Украинамен әріптестік мығым | | Ortalyq.kz
Оқылды:
425
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иван КУЛЕБАМЕН кездесті.
Ерлан Қошанов пен Иван Кулеба түрлі салалардағы екіжақты серіктестіктің даму әлеуетін талқылады. Аймақ басшысы қонақтарға облыстың экономикалық мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Бірінші кезекте аймағымыз индустриалды ірі аймақ екенін атап өтті.
Экономиканың негізін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі мен машина құрастыру саласы құрайды.
Біздің аймақтың өнімдері әлемнің 50-ден астам елдеріне экспортталады. Оның ішінде, Украинаға да. Қарағанды облысының Украинамен сыртқы нарық айналымының көлемі жыл басынан бері 84 миллион теңгені құрады. Біз әрі қарай да өзара тиімді саудаэкономикалық әріптестікті жалғастыруға және дамытуға мүдделіміз, – деді Ерлан Қошанов.
Бүгінгі таңда облыста украиндық капиталдың қатысуымен түрлі салаларда 255 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Иван Кулеба бірлесіп жүзеге асыруға болатын бизнесжобалардың жаңа нұсқаларын ұсынды. Бұған қоса, Елші аймақ басшылығына құрметпен қарсы алғандары үшін алғысын білдірді.
– Біз сіздерге қонаққа қуана келдік. Ең алдымен, мен сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Бұл жерде 45 мыңға жуық украин өмір сүріп жатқанын білемін. Біз көптеген адамдармен кездесеміз. Олар ерекше жылылықпен Қазақстандағы өмірлерін еске алады. Оларға дәстүрлері мен мәдениетін сақтап қалуға мүмкіндік берілетіні біз үшін өте қуанышты жайт, – деді Елші.
Кездесу соңында аймақ басшысы Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісіне облысымызға келгені және Қазақстан туралы жылы сөздер айтқаны үшін алғысын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.