«Ұшы-қиырсыз жол» атты проза жинағы жарық көрді

0

13 қаңтар күні Алматылық ашық әдебиет мектебінің 10 жылдық мерейтойына орай проза жинағының тұсаукесері өтеді. «Шеврон» компаниясының қолдауымен жарыққа шыққан жинақ «Ұшы-қиырсыз жол» (Дорога без конца) деп аталады. Бұл шығармалар жинағы «Отандасыңды оқы» жобасының аясында жарық көрген.

Жинаққа дәл осы мектептің тәлімін алған 32 автордың туындысы енген. Шығармалардың арасында  ересектерге және балаларға арналған әңгімелер, романдар мен повестерден үзінділер, ертегілер мен хикаялар, фантасмагория және трэвелогтар бар.

«Бұл мерейтойлық жинақтың тақырыбы қандай? Мәңгі, маңызды нәрселер. Өзін-өзі іздеу, махаббат пен адалдық, опасыздық пен ажал. Әр оқырман өзіне ұнайтын тақырып таңдап алады. Көз алдында ұшы-қиыры жоқ әдебиет кеңістігі ашылады. Бұл сиқырлы бақ осыдан он жыл бұрын егілген, ағаштары дәнектен шығып, бапталып, қазір жемісін бере бастады», — дейді ААӘМ проза және балалар әдебиеті семинарының жетекшісі және жинақ редакторы Елена Клепикова.

Алматының ашық әдебиет мектебі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы он жыл ішінде 500-ге жуық жас автор әдебиет теориясы мен жазушылық шеберліктен білім алған. ААӘМ бітірушілері әр жыл сайын Халықаралық жас жазушылардың форумдарына шақырту алады. Түлектердің арасында халықаралық әдебиет байқаулары мен сыйлықтарының иегері атанғандар да бар. Соның ішінде «Алтын қалам» әдебиет сыйлығы, «Дебют» тәуелсіз әдебиет сыйлығы, В. Крапивин атындағы халықаралық балалар сыйлығы, С. Михалков атындағы әдеби байқауы, «Корнейчуковская премия» және тағы басқа халықаралық, республикалық әдебиет байқауларында топ жарған түлектер бар. ААӘМ бітірушілердің кітаптары Қазақстан, Ресей, АҚШ және Германияда жарық көрді.

Он жыл ішінде ААӘМ өз түлектерінің екі проза жинағын шығарды. «Үлкен үзіліс» (Большая перемена) және «Тауда шырша шығыпты» (В лесу родилась ёлочка) жинақтарының қатарына жақында үшіншісі қосылмақ.

Нақтырақ айтсақ, жинақтың тұсаукесері қаңтардың 13 күні сағат 11:00-де Алматы қаласындағы American Space Almaty әлеуметтік алаңында (SmArt.Point коворкинг кеңістігі, бірінші қабат, Almaty Towers бизнес орталығының ғимараты, Байзақов көшесі, 280, Сәтбаев көшесінің қиылысы) өтеді.


Дереккөз: https://massaget.kz/