалімдер көп ізденіп, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, заман талабына сай ұсынуы қажет.
Ұстаздың педагогтік шеберлігі оның керекті мазмұнды, бағдарламадағы материалды іріктей алуымен және оны оқытудың озық әдістерін пайдалана отырып қолданумен белгіленеді. Жамбыл әлемі — күрделі әлем. Ал бүгінгі мақсат — жаңа буынға Жамбылдың қазақ халқының көркем мәдениетін әлемге танытып, оның ежелгі дәстүрлерін дамытуға елеулі үлес қосқанын жаңаша көзқараспен түсіндіру аса қажет.
Қоғам мен мемлекеттің дамуы мен болашағы білім беру саласы қызметкерлеріне үлкен міндеттер артып отыр. Мұғалім өз пәнін терең білумен бірге ақпараттық жағынан өте сауатты, шығармашылықпен жұмыс істейтін тұлға болуы тиіс. Міне, сондықтан да Жамбыл шығармашылығын оқытудың жаңа технологияларын орынды пайдалануды, бітіру жұмысымызда қамтуға тырыстық. Бұл тақырыптың бұрындар арнайы зерттелмегендігін ескере отырып, осы бір ғылыми жаңалықты атап өткіміз келеді.
Зерттеу жұмысының нысаны. Жамбыл Жабаев өзiнiң балаларға арналған барлық өлеңдерi арқылы жас өспiрiмдердi көтерiңкi рухта тәрбеилеудi iске асырған және соның тамаша үлгiсiн көрсеткен. Балалар әдебиетiн жасауда заман ақын-жазушылар алдына үлкен талаптар қояды. Сол талаптарды орындаған әрi балаларды жанындай жақсы көрген халық поэзиясының алыбы — Жамбыл Жабаев жайлы зерттеу еңбектері мен әдістемелік кітаптар мен журналдар зерттеу жұмысының басты нысаны ретінде алынды. Соның ішінде Т.Жұмажанованың, сонымен қатар әдебиет әдістемелік кітаптарын атап айтқан орынды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысының алға қойған мақсаты:
— Жамбыл шығармашылығын оқытуда оқушыларды жеке тұлға ретінде ала отырып, олардың іс-әрекет түрлерін мақсатты қалыптастыру, дербес ізденуге баулу;
— Ақын өлеңдерінің мәніне үңіле отырып, жас ұрпақтың білім алуға деген ынтасы мен іскерлігін, оқу-танымдық қажеттілігін қалыптастыруға жетелеу;
— Ақынның алғашқы туындыларынан көрінетін адамзаттық-азаматтық тұлғасын ашу;
— Туған халқының тағдырына ортақтасу. Отаншыл жырларының мәнін аша отырып, өзіндік тұжырым — пікір жасау дағдыларына үйрену;
— Оқушыларды Отанын, өз халқын, елін, жерін сүюге баулу;
— Өшпес өнерге айналған өмірді танып білу де оқушылардың ойлау белсенділігін арттыра отырып, жан-жақты ғылыми тұрғыдан іздене білуге төселдіру;
— Ж.Жабаев поэзиясының тәлім көзі, оның дидактикалық үлгідегі шығармаларында екендігін ескеріп, онымен жұмыс жүргізу арқылы оқушылардың ынтасы, танымдық іс-әретін ұйымдастыру;
— Жаңа буынға Жамбылдың қазақ халқының көркем мәдениетін әлемге танытып, оның ежелгі дәстүрлерін дамытуға елеулі үлес қосқанын жаңаша көзқараспен түсіндіру.
Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысының құрылымы: кіріспе, екі тарау мен тараушалардан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ
1.1 Жамбылдың қазақ әдебиеті тарихындағы орны
Жамбыл сынды алыпты терең ұғыну үшін халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды да зерделеу қажет. Өйткені, Абай жаңа қалып пен соны пішін, жаңа мазмұн мен ізденімпаз, өршіл рухы арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласа, Жамбыл Жабайұлы сан ғасырлық ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін ілгері апарып, осы заманға жеткізген және небір тарихи ұлы өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлай білген заңғар құбылыс екені мәлім. Олай болса, Жамбыл туралы айтылар сөздің мәдени-рухани өміріміздің, саяси әлеуметтік тарихымыздың ең бір көкейкесті араларымен ұштасып жатуы заңды.
Қазақ әдебиеті пәнінің мектепте дербес пән ретінде оқытылып, оқу жоспарына енуі 1930 жылдан есептеледі. Қазақ әдбиетін оқыту Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейінгі кезеңде де қиын да күрделі саяси-әлеуметтік қайшылықтармен бірге қалыптасып дамыды. Ресейге қосылу, оның мәдениетімен танысу, сол арқылы европалық, дүниежүзілік өркениеттен хабардар болу — Қазақстанда ағартушылық идеяның дамып, жетілуіне тікелей әсер етті.
