Жағымсыз эмоцияға берілмеудің 5 тәсілі

0
Бір тақуа былай деп жазған екен: «Біз төбемізден құстардың ұшып өтуіне тыйым сала алмаймыз алайда, басымызға отырып ұя салуына көне алмаймыз», деп. Менің ойымша бұл нақыл осы тақырыпқа дөп келіп тұрған сияқты.

Кейде сіздің намысыңызға тиетіндей жағдай туған сәтте үндемей қалу мүмкін емес. Тіпті, сіздің ойыңызды тыңдағысы да келмейтіндей сыңай танытқанда ашуға берілмеу тағы мүмкін емес.
Сол сәтте қаншалықты ашуланып тұрсаңыз да, ойыңызға келіп тұрған нәрсені айтпаңыз, ашу-ызаға беріліп тұрған сәтте адамға дұрыс ой келмейді. Қалайда қарсыласыңызды сүріндіруді ойлайсыз, ол да сізді мұқатып салу үшін барын салады. Бірақ, қарсыласыңыздың айтқан қанша ауыр сөздеріне сол сәтте жауап бермей-ақ қоюыңызға болады, яғни үнсіз қалған дұрыс. Олай дейтінім, ол да жағымсыз эмоцияның жетегінде тұрғандықтан өзінің сізді қаншалықты ренжіткенін сезбейді. Сіз де неше түрлі ауыр сөздер айтып, дәл сол адамның істегенін қайталамаңыз дегім келеді.

Біз біреудің көңілін жаралап алудан қорқуымыз керек, мейлі, ол сіздің көңіліңізді қалдырса да. Адамның кемшілігін айтып, намысына тию қателік. Сол кезде мұқатып салдым — деп өзіңізді жақсы сезінесіз алайда, артынан өкінесіз. Себебі, Жаратушы мұны құп көрмейді. Сізге қанша ауыр сөз естіп тұрып, үндемей қалу оңайға түспес. Артынан «барлығын айтып салуым керек еді», — деп өзіңізге іштей ренжуіңіз де мүмкін.
Әрине, жағымсыз эмоцияға берілмеу мүмкін емес бірақ, Құдайға сеніңіз!
Жаратушыда үлкен күш бар, ол бәрін көреді, бәрін естиді, сол сәттегі көңіл — күйіңізді басқару үшін көмек сұрасаңыз ол сізге әрдайым көмектеседі. Жаратушы – біздің қорғанымыз және қалқанымыз!

Мен көпшілікті түсінемін, әркімнің эмоцияға берілмес үшін өз сезімін басқаруда түрлі тәсілдері бар. Десе де, осы мәселеге қатысты менің де өмірде жинаған тәжірибеммен бөлісуді жөн көріп отырмын.

Есіңізге сақтаңыз!

1) Эмоция үстінде ешқашан маңызды шешім қабылдауға болмайды!
Адам бойында түрлі жағымсыз эмоциялар болады олар: өкпе — реніш, қорқыныш сезімі, ашу — ыза, кек алу т. б. Осы сезімді бастан кешкен кезеңде үлкен қателіктерге бой ұрады. Қаншама қателіктер: Сүйгенін ажырасу, жұмыстан кету, жақындарымен қарым — қатынасты үзу жағымсыз эмоция үстінде жасалады. Бірақ сол сәтте соңын ойлай алмайсыз, себебі жағымсыз эмоцияның жетегінде кеттіңіз. Соңынан осының барлығы қателік екенін сезінесіз, алайда, қайта орнына келтіре алмауыңыз мүмкін. Сол үшін сіз «бүгін шешім қабылдауым керек» деген ойдан аулақ болыңыз! «Асыққан шайтанның ісі»,- деген нақылды есіңізде сақтаңыз.
Өз — өзіңізге келу үшін сізге уақыт керек, сонда ақыл орнына түседі, дұрыс шешім қабылдай аласыз.

