Тұсау кесер тойына, тұсау кесер тойы

0
Қандай жіппен кеседі?
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, тұсаукесер рәсімдері еліміздің әр аймағында әртүрлі тойлануы мүмкін. Солардың бірі – жіп мәселесі.

Еліміздің бірқатар өңірінде баланың тұсауы ала жіппен кесіледі. Тұсау үшін ала жіп таңдаудың мәнін Ү. Қыдыралин «Батыс Қазақстан қазақтарының ғұрыптарындағы ерекшеліктер» атты еңбегінде былай деп жазады:

«Қазақ халқы баланың тұсауын да, көшкенде жүк артатын арқанның бірі – қом арқанды да, бесіктің ұзын қолбауын да, түндіктің бауларын да ала жіппен ескен. Құн дауына жиналғанда да айтысушы екі жақтың ортасына ала арқан тасталынады екен. Себебі ала жіп – «Жаным – арымның садағасы» деп білетін қазақ халқы үшін мәңгі сарқылмас тіршілік – күн мен түннің, сондай — ақ бір — бірінен тым алыстап кетпейтін адалдық пен арамдықтың, зорлық пен қамқорлықтың, жақсылық пен жамандықтың, ең ақыры өмір мен өлімнің рәмізі. Ала жіптің адам өмірімен байланыстырылуын «Біреудің ала жібін аттама» деген мақалдан көруге болады. Яғни баланың аяғын ала жіппен тұсау арқылы, ең алдымен, келер ұрпақтың адал да пәк болуын мақсат тұтқан».

Қазіргі қызылды — жасылды қоғамда баланың тұсауын да түрлі — түсті жіппен кесу кең таралған. Бірақ қарама — қайшылықтың белгісі ақ пен қара түс болғандықтан, тұсаукесер рәсімінде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолданған дұрыс.

Сондай — ақ, еліміздің кейбір аймақтарында баланың тұсауы көк шөппен, қойдың ішегімен кесіледі. Бұл рәсімді де жоққа шығаруға болмайды. Бұл рәсімнің мәні Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабында: «Шөп орап кесу – ұрпағым шөптей көп болып өсіп — өнсін дегені. Ал, майлы ішек орап кесу – балам бай — бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді»,- деп түсіндіріледі.

Осы жерде айта кететін бір мәселе – баланың тұсауын кесетін құрылғы туралы. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Көпті көрген көнекөз әжелеріміздің айтуынша, тұсауды қайшы сияқты екі жүзді құралмен кесу дұрыс емес. Егер баланың тұсауы қайшымен кесілсе, оның өмірі де қайшыланып қалады, қиындыққа, кедергіге толы болады деген сенім бар. Сондықтан, тұсауды өткір пышақпен кескен дұрыс.

Тұсауды кім кеседі?
Ата — анасы баланың аяғына ала жіп байлаған соң, тұсауын сыйлы адамға кестіртеді. Қазіргі таңда бұл құрметті істі ұрпақтары өсіп — өнген ақ жаулықты әжелер атқарып жүр. Бұл «Балаға әженің жасын берсін! Ұрпағы салиқалы болсын!» деген ниеттен туындаған болар. Бірақ, әйгілі салт — дәстүр жанашыры Зейнеп Ахметова мұнымен келіспейді.

“Қай кезден бастап жаппай үрдіс алған дәстүр екенін білмеймін, бұл күндері тұсауды жасы үлкен әжелерге кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай тез жүріп кетеді деп ойлайсыз? Осындай келеңсіздікті, әсіресе, телеарналар көп көрсетеді. Бұрындары жіпті көпті көрген, талай немере — шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап берген. Ал тұсау кесетін адамды ата — ана алдын ала дайындап қоюған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, елге сүйкімді келіншектерге; ұл баланың тұсауын «Пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын» дегендей, ел алдында, елдің ауызында жүрген азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ ата — бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр”,- дейді Зейнеп Ахметова.

Тұсауды алдынан кесе ме, әлде артынан ба?
Көпшіліктің миын «қатырып» келе жатқан тағы бір мәселе – баланың аяғына байланған жіпті алдынан не артынан кесу мәселесі. Бұл туралы екіжақты пікір бар.

Біріншісі – «баланың жолы ашылсын» деп алдынан кессе, келесісі оған қарама — қайшы – «тұсауы алдынан кесілген баланың өмірінде кедергі көп болады», «баланың жолы қиылып кетеді» деген сеніммен, тұсауды артынан кесу. Екіншісі кейінгі кезде өте жиі қолданылып жүр.