Жамбыл ғұмыр кешкен аттай бір ғасырлық уақыт қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі еді. Мыңдаған жылдарға созылған көшпелі өмір салтының ішкі құрылымы да дәл осы кезеңде ыдырай бастады. Ұлы жыраудың көз алдында ғасырлар бойы үстемдік еткен жүйелер алмасты, екі бірдей дүниежүзілік сұрапыл соғыстар өтті, ел өмірінде саяси-әлеуметтік түбірлі өзгерістер болды.
Жамбыл — өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры — «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған, бірақта көптеген құнды шығармаларының мектеп қабырғасына еңбегендігі өкініш тудырады. Одан бертіндегі Жетісуді, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары — даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы[2,14б]. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз.
Ал түбірлі өзгерістерге алып келетін, тұтас жүйелер алмасу кезеңінде ғұмыр кешкен ұрпақтың өмірі қашанда күрделі. Әсіресе, Жамбыл секілді ұлы тұлғалардың тағдыры айрықша шиеленіске толы болған. Соған қарамастан Жамбыл өзінің болмыс-тағдырымен, дарын-тегеурінімен, біртуар табиғатымен, өз заманының айнымас айнасы бола білді. Ол өзінің өлмес өнерімен тұтас дәуірдің шыншыл шежіресін жасай білді, өміршең ойларымен сол дәуірді саралап берді. Сондықтан да, біз оны қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірегейі ретінде ұлағат тұтамыз.
Қырқыншы-елуінші жылдардағы қазақ поэзиясы қайшылықты, алуан құбылыстарға толы. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зер салғанда, өзінің идеялық тұрғысы мен бағытын, әлемдік аренадағы өз салмағын біршама айқындап үлгерген тосын сипатты, жаңа да жас мемлекеттің рухани және экономикалық өміріне оның күретамыры іспетті идеялық болмыс-бітімі ғана емес, Сталиннің де жеке тұлға ретінде айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Демек, осы екі фактор — бір объективті тарихи дамудың бұған дейін болып көрмеген өзгеше саласына түскен мемлекеттің саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік бітімі болса, екіншісі — яғни субъективті ықпал — Сталиннің жеке басының пайымы мен пәрмені. Міне, осы екі фактордың жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, Сталин қайтыс болғанға дейін жалпы мемлекеттің бүкіл өмірінде айрықша маңызды рөл атқарғанын ескермейінше, бұл кезеңдегі рухани саланы әділ бағалауда, терең түсіну де мүмкін емес[3,5б].
Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір, елгезек халық ақындары соғыс жылдарында жиі көрінді. Дүниеге келу процесі жазба әдебиет шығармасына қарағанда әлдеқайда жедел, тыңдаушыға тікелей идеялық-эстетикалық әсер ете алатын ұшқыр, көркемдік нысанасы айқын ауыз әдебиеті туындылары — халық ақындарының өлең-жырлары алдымен ауызша айтылып, содан кейін мерзімді баспасөз беттерінде, одан кейін жинақтарда жарияланып жатты. Ақындар айтысында да соғыс жылдарының шындығы, мәселелері — жетістіктер мен кемшіліктер көрсетілді, әр өлкедегі сәулелі сәттер марапатталып, көлеңкелі тұстар нақты мысалдар арқылы сынға алынды, содан соң жеке кітап болып басылып шықты (Ақындар айтысы, 1944). Әсіресе, ұлы Жамбылдың даусы асқақ та айбынды естілді. Оның мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған, туған елге деген махаббатқа, құрметке толы жалынды жырлары жеке кітап болып шығып жатты. Жамбыл Жабаевтың шығармалары: Шығармалары (1940), Болат тонды батырлар (1941), Майдан жыры (1942), Отан әмірі (1941), Майдан жыры (1942), Алынбас қамал (1943), Қамал бұзған қаһарман (1945) жеке кітап болып ұсынылды. 95 жастағы қарт жыраудың тарихи-саяси жағдайды жете байыптауға мүмкіндігі болмағандықтан, республика үкіметі тарапынан, әр түрлі ресми және шығармашылық ұйымдар тарапынан оның әдеби хатшыларына (Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров) ықпал жасалып, қарт ақынның сол тұстағы кеңес мемлекеті басшыларын, Сталинді мадақтау да тапсырылғаны, олардың кеңес елін бақытты болашаққа бастайтын тұлғалар ретінде түсіндіруге айрықша күш салынды [4;5;].