2) Эмоция – сол сәттегі уақиғаға немесе іс — әрекетке деген адамның реакциясы болып табылады.
Біз сол сәтте өз қалауымызға сай келетін, өзіміздің көзқарасымыз бойынша дұрыс деп тапқан шешімді қабылдаймыз, оған қарсы келгенді мойындамаймыз. Біз сол сәтте соңы не болатынын білмейміз, кейбір жануарлар секілді «алдын — ала сезу» секілді ерекше сезімталдық қасиет адамға берілмеген. Сондықтан, екінші кеңесіме назар аударыңыз! Сізді жағымсыз эмоция сезімі жеңген сәтте өзіңізді ұстау қағидаңызды өзгертіңіз! Бұл әрқашан сіздің ойлануыңызға себепші.
Құдайға сеніңіз!
Құдайға сенсеңіз көзқарасыңыз міндетті түрде өзгереді. Өйтпеген жағдайда, бойыңызды ашу — ыза кернейді, кек алуды ойлайсыз, рухыңыз түсіп, қорқыныш сезімі билейді, уайымға салынасыз. Мұндай жағымсыз қасиеттермен күресу сізге өте қиынға соғады.
Кітап оқу арқылы немесе жазу арқылы ойыңызды басқаға аударуға тырысыңыз. Сізді мазалаған сұраққа Жаратушының қалай қарайтынына ой жүгіртіп көріңіз.
Уақыт өте келе барлығы ұмытылады, сіздің ойыңыз да өзгереді!

Есіңізге түсіріңіз! Бала кездегі ұрыс — керіс, жанжал сол сәтте ол соншалықты маңызды еді, қара бұлт басыңызға төніп тұрғандай сезініп едіңіз. Одан бері қанша уақыт өтті, сол кездегі ренжіген сәтті қазір күліп еске аласыз.

3) Ең бастысы құдайға деген сеніміңізді жоғалтып алмаңыз!
Сенім болған жағдайда қандай жойқын қиындық болса да, жол тауып шығуға болады, мейлі ол қорқыныш па, өкпе ме, әлде басқа ма? Жүрегіңіздегі иманыңыз берік болған жағдайда, болып жатқан келеңсіздіктердің бәріне шынайы көзқараспен қарай аласыз.

4) Менің ойымша, Құдайды еске ала отырып өзіңізді жақсы сезінесіз, өзіңізді мазалаған сұрақтың шешімін табасыз, болып жатқан жағдай туралы ой қорыту әлдеқайда жеңіл болады. Сіз өз қиындығыңызды жеңу үшін құдайдан күш сұраңыз, Жаратушы оны көреді, естиді және сізге күш береді, сіз анағұрлым жеңілдейсіз.
Адам өмірге келгенде қуанышты сәттер мен қиындық бірге жүреді. Кез — келген қиындық туған жағдайда батыл болыңыз!

5) Сіз өз өміріңізге жауапты екеніңізді ұмытпаңыз!
Сіз өз қиындықтарыңыз үшін айналаңызды кінәламаңыз. Жауапкершілікті басқаның мойнына артпаңыз.
Сіз өзіңіздің кінәсіз екеніңізді дәлелдеу үшін, кінәлі адамға ренжіп, қаһарыңызды төгіп, сол адамнан көңіліңіз қалатындай болса, оның соңы құдайды айыптаумен бітуі мүмкін! Біз бұған жол бермеуіміз керек.

Сіз сол адамдар мен олардың іс — әрекеті үшін жауапты емессіз, алайда өз өміріңіз үшін жауаптысыз және жауап бересіз.
Сол сәттегі келеңсіздікке өзіңіздің де жауапты екеніңізді ұмытасыз да, көңіліңіздің түсу себебін басқа адамнан яғни қарсыласыңыздан іздейсіз. Өзіңіздің де жауапты екеніңізді мойындағыңыз келмейді. Алайда, кез келген нәрсенің екі жағы болатыны секілді, болған келеңсіз жағдайда екі жақтан да қателік кеткенін ұмытпаңыз. Өзіңіздің де кінәңіз бар екенін мойындау қажет.

Сіздің сол сәттегі жасаған іс — әрекетіңіз үшін, жауапкершілікті мойынға алу яғни өз тарапыңыздан кеткен қателікті мойындау, қандай қиын жағдайда жеңіп шығуға көмектеседі.
Қателікті мойындау, жоғарыдағы аталған өкпелеу, ренжу, кек сақтау, кек алу сияқты жағымсыз эмоциядан арылуға көмектеседі.