Халықты жаңылыстырып жүрген осынау «жұмбақ» жоралғының сыры мынада: баланың тұсауын қарт кісі кесетін болса, арт жағынан кеседі. Ол «Бала артымда қалып, мен көргендей ұзақ өмір сүрсін» деген ниеттен туған. Ал орта жастағы адам баланың тұсауын жанынан, жас адам «Өзіммен бірге өсіп — жетілсін» деген тілекпен алдынан кеседі.

Баланың тұсауы кесілген соң…
Тұсау кесілген соң жіптің қалғанын тойға жиылған қауым «Біздің үйде де осындай той болсын!» деген ниетпен бөлісіп алады. Бұл жіпті «Балам оттай лауласын» деген тілекпен отқа жағып жіберетіндер де бар.

Ал тұсауы кесілген баланы екі жағынан жетектеп, арнайы төселген ақ матаның үстіне тәй — тәй басқызады. (Ақ мата баланың жолы ақ болсын деген ниетпен жайылады). Бұл құрметті әрі жауапты істі ата — ана өзі қалаған адамдарға тапсырады. Осы тұста Зейнеп Ахметова айтып жүрген тағы бір көпшіліктің көңіліне қонымды жоралғы бар. Ол – тұсауы кесілген бүлдіршінді өзге балалармен бірге жүгіртіп жіберу.

“Бұл былай орындалады: жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы бүлдіршінге қарай жүгіртіп жібереді. Сол балалардың ішінен оза шауып, бірінші келе жатқан екеуі таяғанда бүлдіршіннің тұсауын кеседі. Балалар жеткенде бүлдіршіннің екі қолынан ұстатып, бірге жүгіртіп жіберген. Өйткені, жүгіріп келген балалардың қаны қызып, екпіні артып келеді де, осының бәрі алақан арқылы тұсауы жаңа кесілген бүлдіршінге беріледі. Тағы бір жағынан қарағанда, өзі сияқты балалардың жүгіріп, шауып жүргенін көрген бүлдіршін де солармен ілесіп жүгірем деп, жүруді де тез үйреніп, қадамын нық басады”,- дейді Зейнеп апа.

Бұл миға қонымды, көңілге жақын жоралғы. Қазір жаһанданумен бірге жаңарамыз деп, сырттан «кіргізіп» алып жатқан орынсыз рәсімдер бар. Мәселен, тұсауы кесілген баланы алып қашу.

Орынсыз «жоралғы»
Кеңес одағы кезіндегі салт — дәстүрімізге қалыңдықты алып қашу сынды бірнеше рәсім «сіңіп» кеткен болатын. Енді алып қашу тұсаукесер тойына да ауыз сала бастады. Тұсаукесер тойына барып, бала алып қашқандарды көргендер де біршама. Олардың айтуынша, «алып қашу операциясы» тосыннан жасалады.

Баланың тұсауын кескен соң, екі жағынан екі адам демеп, тәй — тәй басқызады. Міне, осы адамдар бүлдіршінге он шақты қадам басқызған соң, ала қашады екен. Бұл ересек адамдардың ісі. Бүлдіршіннің ата — анасы қашан кәдесыйларын бергенше, баланы қайтармайды. Әрине, бұл рәсімнің астарында ешқандай түзу ниет, жақсы тілек тұрған жоқ. Жай ғана қызық, ақша табу үшін жасалатын орынсыз «жоралғы».

Тұсаукесердің қазақылығын бұзып жүрген тағы бір рәсім – баланың болашағын болжау. Яғни, тұсауын кесерде баланың алдына кітап, ақша, музыкалық аспап қойып, қайсысын таңдаса, болашағы сол затпен байланысты болады деп жорамалдау. Кітапты алса, оқымысты, ғалым болады; ақшаны таңдаса, ақшалы азамат атанады; музыкалық аспапты таңдаса, өнер әлемінде аты әйгілі болады деп ырымдайды. Бұл корей халқынан енген рәсім. Олардың дәстүрі бойынша, бала 1 жасқа толғанда торқалы той жасап, аталған таңдауды жасатады екен.

Бүгінгі күні қай тойға барсақ та осындай «кірме» салттарға куә болып жүрміз. Мәселен, қалыңдықтың гүл лақтыруы, қалыңдықтың туфлиін ұрлау, тұсаукесерде баланы, бесік тойында бесікті алып қашу секілді «салттар» бар. Ал бұлардың төл дәстүрімізден қаншалықты алыс екенін көзі ашық оқырман білсе керек.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.