Бүгінде Жамбыл шығармаларын, оның идеялық нысанасына емес, көркемдік кестесіне байланысты бағалағанда ғана, ақынның, сол арқылы сол кезеңдегі жалпы халық поэзиясының, ауыз әдебиетінің көркемдік айырмашылықтарын тереңірек түсінуге болады. Бірінен бірі асып түсетін небір айшықты теңеулер, образдар, тұтқиылдан тап басатын эпитеттер, айтыс ақындарында жиі кездесетін тәсіл — градацияны шебер пайдалану сол қызумен, сол шеберлігімен жазба әдебиетке, оның ішінде поэзияға ықпал жасау заман, кезең шындығын образ-категориялар арқылы да айшықтау сол арқылы халқымыздың ұлттық рухының басылмай, заман ауыртпалығының астында тапталып жаншылмай, қайта іштей буырқанып, булыға қайраттанып, қор жинай беруіне, ұлттық көркемдік ойдың салалана, тармақтала беруіне, көркемдік танымның көкжиегі кеңи түсуіне, халықтың эстетикалық талғамын өз тұрғысынан кемелдендіруіне, рухани ширығып жігерленіп өсуіне зор ықпал жасағанының нақты мысалдары.
Бұл орайда бір-екі мысал келтірумен шектелейік. Ұлы жырау Жамбылдың ұлы Алғадай майданда мерт болғанда, көз жасын төгіп, жылап айтқан жыры бүкіл қазақ даласының, қазақ халқының көз жасы, ауыр қайғысы болып, байтақ сахараға кең тарады:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба? [6,64б]
Көкірегін кернеген зар, ауыр қайғы осылайша фольклордағы жоқтау сарынын еске салып, фольклордың ұлттық рухтың алтын қоры ретіндегі қызметін көрсете отырып, халықтың көкірегінде басқыншы жауға деген ыза-кегін оятты, ашу отын тұтандырды. Сол себепті Жамбылдың:
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде,
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде[7,102б], —
деген тегеурінді толғанысы қиындықтан шираған, ашумен кектен шиыршық атқан жалпақ елдің жүрекжарды сөзі болатын. Бұл ретте, әрине, кеңес идеологиясының күллі мемлекеттік көлемде ғажап серпінмен үздіксіз, қисапсыз жұмыс істегенін, соның арқасында Отаным — Совет Одағы деген ұғымның қалыптаса бастауына, Ленин идеяларын кезең талабына үйлестіре пайдалануы да көп көмегін тигізгенін ескеру керек. Мерзімді баспасөз беттеріне, жинақтарға ақындардың осы рухта дабылдатып өрлейтін, майдангерлер ерлігін оятуға себі тиетін шығармалар бірінші кезекте іріктеліп алынды. Бұл кездегі поэзиядағы тақырыптық бірыңғайлықтың орын алуына осындай талап қоюшылықтың әсері тиді.
Мәселен, Жамбылдың Майдан жыры (1942) атты кітабына енген жырлар: Ленин қаласындағы өрендерім (кейін ақын қайта толғаған соң Ленинградтық өрендерім болып өзгерді), Москваға, Қаһарлы Москва қамалы, Совет гвардецтеріне, т.б. болып келеді.
Міне, осындай жағдайда кең таралған, қалың елдің құрметіне ие болып, еңсесі түспей, ертеңгі күнге үміт артуына, ауыр қайғыдан аршылуына, батыр бабаларының ерлігін еске алып, аруағын шақыруына, торығу торынан құтылуына халық ақындарының сіңірген тарихи еңбегі баға жеткісіз. Сол кездегі кеңес елі құрамындағы алуан халықтардың қай-қайсысында да халық шығармашылығы өкілдері зор еңбек сіңірді десек те, қазақ, қырғыз, қарақалпақ секілді көшпелі өмір салтын ұстануға мәжбүр болған елдер үшін халық ақындарының шығармашылығы қайталанбас, тарихи мәні зор құбылыс болғанын айрықша ескергенде ғана, сол тұстағы халықтың рухани тіршілігін біршама нақтырақ, ауқымдырақ сезінуге болады.
Мәселен, бір ғана Жамбылдың өзі соғыстың алғашқы төрт жылында үш мың жолдай жыр төкті. Ленинградтық өрендерім атты өлеңі фашистер айнала қоршаған Ленинград қаласында ірі-ірі әріптермен плакат ретінде жазылды. Бұл сөздерді оқыған жауынгерлер керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, тұтқын боламыз ба деп қобалжыған ленинградтықтар Жамбыл сөзінен Отан дауысын, ата сөзін естіп, мыңдаған адам көздеріне жас алып, тебірене оқып, жігерленді. Поэзияның мұндай ғажайып белсенді рөл атқаруы тарихта сирек.
Соғыс жылдарындағы поэзияда азаматтық әуен айқын естілді. Сонымен бірге саяси лирика, публицистикалық бояулар да молынан ұшырасты. Мерзімді басылымдарда жауынгерлердің ерлігін, отты жылдардың ерекшелігін, елдегі еңбеккерлердің үміт-арманын бейнелеген жырлар жиі-жиі жарияланды.
