Визиттік карточкалар
Визиттік карточкаларды қолдану тарихы ерте кездерден басталған, қазірге дейін оларды пайдалану бойынша белгілі бір нормалар қалыптасқан. Визиттік карточка – таныстарда, іскерлік серіктесте, клиентте сіз туралы қалатын мәлімет. Карточкада тек жалпы мәліметтер ғана болып қоймай, имиджді қалыптастыратын ақпарат болады. Ереже бойынша визиттік карточка – ақ жартылай қатты картонда типографиялық тәсілмен қара түспен жазылған мәтіні бар шағын төртбұрыш. Оның өлшемдеріне қатысты нақты талап жоқ.
Карточканың шрифті жеңіл оқылуы тиіс. Адамның аты көбінесе үлкендеу өлшеммен жазылады. ВК егесі қай елде тұрса, сол елдің тілінде немесе ағылшын тілінде жазылуы мүмкін. ВК-ның көптеген түрлері бар, олардың тек жиі кездесетіндері төмендегідей:
Стандарттық карточкада фамилия, аты-жөні үлкен әріптермен жазылып, лауазымы кіші әріптермен жазылады. Әдетте фирма мекен-жайы және телефон жазылады (үй, жұмыс, жеке). Мұндай карточкалар жаңадан танысқан кездесулерде қолданылады.
Арнайы мақсаттарға арналған карточкада фирманың мекен-жайы және телефоны жазылады. Егер сізге осындай мәліметі ғана бар карточка берілсе, демек оның егесі қарым-қатынасты жалғастыруға ниеті жоқ болғаны. Ол тек өзін таныстыру мақсатында қолданған. Бұл карточканың берілетін екінші жағдайы бар: сіз жақсы танитын серіктесіңіз сізге сыйлық беріп жіберу кезінде қасына осындай карточканы қыстырады. Демек, сіз бұл фирманың атын оқысаңыз, кім жібергенін де бірден табасыз.
Іскерлік визиттік карточкалар заманауи іскерлік қарым-қатынастың ажырамас атрибуты болып саналады. Іскерлік серіктестермен кездесуге барар алдында міндетті түрде жеткілікті санда ВК алып шығу керек. Ең алғашқы таныстық ВК алмасумен басталады. Егесі туралы толық мәліметпен қоса, онда фирма логотипі де беріледі. Мемлекеттік қызметкерлердің ВК-да мемлекеттік елтаңба немесе ту бейнеленуі мүмкін. Іскерлік ВК-да лауазым мен титул, дәрежесі де беріледі. Телефон номері өзгерген болса, үстінен өшіріп өзгертуге болады. Бірақ грамматикалық қателіктерді жөндеу этикетке лайықты емес. Егер фирманың бірнеше филиалы бар болса, онда олардың барлығын да енгізуге болады.
ВК-ны сыйлықпен немесе сәлемдемелермен қоса салып жіберуге болады. Көптеген елдерде ВК-ның төменгі сол жағында қысқарған сөздерді жазып жібереді. Ол арқылы сәлемдеме қандай мақсатта жіберілгенін анықтауға болады. Сөздер француз тілінен алынған:
• P.F. – pour feliciter – құттықтау, бақыт тілеу.
• Р.С. – pour condoleance – көңіл айту.
• P.R. – pour remercier – алғыс айту.
• P.P. – pour presenter – таныстыруға рұқсат етіңіз;
• P.F.C. – pour faire connaissance – керемет таныстық үшін;
• Р. Р.С. – pour prendre conge – қоштасу белгісі ретінде;
• P.F.N.A. – pour feliciter du Nouvel An – Жаңа жылда ізгі тілектермен;
• P.F.V. – pour faire visite – кездесуге ниеттену.
Мұндай қысқартулар біздің елде кең таралмаған, сондықтан оны жіберер алдында адресаттың түсінетін-түсінбейтінін анықтап алған жөн.
Визиттік карточканы сырттай таныстықтар үшін де қолданады. Мұндай кездерде төменгі сол жағына Р.Р. әріптерін жазады. Адресат бір тәуліктің ішінде жауап ретінде ВК жібергені іскерлік этикетке сай. ВК-ның отбасылық түрі де тәжірибеде кездеседі. Онда жұбайлар туралы мәлімет енгізіледі. Егер бір отбасы келесісіне ВК бергісі келсе, екі данасын – үй егесіне және жұбайына береді. Ғылыми және шығармашылық сала тұлғалары үйде де жұмыс жасай беретін болғандықтан, жұмыс және үй мекен-жайын бірге жазуы керек. Сатушылардың, рестораторлардың, баспагерлердің ВК-лары конторкаға шығарылып тұруы мүмкін. Мұндайда оларды келушілер рұқсатсыз-ақ ала береді.
дереккөз:bilim-all.kz
Дереккөз: https://massaget.kz/