Home Lifestyle Зейін сыны. Ең ұзақ 10 роман

Зейін сыны. Ең ұзақ 10 роман

0
187

Зейін сыны. Ең ұзақ 10 роман

Интернет адамдардың зейінін біртіндеп жойып жатқаны жасырын емес. Болашақта роман тұрмақ бес беттік әңгімені соңына дейін оқудың өзі мұң болатын шығар. Бірақ әдеби шығармалар қанша ұзақ болса да, оқырман зейінін қызық сюжет, әсерлі композиция, жазушы тілі сақтап қалады. Ендеше назарыңызға ең ұзақ романдар топтамасын ұсынамыз.

«Поннидің ұлы»

Калки Кришнамурти
900 000 сөз/2400 бет

1950 жылдары шыққан бес томдық бұл тарихи роман Чола әулетінің патшасы Раджараджа Чоланың оқиғасын баяндайды. Оқиға Х-ХІ ғасырларда өрбиді. Автор романды жазу үшін үш жыл алты ай уақытын сарп еткен.

«Келидар»

Махмұт Доулатабади
950 000 сөз / 2836 бет

«Келидар» – 1984 жылы шыққан әйгілі парсы романы. Кітапта ирандық Себзевар қаласында тұратын күрд отбасына көршілері көрсеткен қысымы мен озбырлығы, Иранның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қоғамдық жағдай баяндалады. Махмұт Доулатабади шығарманы 15 жыл жазған.

«Жүсіп және оның ағайындары»

Томас Манн
1492 бет

Неміс жазушы Томас Манн жазған эпикалық тетралогия соғыс ортасында, 1943 жылы, Швецияда жарияланды. Романда Інжілдегі Жақыптан Жүсіпке дейінгі кейіпкерлердің белгілі оқиғалары баяндалады. Төрт томды жазу үшін жазушының 16 жыл уақыты кеткен.

«Кларисса немесе жас ледидің хикаясы»

Самуэль Ричардсон
984 870 сөз / 1534 бет

1748 жылы шыққан бұл роман эпистолярлық бағытта жазылған. Сюжет кейіпкерлердің хаттары арқылы өрбиді. Шығармаға Клариссаның қайғылы тағдыры өзек болады. Автордың романды жазу үшін қанша уақыт жұмсағаны белгісіз, бірақ бұл жазушының эпистолярлық жанрда жазған алғашқы романы емес. Бұған дейін Ричардсон «Чарльз Грандиссон хикаясы», «Памела» сияқты романдар жазған.

«Менің күресім»

Карл Уве Кнаусгорд
1 000 000 сөз / 3600 бет

Алты автобиографиялық романнан тұратын «Менің күресім» циклі 2009-2011 жылдар аралығында жарияланған. Цикл біртіндеп шыға бастағанда, оқырмандар арасында аса танымал бола кетеді. Біріншіден, кітап атауы Гитлер кітабімен аттас, екіншіден, автор өз достары мен туыстарына қатысты және өзге де оқиғаларды шыншыл суреттейді. 5 миллионн халқы бар Норвегияда кітап 450 000 данада таратылады. Швед, дат, ағылшын тілдеріне де аударылған.

«Цеттель түсі»

Арно Шмидт
1 100 000 сөз / 1536 бет

Арно Шмидт Ганс Волльшлегермен бірге Эдгар Алан Поның шығармаларын неміс тіліне аударып жатып, аударманың, әсіресе По шығармаларын неміс тіліне аударудың қиын екенін баяндайтын роман жазу ойына келеді. Роман 1970 жылы жарық көрген және Шмидт шығармашылығының шыңы саналады.

«Қасиетсіз адам»

Роберт Мүзіл
1774 бет

Үш кітаптан тұратын бұл роман 1913 жылғы автро-венгрия монархиясының соңғы күндерін көрсететін роман. Шығарма сол арқылы ақмқат пен пікір, идея мен қоғам сияқты ауқымды тақырыптарды қозғайды. Роберт Мүзіл қайтыс болып, шығарма аяқталмай қалған, оның өзіне 13 жыл уақыт кеткен.

«Жер миссиясы»

Л. Рон Хаббард
1 200 000 сөз / 3992 бет

Он кітаптан тұратын «Жер миссиясы» циклі Рон Хаббардтың шытырман фантастика жанрында жазған ең танымал шығармасы. Танымал болғаны сонша, кітаптарды кей елдерде тыйым салуға ұмтылған. Соған қарамастан кітаптар бестселлер болды, себебі кітапта қозғалған мәселелер қоғамда ішінара қайталанып отырған.

«Жоғалған уақытты іздеу»

Марсель Пруст
1 267 069 сөз / 3031 бет

Гиннестің рекордтар кітабына ең көлемді роман болып енген Прусттың бұл туындысында екі мыңнан аса кейіпкер бар екен. Баяндаушының балалық шағынан есейген шағына дейінгі есте қалған дүниелері шығармаға өзек болады. 1913-1927 жылдары жарияланған бұл романды сыншылар модернистік ең соңғы роман деп таниды.

«Артамен немесе Ұлы Кир»

Мадлен де Скюдери
2 100 000 сөз / 13 095 бет

XVII ғасырда жазылған бұл роман он томнан тұрады. Шығарманың негізгі сюжеті Мидия патшасы Кир (б.з.д. VI ғасыр) төңірегінде өрбиді. Шығармаға сондай-ақ өзге дәуірлерде өмір сүрген Солон, Фалес, Сафо сияқты тарихи тұлғалар да енген. Роман өз заманында өте танымал шығарма болған. Оны көпшілік антика энциклопедиясы деп таныған.

Бұл – осы топтаманың ең ауқымды романы.