Алайда бұл тұстағы поэзияда тақырыптық біржақтылық орын алғанын айту керек. Көркем әдебиет пен өнер қайраткерлері коммунистік партияның идеологиясын бір жақты бағытқа айналдырып, кезең шындығын, жалпы бүгінгі өмірді тек қана ұнамды қырынан көрсету керек деген, сталиншілдер қойған талапқа қарай шарасыз икемделді. Әрине, бұл арада мыңдаған, миллиондаған адамдардың сол тұста Сталиннің абырой-беделіне кәміл сенгенін де ескеру керек. Дегенмен майдандағы, тылдағы барлық шындық түгелдей айтылмады, ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан тақырыптық бір жақтылық орын алды.
Өзінің отты жырларымен талай халықты таң қалдырған Жамбыл Жабаевты қазір әлемнің миллиондаған түркілері жыр алыбы деп мақтаныш етеді.
ХХ-ғасырымыздың аса әйгілі ақыны шын мәнінде аты аңызға айналған замана жаршысының өткір де, асқақ үні — бір ғана қазақ халқы емес, осы күнгі түркі тектес барлық халықтар поэзиясының арсеналындағы ең озық игілік болып отыр…[8,54б] -деп жазды заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айматов. Шын мәнінде Жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы болды, бүкіл түркі халқы поэзиясының, соның ішінде қазақ поэзиясының шоқтығын биікке көтерді.
Ал, Мырза Тұрсын-заде Ең биік шың- адамның жүрегі. Жамбыл өзінің поэзиясымен сол шыңға жол таба білді және ол шыңды бағындырды…[8,56б] -деп жазды.
Қазақ халқы ежелден жырды рухани азығына айналдырған, жыр арқылы ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлген халық. Шешендіктің сан қырлы сырларын жас ұрпаққа үйрете отырып, адам жанының рухани байлығын кемелдендіріп отырған.
Жетісу ақын-жыраулары пір тұтқан атақты Қабан жырау — әрі ақын, әрі айтыскер, әрі жырау, әрі сәуегей абыз. Жырау туралы деректер мардымсыз болғанмен, көнекөз қариялардың айтқан аңыз, дәйектері сорабымен, Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, т.б. ақындардың жыр-толғауларындағы деректі жолдар арқылы ол туралы біршама мәліметтер жинақталған. Қабан жырау Жалайыр ішіндегі Мырза деген рудан. Шамамен XVIII ғасырдың басында дүниеге келген, 90 жас жасаған. Ел есіндегі естелік аңыздарға қарағанда, Ескелді, Балпық билермен Райымбек, Өтеген батырлармен тұстас.
Қабан ақынды ұстазым деп санағандар аз емес. Соның бірі айтыс өнерінің асқан шебері, от ауызды, орақ тілді Жалайырдың Бақтыбайы. Ол түсінде өзіне Қабан ақынның ақ балдақ бергенін өмір бойы мақтанышпен айтып өткен, пір тұтқан, Жамбыл атамыз секілді арқалы, әруақты ақындармен айтысарда Қабан ақынға сыйынған.
Осы ақындардың шәкірті Жамбыл жырларынан ежелгі түркі поэзиясының лебі еседі. Иоллықтегін түркі батырлары мен данышпандары Күлтегінді, Тоныкөкті, Білгені жырға қосса, Жамбыл қазақ түркілері Кенесарыны, Өтегенді, Саурық, Сыпатай, Сұраншы батырларды жырға қосады.
Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп… жырлаған Иоллықтегін мен арадан ондаған ғасыр өткен соң: Күнді көрдік, ел болдық, асу бермес өр болдық…[9,114б] — деп түркі халықтарының бірлігін жырлаған Жамбыл поэзиясы арасындағы рухани байланыс өскелең ұрпақтарды отаншылдық сезімде тәрбиелеуде мыңдаған жылдар бойы мәнін жоғалтпайтын асыл мұра.
Қазақ деген ұғыммен қатар жүретін ұлы Жамбыл жайлы талай-талай зерттеулер жазылды, бірақ бәрі сонау кеңестік кезеңнің тар қыспағынан шыға алмады.
Ақиқатты аршып, ашық айтатын Тәуелсіздік алдық. Жамбыл ғұмыры мен шығармаларын қайта қарап, талдап, таразылайтын, зерттеп, зерделейтін ғажап дәуір туды.
Жамбыл — өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Жамбылдың Менің пірім Сүйінбай деген өлеңді, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры — Айкүміспен айтысы, сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар Манасын, Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі.
Жамбыл ақын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі Менің өмірім — деген өлеңінде:
Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей — көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан[10,9б], —
дейді. Әкесі Жапа, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Неге билік айтпасқа алдына мыңғыртып мал айдаған, елге силы төбе бидей кісі болса. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан.
Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі.
Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, Көрұғлы, Өтеген сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған.
Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді.
Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны — Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі Менің пірім — Сүйінбай деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады. Атақты Айкүміспен айтысы да осы тұста болады.
Жамбыл өлеңдері мен айтыстары әуелден халықтық арнадан бастау алады. Сондықтан оның туындыларынан әлеуметтік сарын молынан байқалады. Оның өмір қайшылықтарын ерте танып, олардың сырына ой жүгіртіп өсуі шығармаларын мәнді, салмақты етеді. Жамбыл — ұстазы Сүйінбайдың үлгісімен кім болса да мінін бетіне айтып, кедей-кемтардың, әлсіздің жоқшысы болуды ақындық мұраты еткен ақын. Жамбыл ақындық өнер жайында:
Жамбыл халықтың адамы болды. Сол үшін де шыққан тегіне қарамастан өнерлі деген бозбала, жас толқынды өлең биігіне, шырқау шыңына жетелей берді.[11,66б] -, дейді Кенен ақын.
Ғасыр мен ғасыр беттесіп, уақыт теңізінің алып толқындары жалын желбіретіп аспанға шапшығанда, тереңде қалған жақұт жырлар да жарға жабысып, жаңа дүние жағалауына шығатыны болады. Тіршілік тауқыметінен қашып, қарттыққа бой алдыра бастаған, балалық, жастық, жігіттік дәуреннің отты өлеңдері, жалынды жырлары сол өткен ғасырдың тереңіне шөге бастаған шағында қайта жаңғыратын, жасаратын ақындар болады. Адам баласы қатарында мұндай құдіретке, мұндай қасиетке жүз жыл бойына тынбай шындық деп соққан, шындық деп жырлаған ұлы жүрек иесі ғана лайық. Жүз жыл жасап, жүз жыл жырлау құдай мен халықтың сүйген кісісінің ғана қолынан келмек. Ал жүз жыл жасап, жүз жыл бойы шындықты жырлау мәңгілікпен бірдей құбылыс. Көзінің тірісінде-ақ Өлең сөздің пірі, Поэзия алыбы, Алатау сынды ақсақал, Жыр күмбезі, ал 90-нан асқан жасында XXI ғасырдың Гомері атанған, ұлы Абайдың құрдасы Жамбыл — халық ауыз әдебиетінің қайнар көзі[12,97б].
Жарты ғасыр бойына Жамбыл ақынның қасында жүріп, өнерде дос, өлеңде шәкірт болған Кенен ақынның мәңгілік ғұмыры да Жыр алыбы Жамбылмен бірге басталғандай. Жамбыл десе Кененнің, Кенен десе ел санасына Жамбылдың бірден елестей кететіні содан болса керек. Қазақ поэзиясының көк аспанында ілгерінді-кейінді зау биікте шырқап өткен екі бірдей қыранның болашаққа жол алған ғұмыры қазақ деген халық аманде шеқашан, тоқтамақ емес.
Жамбыл жайлы зерттеулерде немесе естеліктер мен пікірлерде оны бірде ақын десе, бірде жырау делінеді. Жырау мен ақынның арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екенін ескерсек, онда бұл екеуінің біреуін таңдап, бір жағына шығуымыз қажет. Ол үшін Жамбыл шығармашылығына талдау жасап, ғылыми бағасын бергеніміз дұрыс.
Бірінші кезекте Жамбыл — өз мұрасын ауызша қалдырған майталман. Оның барлық шығармалары мейлі жас кезіндегі, мейлі қартайған шағындағы туындылары болсын ауызша дүниеге келген. Жамбылдың шығармаларын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруды ұсынып жүрген зерттеушілер бар. Соның ішінде оның нағыз жыраулық мектепке тән мұралары Кеңес дәуіріне дейінгі кезең екендігі даусыз. Осы тұста Жамбылдың нағыз жырауға ғана тән белгілері суырып салмалық, ойшылдық, заманға бағы берушілік, турашылдық сипаттары аңғарылады.
Қызыл тілім іркілме,
Шер-құмардан шығайын,
Құмармын жастан шіркінге,
Неден бұғып қорқайын, — дейді жырау[13,24б].
Осы жолдарда қазақ жыраулық поэзиясының өкілдері Асан, Шалкиіз, Бұхар тағы да басқа мұраларында кездесетін өткірлік аңғарылып тұр емес пе? Асанның Жәнібекке айтқаны, Шалкиіздің Би Темірге айтқаны, Бұхардың Абылайға айтқаны өткiрлiктен туған сөз саптау дәстүрi екендiгi даусыз. Жамбыл да өз заманында тура жолды айтамын деп ел әкiмдерiнен алыстап, халыққа жақындағанын бiлемiз. Сондықтан болар Жамбыл есiмi ел ортасында аңызға айналып, халық жүрегiнен мәңгi орын алған. Жырау естеліктерінде: Сөйтіп, мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып шайқасумен өттім. Сол үшін олар мені жек көрді, ал менің әрбір сөзімді халық сүйіп бағалады[13,25б], — дейді.
