Ұстаздарға арналған өлең шумақтары, әр пәнге арналған тақпақтар

0

Ұстазым – ұлағатым, үлгі — өнегем
1. Фон. Музыка (слайд қосу)
Бірінші бөлім:
2. Фанфары. Оқушылар сахнаға шығып, арнау өлеңдер оқиды

БАСТАУЫШ
Мен алғаш мектеп есігін ашқанымда,
Күнім болып көріндің аспанымда.
Білім болып егілдің жас жаныма,
Гүлің болып төгілдің асқарыма.
Біз дегенде ұмытып бала қамын,
Қас қағымға қасыңнан тастадың ба?
Бастауыш апайларым жас жадымда!

ГЕОГРАФИЯ
Сізбенен біз бар әлемді қиялменен шарлаймыз
Тест орындап, зерттеу жасап, сабақтардан қалмаймыз.
Сіз кіргенде дәу картаны қолға алып есіктен,
География, алма апай келді деп біз жайнаймыз.
Ағылшын 3 тіл білген орасан зор талабы,
Әрқашанда ашық — жарқын қабағы.
Бақыт апайдың әрбір берген сабағы
Мәңгі, мәңгі, мәңгі есімде қалады.
Күнделіктен сабақ кестесін қараймын,
Ағылшын көрсем, нешінші деп санаймын.
Тіл үйретер Гүлнар дейтін апайды,
Көрейін деп мектепті тез қалаймын!

«Good morning, teacher» деп бастаймыз оның әрбір сабағын,
Бақылаймыз кейде біраз түйіп келген қабағын.
Нұрзила апай сізге де алғыс айтып әрқашан,
Түскі ауысым арасынан өзіңізді табамын!

ХИМИЯ
Бар ғұмырын химияға арнаған,
Ол білмейтін ешбір элемент қалмаған.
Гүлмира апай сізге де үлкен алғыс,
Химияны ойға тоқып, үйретуден талмаған!

БИОЛОГИЯ
Ген, рнк, днк деп тіл қатқан,
Дүние деген тұрады екен шешілмеген жұмбақтан.
— сен әкеңе ұқсағансың, балам – ау, — деп біздерге
Ырысбүбі апайымыз биологиядан үн қатқан!

ХИМИЯ
Баян апай – мектепте орны бөлек,
Сүйеді шәкірттеріңіз сізді ерек.
Тамыры тереңге тартқан нәрлі ағаштай,
Әр қашан аман болып жүрсін дер ек.

ФИЗИКА
Дүниемен танысуға берген талай көмегін,
Физиканы ең маңызды пәннің бірі дер едім.
Оны үйреткен Эльмира мен құралайдай апайлар,
Сіздер барда физикамен сусындап мен келемін.

МАТЕМАТИКА
Қосып, алып, бөліп тағы көбейткен,
Шаршы ауданын тауып, санды теңейткен.
Гүлбаршын апай, Асия апай мың алғыс,
Есептеуді бізге талмай үйреткен!

ОРЫС ТІЛІ
Жас ұрпаққа жалынды
Сөз маржанын дарытқан.
Алдындағы баламен,
Тіл арқылы табысқан
Орыс тілін меңгерген
Үйретуді жөн көрген
Балқиядай, Гүлнардай,
Салтанат пен Ғанидай
Ұстаздарымыз әрқашан,
Ұрпаққа жаңа өн берген!

ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақ тілім, өз тілім, ана тілім,
Мұхтар, абай сөйлеген дана тілім.
Осы тілдің ұқтырған терең сырын,
Шайзат апай, Гүлсара апай, мақсат ағай,
Әрқашан да біздерге берген білім.

СЫНЫП ЖЕТЕКШІ
Ұстазым екінші анам аялаған,
Біздерден бар білімін аямаған.
Жетекші апай сізге ерекше көп алғыс,
Таңертең күнде құшақ жаяр алдан

Әр адамға құрметпенен қараған,
Өз бойынан мол ізгілік тараған.
Талап пенен тәртіпті тек ту етіп
Гүлсінай апай сіздей қайда бар адам?!

3. Домбырамен арнау айтылады.

Негізгі бөлім:
4. Жүргізушілер сахнаға шығады:

1 — жүргізуші
Армысыздар бұл кештің қонақтары,
Халқымның әрқашан да қонақ – бағы!

2 — жүргізуші
Армысыздар, ұстаздар, асыл жандар,
Шуақ болып көңілге шашылғандар!
Білім беріп біздерге талмай, тынбай,
Ғылым, ілім, оқуға шақырғандар!

3 — жүргізуші
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ — даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!

1 — жүргізуші
Егер өткен күнге біраз шегінер болсақ, осыдан он бір жыл бұрын біз қолына әліппе ұстап, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер едік. Ал бүгін..
2 — жүргізуші
Ал бүгін біз ер жетіп, ұясынан ұшқалы тұрған бала қыран тәрізді көкке самғауға дайын тұрмыз.
3 — жүргізуші
«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген осы екен. Бүгінгі таңда біз 11 — сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасқалы тұрған жас ұрпақпыз. Сондықтан бүгін біз 11 жыл бойы үздіксіз білім берген ұстаздарымызды құрметтеп, мерекелік кешімізді сол жандарға арнаймыз!

Үш жүргізуші бірге: «Мерекелеріңіз құтты болсын!»

