Ұлы өнердің етегінде танысып, шыңына бірге шыққан ғашықтар

0

Ave Майя: Ұлы өнердің етегінде танысып, шыңына бірге шыққан ғашықтар

Бүгін – есімінің өзінен көрерменнің ыстық қошеметі естілетін ұлы балерина, бар әлемді бір ғасыр бойы «өзіне табындырған» Майя Плисецкаяның туған күні.

Осы атаулы күнге орай, бишінің мәңгілік махаббаты, өмірлік серігі, ұлы композитор Родион Щедринмен бір шаңырақ астында өткізген 57 жылының сырын ашып көрейік.  

Би мен музыка: егіз жаратылыс 

Аты аңызға айналған балерина тірі болса бүгін 93 жасқа толар еді. Балет өнерінің болашақ жұлдызы Мәскеуде дүниеге келген. Балалық шағын Шпицберген архипелагында өткізген.

1937 жылы әкесі ату жазасына кесіліп, анасы мен інісі түрмеге кетеді. Майя мен тағы бір туған бауыры нағашы әпкесі мен жездесінің тәрбиесіне өтеді. Олар театр бишілері болған.

Плисецкая  бала кезінен анасы секілді актриса болуды армандаса да, әпкесінің ізімен 1943 жылы хореографиялық училищеге оқуға түсіп, оны бітірген соң бірден әйгілі «Большой театрға» шақырту алады.  Одан кейінгі мансабында Плисецкая нағыз примаға айналып, сол шыңынан бір саты да төмендемеді.

Родион Щедрин де Мәскеуде, музыканттар отбасында дүниеге келген. 1943 жылы бар болғаны 11 жасында соғысқа қашып кетпек болады. Осы қылығынан кейін әкесі оны хор училищесіне оқуға беріп жібереді. Ақыры Щедрин консерватория бітіріп шығады. Оған теңдессіз музыкант деген атақ ерте жастан келген.

Жауынбақыттың белгісі 

Әлі күнге дейін нағыз махаббатың символына айналған ұлы тұлғалар туралы аңыз әңгімелер көп айтылады. Солардың бірінде Родион болашақ жарын 17 жасында кездестірген екен (Бірақ ол кезде жас таланттар бір-бірінің тағдыры екенін сезбеді, олар бірнеше жылдан кейін ғана қосылды) деседі. Ол кезде Майя 24-те екен.

Родион көпшілікпен бірге концерт тамашалап тұрғанда кенет жаңбыр жауып кетеді. Музыканттар сахнадан секіріп түсіп ыққа тығыла бастайды. Майя болса, ештеңе сезбегендей биін жалғастыра берген екен. Сол кезде жас жігіт биші қыздың қылығына тәнті бопты.

Олар 1955 жылы Маяковскийдің ғашығы Лиля Бриктің үйінде тағы бір жолығып қалады. Тек үшінші рет кездескенде ғана сезімге бас ұрып, 1958 жылы 33 жастағы Майя 26-дағы Родионның жұбайы атанады.

 Теңдессіздер тандемі 

Екеуінің отбасылық бақытының құпиясын Майя өзінің кіршіксіз сезімімен байланыстыратын. Родион үнемі жұбайының аппақ пейіліне сай боп, ешқашан көңілін қалдырардай қылық жасамағанын олардың сезіміне куәгерлердің бәрі айтып отыратын.

Майя жолдасынсыз өмірін елестете алмайтын себепті, оған қатысты қызғаныш ойына кіріп те шықпайтын. Ал Родион өз дарыны әйелінің сұлулығы (Кеннеди бриллиант сыйлап, Вознесенский жыр арнайтын) мен әлемдік атағының көлеңкесінде қалғанына еш құлазымаған.

Плисецкая: «Щедрин – мінсіз. Ол – гений. Егер оны жолықтырмағанда өміріммен әлдеқашан қоштасқан болар едім. Онсыз өмірде еш мән жоқ. Мен оның артынан керек болса Сібірге де барар ем. Оны сүйетінім сонша, онсыз өмірді қажет етпеймін».

Родион Щедрин Майя туралы «Тәңір қосқан қосағым. Егер оны жолықтырмағанда, өмір бойы іздеп өтер ем. Махаббат, нәзік сезім мен бақыт дегеннің не екенін мен Майямен ғана ұға алдым» — дейтін.

P.S. Мүмкін олар бір күнде өлуді армандаған шығар, бірақ осыдан 3 жыл бұрын Майяның өзіндей мамырдың жайма шуақ күнінде балерина мәңгілік мекеніне аттанып кетті.