Жыраулық дәстүрдiң тағы бiр белгiсi — толғау. Толғаудың ерекшелiгi мен жанрлық сипаты жайлы әр жылдары айтылған ғылыми тұжырымдар баршылық. А.Байтұрсынов — Толғау- қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құстың сайрауы, жанның тартатын күйі[14,78б], — десе, Б.Әбiлқасымов — Толғау — это устное индувидуальное стихотворение, слагаемое в семи-восьмисложном размере (с определенными отклонениями), имеюшее тирадное строение, назидательное-дидактические, героико-патриотические мотивы, речитацию[15,13б]- дегенді айтады. Бұған бiздiң қосарымыз, толғауда өте күрделi мәселелер көтерiлiп, оның шешiмi қарастырылатындығы. Яғни жырау толғау айта отырып, халқының келешек тағдырын күн тәртiбiне қояды. Ол заман, жер, уақыт, халқтық даму, рухани дүниетаным, әлеумет және т.б. Бұл айтылған дүниелер сайып келгенде елдiң пайда болу, қалыптасу, даму деңгейiн аңғартатын күрделi мәселелер. ХҮ — ХҮIII ғасыр жыраулар мұраларынан сол замандағы елдiң мемлекет ретiнде қалыптасу деңгейi мен жыраулардың рухани жетекшiсi ретiнде атқарған ролiн аңғарсақ, ал ХIХ ғасыр жырауларынан бодандыққа қарсы айтқан сөздерi арқылы заман өзгерiсiн байқаймыз. Ал Жамбыл толғауларынан бұрынғы заман мен өз заманын салыстыру сарыны сезiледi. Заман жайлы — терең сыр, Заман жырым — бітпес жыр дей келіп, бұрынғы заман қандай, қандай тұлғалар өмір сүрді деген мәселеге кеңірек тоқталады.
Ел шетінің қорғаны,
Жау бетінің айбары,
Сауыт сайман асынған,
Ерлігін жаннан асырған[16,18б],-
заман ұлдарының елі үшін қам-қарекеті мен қатар,
Шернияз бен ұлы Абай,
Дулат пенен Сүйінбай —
Сөздері жез-құйындай[17,14б], —
елдің рухани жетекшісі болған ақын-жыраулардың өмірі заманмен теңестіре суреттеледі. Расында заманды жырлау заманында өмір сүрген, ел іргесінің аман сақталуына үлес қосқан асыл ұлдарымен байланыста жырланады. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Жамбыл да сол дәстүрді сақтай отырып, халықтық дамуда еңбек сіңірген қазақ батырлары мен жырауларды мақтанышпен жырлайды.
Жыраулық поэзияның үлкен бір саласы философиялық ой түйуінде жатыр. Өз заманы мен өткен заманға баға бере отырып, терең ойға баруы, соған байланысты ой түйуі жырауға ғана тән қасиет. Әйгілі Бұхар жыраудың Бұл заманда не ғаріп? деп сұрақ қоя жырлайтын толғауы бар. Жамбыл да осы сұрақ төңірегінде ойға барып, өз заманы көгінде философиялық түйін жасайды. Жиырма бір ғаріптің себебін ашып, соның өмірдегі өкінішті тұстарын көрсетеді.
Заман ғаріп емес пе —
Әділеттен аттаса.
Халық ғаріп емес пе —
Айтқаны іске аспаса.
Жігіт ғаріп емес пе —
Еңбегі алға баспаса[17,28б], —
дейді жырау.
Заманның кері кетуі мен алға басуы неден деген сұраққа жауап іздеу халықтық поэзияға тән қасиет. Өйткені халықтың көкейіндегі сырдың өзі осы сұрақтан бастау алады. Яғни заманның сыры, оның құпиясы адамдардың іс-әрекетімен байланыста жырланады. Адам адам болғалы заманнан жеке өмір сүре алмайды. Демек, оның сырын ұғыну мен құпиясын ашу әр заманда орын алып келген. Жамбылдың да ата жолын қуып заманның сырын ұғынуға талпыныс жасауы заңдылықтан туындап отырған қасиет.
Жамбыл терең ойға барған арқалы жырау. Адамның ішкі дүниесін сараптауда жыраулық дәстүрдің озық үлгісін көрсете білген, соны өз толғауларында қолданып отырған жырау.
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға[17,30б], —
дейді жырау.
