Ұлыбритания Корольдік отбасынан «халық сүйіктісі» анықталды
YouGov аналитикалық компаниясы Ұлыбритания Корольдік отбасы мүшелерінің халық арасындағы танымылдығы бойынша рейтинг жасады.
Халыққа жүргізілген сауалнама нәтижесіне сай, көпшілік Елизавета патшайымды емес, оның немересі Гарри ханзаданы ұнатады екен. Сассекс герцогы 77 % дауыс жинаған.
Екінші болып патшайымның өзі тұр. Ол немересінен 3 %-ға артта қалған. Үшінші және төртінші орындарды ең сүйкімді жұп — Уильям мен Кейт Миддлтон өзара бөліп алған. Алдыңғысы 73 %, кейінгісі 64 % дауыс жинаған.
Бесінші сатыда патшайымның өмірлік жары Филипп ханзада (56 %) орналасқан. Бір қызығы, өткен Рождестводан бері бар әлем назарын өзіне аударған Меган Маркл 55 %-бен 6-шы орынды місе тұтты.
Алғашқы ондықты Чарльз ханзада (48 %), Анна ханшайым (47 %), оның қызы Зара Филлипс (43 %) пен Камилла (29 %) қорытындылайды.
Рейтингтің толық нұсқасымен танысамын десеңіз, мына сілтемеге өтіңіз. Ал, халықтың Гарри ханзадаға деген ықыласы мына видеодан-ақ байқалып тұр.