Түрік әдебиетінің новаторы
Күн сайын әлемнің ең дана адамдарымен тілдесуден қымбат не болуы мүмкін.
Л. Н. Толстой
Кітап әлемі – таңғажайып әлем. Ондағы қызықтар сан алуан. Кейде таңғажайып әлемнің қиялымен шынайы дүниелерді ұмытып жатамыз. Кітаптың адам жанын баурап алуы тылсым күштер әсері секілді. Бір батсаң, қайта шығу өте қиын…
Жақында түрік бауырларымыздың әдебиет әлемімен таныс болдым. Таныстығымды Орхан Памұқтан бастадым. Осы блогты жазуға мұрындық болған дәл осы жазушының шығармалары. Жалпы, түрік әдебиетінде әлемге әйгілі ақын-жазушылар өте көп. Мәселен, Назым Хикмет Ран, Орхан Памұқ, Зүлфү Ливанели, Решад Нүри Гүнтекин.
Қазіргі таңда Орхан Памұқ өте танымал түрік жазушыларының бірі. Ол жиырма сегіз ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иесі. Мұның ішінде Нобель сыйлығы да бар. Орхан Памұқ 7 жасынан 22 жасына дейін суретші болуды армандайды. Бірақ оның таңдауы әдебиет болды. Оның шығармашылығымен таныса отырып, жазушының көркемсурет әлемінен хабары мол екенін аңғарасыз. Тіпті кітаптарының атаулары да түстерге байланысты. Мысалы, «Қара кітап», «Менің атым Қырмызы», «Ақ қамал».
Ферит Орхан Памұқ 1952 жылы Ыстамбұл қаласында Нисанташи ауданында «Джевдет бей мен ұлдары» атты шығармасындағыдай үлкен отбасында дүниеге келеді. Ыстамбулдағы америкалық «Роберт» колледжін бітіргеннен кейін Ыстамбул техникалық университетінде сәулет өнері мамандығын үш жыл бойы оқиды, бірақ сәулетші әрі суретші болуға ұмтылысы аяқсыз қалғандықтан, оқуын жалғастырмайды. Кейін Ыстамбул университетінің журналистика факультетін бітіреді, бір қызығы, ол журналист болып қызмет атқармайды. 23 жасында Памұқ роман жазуға бел буады. Сөйтіп, ол бәрінен бас тартып, өз пәтерінде роман жазудан бас алмайды.
Қаламгердің кітаптары 61 тілге аударылған. Оның ішіне қазақ, грузин, малай, чех, орыс, жапон және т.б. тілдер кіреді. Памұқ өмірінің 40 жылын жазушылыққа арнап, қаламын мүлдем суытпаған. Ол Түркиядағы кітап сатылымы бойынша үздік авторлардың бірі. Памұқ туған елінің өнер тарихын зерттей келе, шығармаларында дін, шығармашылық пен адам қалауының арасындағы байланысты көрсете білген.
Мен сіздерге Орхан мырзаның үздік үш кітабын ұсынуды жөн көрдім:
- «Менің атым Қырмызы». Аталмыш туынды осман және парсы суретшілерінің шығыстық мәдениет әлеміндегі көркем өнерді қалай көріп, сезіне алатыны жайлы. Бұл роман 1988 жылы жарыққа шықты. Орхан Памұқ 2005 жылы French Prix du meilleur livre étranger номинациясына ұсынылды, 2003 жылы Дублинде өткен халықаралық әдеби сыйлық иегері атанды. Бұл романның ерекшілігі – әрбір кейіпкердің өз дауысы бар. Тіпті өлгендер мен жансыз заттардың өз айтары бар. «Менің атым Қырмызы» — өлім, өнер, махаббат, неке мен бақыт жайлы. Сонымен қатар, мен мұны бейнелеу өнерінің ұмыт болған көркемдігіне арналған реквием деп білемін.
- 1990 жылдардың ортасынан бастап, Орхан мырза түрік үкіметінің адам құқығы мен ой бостандығына қатысты заңнамаларға сыни көзқарас білдіреді. Дегенмен, жазушы бұған дейін саясатқа аса қызыға қоймаған. Ол өзінің «Қар» атты романын былай суреттейді: «Ол менің алғашқы әрі соңғы саяси романым». 2002 жылы жарық көрген кітабында Түркияның солтүстік-шығысынан орын тепкен Карс қаласындағы саяси исламисттердің, солдаттардың және күрдтер мен түрік ұлтшылдарының арасындағы зорлық-зомбылық пен шиеленісулерді сипаттайды. «Қар» романы 2004 жылы New York Times жариялауы бойынша «Жылдың үздік 100 кітабы» тізіміне енеді.
- «Ол менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі еді, ал мен оны білмедім…» дәл осылай Орхан Памұқтың қаламынан туған «Сезім музейі» шығармасы басталады. Аталмыш туындыны жазуда қаламгердің 6 жылы кеткен. Бұл көпшіліктің көзіне кіршіксіз әрі сиқырлы махаббат туралы кітап боп көрінері сөзсіз. Дегенмен, мұнда әдемі сезіммен қоса неке, құмарлық, отбасы, достық және бақыт туралы біраз мәселелер көтеріледі. Роман желісі Ыстамбулдық бай отбасының баласы Кемал мен қарапайым отбасыдан шыққан Фүсун арасында өрбиді. Орхан Памұқтың романы негізінде кинотуынды түсірілді, ал жазушы 2008 жылы өз күшімен Ыстамбұлда кітап кейіпкерлеріне арналған мұражай ашады.
Құрметті достар, егер сіз сыршыл шығыстың әлемін тануды көздесеңіз, Памұқтың шығармашылығымен таныс болыңыз. Оның кітаптары көшелерін қалың туристер таптаған Ыстамбұл туралы айтпайды. Оның кітаптары орта ғасырдағы, Ататүрік кезеңінен кейінгі сыршыл, жұмбақ нәзік сезімдерге толы Ыстамбұл туралы сыр шашпақ. Сонымен, сізді қызықтыра алдым ба? 🙂
Дереккөз: https://massaget.kz/