Жыраулық дәстүрде жаман мен жақсы мәселесі үлкен тақырып ретінде жырланып келген. Бұл олардың адам дүниесін түсінуге ұмтылған әрекетінен туған күрделі тақырып болатын-ды. Бірақ Жамбыл да өзіне дейінгі жыраулар сияқты жаман мен жақсыдан қалай арылу қажет екенін ашып айтып жатпайды. Ол да екі қасиеттің қандай жағдайда көрінетінен айтып, тек жаманның жақсыдан басым болмауын қадағалайтын сияқты.
Жамбылдың өмірлік жолы екі ғасырдың арасында өтіп жатты. Сондықтан әр кездегі тарихи оқиғалар жырау назарынан тыс қалуы мүмкін емес. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалар жырау шығармаларының негізгі желісі. Қазан төңкерісіне дейінгі жырау мұраларынан нағыз дала дәстүріне сай суырып салма өнерінің үлгісін аңғарсақ, ал Кеңес дәуірі тұсындағы төлтумаларынан арнайы тапсырыспен пайда болған шығармаларды байқаймыз. Әсіресе партия басшыларына байланысты шығарған жырларында бұл анық байқалады. Дегенмен Жамбылдың барлық мұраларында қазақ жырауларына тән қасиеттің исі аңқып тұрады. Өйткені жырау толғауларын табан асты түйдектетіп, ұйқастың қалыпты сақталуына үлкен мән бере бермейді. Сол сияқты Жамбылдың жыр жолдарында да белгілі бір өлшемдегі ұйқас сақталынбайтын сәттер кездесіп отырады.
Жамбылдың жыр әлемі келешекте арнайы зерттеуге азық болатын күрделі дүние. Жыраулық дәстүр мен ақындық дәстүрді тең ұстанған Жамбыл мұралары қазақ поэзиясының жаңа белестен көрінуіне ықпал етуімен құнды. Жыраулық дәстүрдің соңы тұяғы Жамбыл — қазақы сөз арнау өнеріндегі шоқтығы биік тұлға. Демек, айтушылық қабілетін жыр жолдары арқылы дәлелдеп өткен Жамбылдың қасиетті толғаулары, жырлары, дастандары тыңдаушысын селт еткізіп, сөз құдіретін ел санасына құйып кеткен бірден-бір жыраулық мектептің заңды жалғасы деуге тұрарлық.
1.2 Жамбыл өлеңдерінің дидактикалық мәні
Халық поэзиясы көбіне ауызша шығарылып, ауызша айтылады. Кейін қағазға түсіріліп оқылады. Оның көркемдеу құралдары да басқаша, көбіне байырғы тіл әдісімен баяндалады. Оның талантты өкілдері нағыз көркем сөз шебері болып, айтулы ақын дәрежесіне көтеріледі.
Кеңес заманында халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі — Жамбыл Жабаев, екі ғасырды көріп, жүз жасаған ұлы ақын. Ақын — шығыс желісіне құрылған талай дастандарды жатқа айтып, мыңдаған шумақтар мен ұйқастарды зердесіне сақтап, шежіре-аңыз, тарихи оқиғаларды, айтыс-толғауларды, бұрынғы-соңғы ақын-жыраулар мен батыр-билердің өмір деректерін, ауызекі әңгімелерді көкірегіне құйып алған, өзі де толғаулар шығарған жырау.
Жамбыл — ірі айтыс шебері. Ақынның ақындық өнері кеңес дәуіріне дейін-ақ, арысы — қырғыз, берісі — Жетісуға дейін кеңінен танымал болған. Жамбылдың көркемдік әлемінің қуаты — халықтың сан ғасырлық дәстүрлі жыр қайнарынан шыққандығы. Ол қазақ поэзиясының адамгершілік мұраттарын жаңа мазмұнға байытты, дәстүрлі поэзияны дамыттты.
Балалық шағынан-ақ өлең айтуға құмар Жамбыл ел ішіндегі түрлі оқиғалар туралы, жеке адамдардың мінез-құлқы туралы өлең шығаруды ерте-ақ бастайды. Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен[18,63б]- деген жазушы Мұхтар Әуезов. Жамбыл өзінің Кеңес Одағындағы әрбір маңызды оқиға мен әрбір қол жеткізген табысқа үнемі ақындық үнін қосып отырады.
Балалар әдебиетiн жасауда заман ақын-жазушылар алдына үлкен талаптар қояды. Сол талаптарды орындаған әрi балаларды жанындай жақсы көрген халық поэзиясының алыбы — Жамбыл Жабаев.
Жамбылдың есiмi дүние жүзi халықтарына кеңiнен мәлiм. Ол мектеп, медресе есiгiн ашпаса да, қолына қалам ұстап, жазу-сызуды бiлмесе де, жастайынан домбыра тартып, жыр жаттады, қазақ халқының сөз өнерiн үйрендi, кейiннен ақындығымен бiрге әйгiлi жыршы атанды.
