Ұлттық ойын: Үй артында қол ағаш

0

«Үй артында қол ағаш» — ұлттық ойын.

Бұл ойынды 10—15 жас өспірім, кейде одан да көп бала, топтасып ойнайды.

Ойын тәртібі: Қатынасушылар бірінің қолынан бірі ұстап дөңгелене тұрады. Ойын бастаушы не белбеу, не орамал алады да, дөңгелене тұрған топтың сыртын айнала жүгіріп былай дейді:

Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам, есік аш.

Бұл сөзді бірнеше рет қайталай береді. Дөңгелене тұрған ойыншылар:

Үй артында қол ағаш,
Жел кірмесін, есік бас,

— деген сөзді қайталай береді. Тұрған ойыншылар ұстасқан қолдарын ажыратпайды. Ол — есік ашпағанның белгісі. Енді:

Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам, есік аш,

— деп жүгіріп жүрген ойыншы өзі таңдаған бір ойыншының артына орамалмен бір соғып қалады да, оны сол ойыншыға тастай сала:

Үй артында қол ағаш,
Озам десең, ала қаш,

— деп өзі сол бетімен жүгіре береді.

Осының боларын біліп, әзір тұрған ойыншы да «қол ағашты» ала сала, әлгі балаға қарай қарамақарсы жүгіреді. Бұл кезде дөңгелене тұрған балалар:

Үй артында қол ағаш,
Қол ағаштан ала қаш.
Бұрын келген балаға
Тездеп бар да есік аш,

— деп хормен айтып тұрады.

Қол ағаш, қол ағаш! Жел кірмесін, есік бас! —

деген сөзді барлық бала хормен тағы да айтады. «Есік жабылады». Енді осы қалып қойған бала бәрін қайталап орындайды. Ойын осылай созыла береді. Ойын балаларды коллектившілдікке, бірігіп әрекет жасауға, творчестволық ынтымақтыққа үйретеді.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!