1 — номер: ХОР «Ұстазым»
Сахнаға2 оқушы шығады:
1 — оқушы: — Иә, бұл күнге де жету үшін біраз тер төккеніміз рас. «Боларынан боладысы қызық» демекші, бұл мерекеге дайындығымыз да қызықты өтті емес пе?
2 — оқушы: — Дұрыс айтасың,……. Дайындығымыздың қалай өткені сіздерге де қызық шығар, ия, құрметті ұстаздар. Ендеше экранға назар аударайық. (экранда мультфильмнен үзінді )

1 — оқушы: Білесіңдер ме, достар, ұстаз деген қанша мамандықтың иесі екенін?
2 — оқушы: Оны санау қиын шығар, бірақ ұстаз, ең алдымен, шәкіртіне бағыт беретін педагог, оның ойын тыңдайтын психолог, оқушыға сабақ түсіндіргенде кейде актер де, әнші де, тіпті биші де болады емес пе?
3 — оқушы: — Биші, ол да мүмкін бе? Негізі, мен ұстаздардың билегенін көрмеппін, ұстаздар көзге қатал болып көрінеді емес пе?
1 — оқушы: Ендеше, көрмесең, байқап көр. Қазір сахнаға біздің сыныптас жолдастарымыз «Твист» биімен шығады. Ал ұстаздарымыз оқушыларды қолдап, бірге билейді.
2 — оқушы: А — а — а, сонда ұстаздар өз заманында болған мектептегі дискотеканы бір есіне түсіреді десеңші.
3 — оқушы: Ендеше, тамашалайық. «ТВИСТ» биі.
2 — номер: Би. «ТВИСТ»

1. Сахнаға 3 — 4 оқушы шығады.
1 — оқушы: — Достар, мен сендерге бір нәрсе айтайын ба?
2 — оқушы: — Иә, айтшы, не ол?
3 — оқушы: Мұғалім демекші, балалар, осы апайлар бізден әр жылдың соңында қорытынды емтихан жұмыстарын алады емес пе?! Маған бір ой келіп тұр. Бүгін біз — мұғалім, ал мұғалімдер – оқушы болсын. Осы сәтті пайдаланып біз де ұстаздарымыздан сынақ алайық. Ендеше әр ұстаз мына сандықшаға салынған билеттерден алып, сол билетте жазылған сұрақтарға жауап берсін.
Ұстаздарға арналған сұрақтарды қояды:
1. Сіздің ең алғашқы махаббатыңыз
2. Сабаққа кешігіп келген күндеріңіз болды ма?
3. Түрік сериалдарын үзбей көресіз бе?
4. Агентке аптасына неше рет кіресіз?
5. Сіздің ең жақын досыңыз бар ма?
6. Бір ән орындап беруіңізді сұраймыз.
7. «2» деген бағаны алып көрдіңіз бе? я болса, не үшін?
8. Сабақта анекдот айтқан кездеріңіз болды ма?
9. 11 «А» сыныбына айтатын тілегіңіз.
10. Бақытты билет (сол билетте келесі орындалатын әннің аты жазылып тұрады)

3 — номер: Ән. «Көзіңнің мөлдірін – ай» оқушының орындауында.
Сахнаға оқушылар жеке — жеке шығып, ұстаз туралы өлең жолдарын оқиды.
4 — номер: Ән «Қазақтың қызымын» Альбина
Сахналық қойылым. «Мектептегі бір күн»
Қойылымға қатысатындар: Азиза, Игілік, Аяжан, Айдана, Ұлтуар, Алмас
5 — номер: «Өзбек биі» орындайтын Әмірәлі Ұлтуар
1 — жүргізуші:
Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Азизаның «Лезгинка» дейтін биі
Ұстаздарым сіздерге арналады!

6 — номер: «Лезгинка биі»- Утеген Азиза
2 — жүргізуші:
— Осы мен түсінбедім, бүгін біз өзбектің биін биледік, тау халқының биін биледік, твистті биледік, әй, сонда қазақ биін неге билемейміз? Сонда не өз ұлтыңның өнері өзгелерден кем болғаны ма? Қазақ бола тұра, қалай біз осылай жасаймыз?
1 — жүргізуші:
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз — ақ қана!
Мәңгiлiк Ай астында, Жер үстінде
Қазақтың жанашыры — қазақ қана!

3 — жүргізуші: — Қарсы алыңыздар! Алдарыңызда «Қазақ биі» Орындайтын сыныбымыздың ару қыздары. 7 — номер. Қазақ биі
Сахна сыртынан 1 — жүргізуші:
Балалық, сенен артық күнім бар ма,
Бала күнде бойымда мінім бар ма?
Бәріне жетем деймін, алам деймін,
Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма?
8 — номер: Ән « Балалық шақтың бекеті». Оқушының орындауында.
Әннің соңына қарай оқушылар сахнаға шығады. Ән орындалып біткен соң мектеп әкімшілігіне құттықтау сөзін береді.
Қорытынды:
Сахнадағы әр оқушы «Ұстаз» деген сөзге анықтама береді.
1 — жүргізуші: Осымен, біздің мерекелік кешіміз өз мәресіне жетті. Ден қойып тыңдағандарыңызға мың да бір рахмет. Көріскенше ел аман, жұрт тыныш болсын.
Ұстаздар, жұмыстарыңыз жемісті, шәкірттеріңіз алғыр, ғұмырларыңыз ұзақ болсын.

Алматы қаласы,
Қ. А. Яссауи атындағы №123 МГ
мұғалімі Елшібай Ү. Ж.