Жамбыл — өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры — «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған[19,45б].
Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары — даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз.
Жамбылдың жастар мен жас өспiрiмдерге арналған қай өлеңiн алсақ та, ол алдымен жастардың күшiне сенiп, соларды мақтаныш ете жырлайды. өйткенi жiгер де, күш те, қайрат та солардан табылады. Балаларға осылайша сенiм арта сөйлеу олардың күш-жiгерiн тасытып, рухын көтередi.
Отан соғысы жылдарында қазақ балалар әдебиетiнiң күшi мен оның мазмұны және нағыз халық сипаты бұрынғысынан да айқын көрiнедi. Мiне, осының өзi балалардың Отанға, өзiнiң туған елiне сүйiспеншiлiк сезiмiн арттыра түседi. Отан соғысының тарихи тақырыптары балалар әдебиетiнде соғыстан кейiнгi жылдардағы бейбiт өмiрiмiздiң дамуымен де және бейбiтшiлiк жолындағы iзгi күреспен де тығыз байланысты дамып келуде.
Жамбыл өзiнiң балаларға арналған барлық өлеңдерi арқылы жас өспiрiмдердi көтерiңкi рухта тәрбеилеудi iске асырған және соның тамаша үлгiсiн көрсеткен. Мысалға Көктем деген немене? деген өлеңінде:
— Көктем деген немене?
— Көктем деген көп жаңбыр.
Әнге салып әуеде,
Қарлығаш ол тұрған бiр.
Көктем деген — ашылған
Бұлақтардың көзi ғой.
Ақ тұманның басында
Жаңа туған қозы ғой .
Көктем деген, балалар,
Құлыншақ қой зулаған.
Еркелеген далаға
Құрық салсаң тулаған.
Көктем деген қыстайғы
Әнiмiз ғой айтатын.
Көктем деген құстар ғой
Туған жерге қайтатын[7,103б].
Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы февраль айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған.
Тұрған жеріміз құлазыған кең, жазық дала еді. Сондықтан да мен балалық шағымда егісті де, бақты да, арықты да көрмедім. Жазық кең дала менің Отаным болды. Мен киіз үйде өстім. Сол кездені барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. Бала кезімде мен тентектеу болдым. Қарттарды да, әкемді де тыңдағым келмеді. Мені қозы бағуға жіберетін, мен бармай қоятынмын. Маған отын тер дейтін, мен тіл ал-май қасаратынмын.
Менің ағам — әкемнің інісі белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес едім. Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тнгенде, барлық тентектікті ұмытып, Бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді. Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені катты кызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда даусым Бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім. 14 жасымда әкемнен қол үзіп, өзімше күн көруге мықтап бел байладын. Ораза кезінде үй-үйді аралап, жарапазан айтатын болдым. Менің өлеңім жұртқа ұнап, маған сый-сияпат көрсете бастады. 15-ке толған мен атақты ақын Сүйінбай туратын ауылға келдім. Домбырамды ұстап, оның үйіне танып келдім де, мен әндете бастадым.
Жүрегім менін елжіреп,
Көзімнің жасы мөлдіреп,
Өткізіп ем ертерек,
Өксумен бала шағымды.
Көксеген бірақ көбірек,
Бақытты болашағымды.
Алба-жұлба киініп,
Кедейлікке күйініп,
Жаяулап жерді жағалап,
Домбыраны сабалап,
Безегем тіл мен жағымды.[20,46б]
Өлеңіме риза болған Сүйінбай мені үйіне шақырып алып:
— Сенің ақындық дарының бар екен, даусың да жақсы, ұнайсың, жігітім,- деді Сүйінбай.
Қарт ақынның тілеуі бойынша мен көптеген әндерді құйқылжыта айтып бердім. Онын біреуін сол үйде отырып шығардым. Сүйінбайдың ақындық шеберлігіне бас иіп, қошеметімді, өзімнің жастығым мен тәжірибесіздігімді өлеңге қосып, Сүйінбайды аспан әлемін нұрға бөлеген таң шапағына, жарық жұлдызға теңеп, өзімді ақынның інісімін деп атап, көмегін, колдауын сұрадым. Ол уәде берді.
Бұл менің өмірімдегі ең бақытты минуттардың бірі еді. Сүйінбай түні бойы ақындық, шеберлік жайында әңгімеледі. Сөйтіп мен оның шәкірті болдым, онын өлекдерін жұртқа тараттым. Тек 16 жасымнан бастап қана мен өз бетіммен жырлауға бел байладым, бірақ көрнекті, тәжірибелі ақындармен айтысқа түспедім. Қазақ даласында айтыста жеңілу — ақынның өлгенімен тен саналатын. Сондықтан да … жалғасы
Дереккөз: https://stud.kz