Ұлытаулықтар — әлемдік туризм көрмесінде |

0


Оқылды:
5

Ұлытаулықтар сөздің шынайы мағынасында туризмді түлету мәселесіне білек сыбана кіріскені аңғарылады. Әсіресе, Ұлт бесігінде орналасқан «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы басшылығы мен ұжымының осы бағыттағы іс-қимылдары аса белсенді. Жуырда аталған қорық-мұражайдың көшпелі көрмесі Барселонадағы (Испания) IBTM WORLD 2018 халықаралық туристік көрмесіне қатысып қайтты.

Осы орайда IBTM WORLD әлемдік туризм саласындағы ірі көрмелердің бірі екендігін ескерте кету артықшылық етпейді. Халықаралық деңгейдегі беделді көрмеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдау көрсетуі негізінде барған қорықмұражай қызметкерлері әлемнің әр түкпірінен жиналған туризм саласына тікелей немесе жанама түрде қатысы бар қауымды үш күн бойы Ұлытау өңірінің туристік әлеуетімен жете таныстырды. Соның аясында Ұлы Дала төсіндегі қастерлі орда төңірегіндегі тарихы тағылымды жерлер мен мәдени нысандардың құндылықтары және ерекшеліктері хақында егжей-тегжейлі баяндалды. Бұдан тысқары, қызығушылық танытқан тараптарға туристік бағдарлар туралы мол мәліметтер ұсынылды.

Оқиға ортасында болған қорық-мұражай қызметкерлерінің айтуынша, биылғы жылы көрмеде 141 елден туризммен кәсіби тұрғыда айналысатын 15 мыңнан астам білікті мамандар болып, өздеріне қажетті деректерді жинастырыпты. Көрмеге орналастырылған Ұлттық павильон ресми түрде Қазақстанның Барселонадағы консулы Данат Мусиннің қатысуымен ашылыпты. Сол күннен бастап павильон қонақтары қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, дәстүрлі әндерімен сусындау мүмкіндігін иеленіпті. «Қара жорға» биін тамсана тамашалап, тәнтілік танытыпты. Сонымен қатар, павильон меймандары Қазақстан туралы танымдық ойындарға қатысып, ұлттық ойындардың философиялық қырлары мен сырларына үңілуге ықылас білдіріпті.

– Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты стратегиялық мақаласында «Атқа міну мәдениетін» бір қыр ретінде атады. Сол арқылы туристердің қызығушылығын еселеп арттыруға болады. Біздің қорық-мұражай – жылқы малына қатысты ұлттық салт-дәстүрлердің қорғаушысы әрі дәріптеушісі. Бұл жоралғылар тұтас Қазақстанда тек Ұлытау ауданындағы Терісаққан ауылында толыққанды сақталған. Қорық-мұражайдың бастамасымен бұл жоралғылар таяуда ЮНЕСКО-ның «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» атауымен адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Сондықтан, Барселонада қорық-мұражай аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды ғана таныстырып қоймай, біздің брендімізге айналған «Терісаққан көктемі» фестивалін де насихаттауға тырыстық. Ұлттық құндылықтарға негізделген қазақстандық павильон көрменің екінші күні үздіктер қатарынан көрініп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықпен марапатталды, – дейді «Ұлытау» қорық-мұражайы директорының орынбасары міндетін атқарушы Баян Шайгөзова.

ҰЛЫТАУ ауданы.