Зеңгі баба тұқымы асылдануда |
Оқылды:
16
Бүгінде өңірімізде малды асыл тұқымдандыру бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Кейінгі жылдары жеке қожалықтар селекциялық асылдандыруға ерекше ден қойып, жаңа мал тұқымдарын өсіруге жұмылдырылып отыр. Ауыл шаруашылығы мамандарының мәлімдеуінше, ірі қара мал саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артып, 538,9 мыңды (2017 жылы 508,8 мың бас), жылқы 7,8 пайызға өсіп, 304,5 мыңды, қой – 993 мыңды және құс 3,9 миллионды құраған. 9 айдың қорытындысы бойынша облыста 92,2 тонна ет, 368,5 тонна сүт өндірілді. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңартылған бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мал шаруашылығы саласы да тұрақты дамып келеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес. Осы тұста Үкімет тарапынан қомақты субсидия қаралып жатқанда мал басының көрсеткіші өсетіні анық. Биыл етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі басымдығы – ет экспортын арттыру. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында «ҚазАгро» АҚ және қаржы институттары арқылы импорттық асыл тұқымды және тауарлық малды сатып алуға жеңілдетілген несие беру басталды. Биыл жоғарыда аталған бағдарламаны іске асыру аясында, малдың тұқымын жақсарту үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 10 мың импорттық ірі қара мал, ал, 2024 жылға дейін – 192 мың тонна сатып алу жоспарлауда. Осы мақсатта облысқа «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ даму институттары арқылы 6 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінгі күні 136 шаруашылық 5,5 млрд. теңге сомасына 8,9 мың мал сатып алды. Оның ішінде 91 шаруашылық 3,5 млрд. теңге сомасында несие алған.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы облыста енді бағдарын тауып, қарқын алған секілді. Сонымен қатар, бұл салаға биыл облыс әкімдігі тарапынан қосымша қолдау да көрсетілмек екен. Өңірімізде селекциялық мал шаруашылығын жоғары деңгейге көтеріп, репродукциялық аймаққа айналуға барлық мүмкіндік бар. Бағдарламаға басымдық берілсе, көрсеткіштеріміз де көңіл көншітіп, ет пен сүт өндірісі өркендеген өңірге айналарымыз анық. Өйткені, бүгінде берілетін несиенің негізгі көлемі 70 млн. теңгені құрап отыр. Үкімет тарапынан ауқымды қаржы 15 жыл мерзімге 4 пайызбен берілуде. Бұл бағдарламаның оңтайлы жағы, алатын мал мен техниканы несиеге кепілге қоюға болады. Осы орайда, «малдың жайын баққан біледі» деген қағидамен асыл тұқымды мал шаруашылығының даму жайын елді мекендердегі қожалықтардың өздерінен сұраған едік. Шет ауданындағы Талды селолық округіне қарасты «Ынта-Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Ерсұлтан Әбеновтің айтуынша, олар 101 бағытындағы сиырды көрші Ресейден сатып әкелген. Ірі қара малдарын қалың жиналмайтын төсеніштерде ұстау үшін қораны едендеп, 150 сиырға орын жасаған.
– Әр кәсіпті бастау үшін табандылық қажет. Менің негізгі мамандығым заңгер. Бірақ, ерінбей еңбек еткен адамның, еңсерер биігі көп. Алдымен «Бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті оқып, содан кейін осы кәсіпке бет бұрдым. «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорынан» «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, Ресейден сиыр сатып әкелдім. Сонымен қатар, техника сатып алып, шаруашылықты өркендетіп отырмын. Осы саланы дамыту үшін бар күш-жігерімді салып, дамытуға тырысамын, – дейді 21 жастағы Ерсұлтан Әбенов.
Айта кету керек, әрбір жобаға байланысты да талаптар қойылады. Мысалы, кәсіпкер мал бордақылау алаңын ашам десе, сатып алынатын мал басын ұстау үшін қажетті қора, ауылдық округте ветеринарлық-санитарлық жағдай дұрыс болғаны жөн. Мал азығы жеткілікті болуы керек немесе оны сатып алатын қаржысы болуы қажет.
– Бүгінде Қор жүзеге асырып жатқан несиелеудің басым бағыттары бойынша мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары қарастырылуда. Мәселен, етті бағытта мал шаруашылығын дамытамын деген азаматтар субсидия ала алады. Сатып алған мал мен техниканы кепілге қойып, несиенің 75 пайызын жаба алады. Сонымен қоса, шаруа өз мүлкін қойып 25 пайыз қамтыса, несиені алуға мүмкіндік зор. Бір айта кетері, облыстық ветеринария басқармасымен тығыз байланыста болып, малды әкелу тәртібін сақтау керек. Оларға өтініш беріп, рұқсат болған соң ғана мал әкелуге болады. Қазіргі уақытта, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» Қарағанды филиалына 6 мың басқа 94 өтініш түсті. Сондай-ақ, кооператив шаруаға техника, тыңайтқыш, жанар-жағар май, тұқым немесе мал азығын дайындау жұмыстарына көмек беріліп отырғанын айта кеткеніміз жөн, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ҚОФ несиелендіру бөлімінің басшысы Ербұлан Түшкенов.
Зеңгі баба тұқымының қыстан қысылмай шығуы үшін де қажетті жағдайлар жасалып, жем-шөп қоры молынан әзірленіпті. Нәтижесінде жоспар асыра орындалып, мал азығы артығымен дайындалған. Енді мал қыстату науқанында еш кедергі жоқ. Әзірге, мал жайылымдары да ашық. Бұл биылғы қыс жайлы басталғандығын аңғартып отыр. Десек те, қаңтарға қарай қаһарына мініп, күн аязданады деген болжам бар. Бүгінде мал қыстату науқаны өңірлерде ойдағыдай өтуде. Ерсұлтан жас та болса, бас болып, атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтыруды көздеп отыр. Шаруашылығының қыры мен сырын жете меңгеріп, оны өрістетуге шама-шарқынша үлес қосуға бел буған қожалықтың ісіне береке тіледік.