Түйежоңышқаның тұқым өнімділігі | Скачать

0

МАЗМҰНЫ

Кіріспе … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
3
1 Ғылыми әдебиетке шолу … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
6
1.1 Түйежоңышқа дақылының маңызы … … … … … … … … … … … … … … …
6
1.2 Түрлер эволюциясы және таксономия … … … … … … . … … … … … … … ..
13
1.3 Түйежоңышқа селекциясының тарихы мен жетістіктері … … … … … … .
16
2 Зерттеу өткізу жағдайлары, нысаны және әдістемесі … … … … … … .
20
2.1 Зерттеу өткізу жағдайлары … … … … … … … … … … … … … … … … … … ..
20
2.2 Зерттеу нысаны және әдістемесі … … … … … … … … … … … … … … … … .
22
3 Түйежоңышқа сорттарын экологиялық … … … … … … … … … … … …
25
3.1 Түйежоңышқа өсімдігінің вегетациялық кезеңі … … … … … … … . … … ..
25
3.2 Түйежоңышқа өсімдігінің жапырақтануы … … … … … … … … … … … … ..
32
3.3 Түйежоңышқа өсімдігінің қысқа төзімділігі … … … … … … … … … … … .
35
3.4 Түйежоңышқа өсімдігінің құрғашылыққа төзімділігі … … … … … … … .
39
3.5 Түйежоңышқа өсімдігінің тұзға төзімділігі … … … … … … … … … … … .
42
3.6 Түйежоңышқа өсімдігінің азықтық масса өнімділігі … … … … … … . … ..
45
3.7 Түйежоңышқаның тұқым өнімділігі … … … … … … . … … .. … … … … … …
48
3.8 Түйежоңышқа өсімдігінің өздігінен ұрықтануы … … … … … … .. … … …
51
4 Экономикалық тиімділік … … … … … … … … … … … … … … … … … … ..
56
Қорытынды … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … ..
57
Өндіріске ұсыныс … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
58
Қолданылған әдебиеттер тізімі … … … … … … … … … … … … … … … …
59
Қосымша … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
66

КІРІСПЕ

Өзектілігі. Жыл сайынғы Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында мемлекетіміздің әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу үшін ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру алда қойылған мақсат болып отыр. Осы мақсатты жүзеге асырудың принциптері ретінде мыналар көрсетілген: егістік алаңын ұлғайту, егістік түсімін ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет. Қазақстан әлемдік деңгейде мал шаруашылығының жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке ие мемлекет. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жолдауынан Қазақстан мал шаруашылығының жемшөп базасын құру үшін барлық қажетті табиғи ресурстары бар ел екенін көріп отырмыз, дегенмен бұл мәселе әлі өз шешімін жеткілікті дәрежеде тапқан жоқ. Жүргізілген шаралардың нәтижесі ретінде ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 5 есе артуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығының мемлекет тарапынан дамуына серпіліс беретін шаралардың артуы деген сөз. Ауыл шаруашылығы өніміне өсіп тұрған жаһандық сұраныс жағдайында, көп қолданысқа ие дәстүрлі ауыл шаруашылық бір жылдық дақылдармен қатар, мал азықтық және басқа көптеген бағалы қасиеттерімен белгілі көпжылдық дақылдарды да зерттеп, өндіріске енгізу қажет. Қазақстанда астық дақылдарымен салыстырғанда бұршақ тұқымдас дақылдарды пайдалану төмен. Бұршақ тұқымдас дақылдарды пайдаланғанмен өндіріс процесі мен бұл саладағы ғылымның үлесі нашар деңгейде. Солтүстік Қазақстан шоқылы-жазықтық аймағы жағдайында бұршақ тұқымдас дақылдардың егістік көлемі көп болғанымен, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен саны аз. Бұршақ тұқымдас дақылдардан жоңышқа мен түйежоңышқа басым [3].
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің жағдайына салыстырмалы түрде сай келетін, көпжылдық малазықтық шөптердің әлемдік даму үрдісінен, келесідей жағдайларға мән беруге болады. Ресей Федерациясының қара топырақты жолағының далалық және орманды далалық оңтүстік өңірлерінде, Украинада, Батыс және Шығыс Еуропаның қуаңшылық аймақтарында, АҚШ пен Канадада, әсіресе Қазақстан мен Ресей Федерациясымен шекаралас облыстарында (Поволжье, Орал, Зауралье, Батыс және Шығыс Сібір) аудандастырылған шетелдік селекция сорттарының малазықтық массасының өнімділігі, себілген жылы өсудің қарқынды болуымен байланысты және келесі жылдардағы көктемгі жаңарудың бірегей болуы нәтижесінде 25-30% жоғары болады. Шетелдік сорттар негізгі зиянкестер мен ауруларға жақсырақ төзімді болғанымен, Қазақстан жағдайында құрғашылыққа және қыстап шығу жағдайларына нашар төзімді болып келеді. Шетелдік сорттардың тағы бір артықшылығы, олардың тұқым өнімділігі, отандық сорттармен салыстырғанда 50-70% -ға артық. Осы сорттардың тұқым өнімділігінің генетикалық потенциалының жоғары болуын, өздігінен ұрықтануы және бұршақ жемісін беруде селекциялық іріктелгендігімен, тұқым шашылуы мен егістердің өсіп кетуіне, тұқым аурулары мен зиянкестеріне төзімді болуымен байланыстыруға болады [3].
Магистрлік диссертацияның мақсаты. Ақмола облысы жағдайында түйежоңышқаның жоғары өнімді сорттары мен гибридтерінің белгілер жиынтығы бойынша экологиялық сынақ жүргізу.
Магистрлік диссертацияның міндеттері:
+ Түйежоңышқаның жоғары өнімді сорттары мен гибридтерін белгілер жиынтығы бойынша зерттеу;
+ Шетелдік және отандық сорттардың бағалы биологиялық және шаруашылықтық белгілері бойынша толық сипаттамасын жүргізу;
+ Шетелдік және отандық сорттардың генеративті және вегетативті шөп бітіктілігінің құрылымын және қалыптасу сипаттамасын, өздігінен ұрықтануын, тұқым мен жеміс түзілуін, тозаңдану мен гүлденуін, өсу мен дамудың биологиялық ерекшеліктерін айқындау;
+ Шетелдік және отандық сорттарды пішен, пішендеме, сүрлем, көк балаусаға шаруашылықтық пайдалану ерекшеліктері мен тәртібін айқындау;
+ МСӨ-ға өткізу мен өндіріске ұсыныс жасау мақсатымен, белгілер жиынтығы бойынша болашағы бар сорттар арасында іріктеу жүргізу;
+ Селекцияға бастапқы материалы ретінде, будандастыру бағдарламаларына енгізу үшін, жеке белгілер бойынша перспективалық сорттар арасында іріктеу жүргізу.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Алғашқы рет Ақмола облысының шоқылы-жазықтық аймағы жағдайында, түйежоңышқаның өнімді сортын өндіріске енгізу мақсатымен, жаңа отандық және шетелдік сорттарды экологиялық сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Жұмыстың практикалық бағалығы: Диссертация нәтижелерінің практикалық бағалылығы белгілер жиынтығы бойынша бөлінген сорт селекцияда мақсатты, бағытталған түрде қолданылу үшін ұсынылады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі ережелер:
+ Экологиялық сынақ үшін коллекцияны іріктеп алудың принциптері;
+ Биологиялық қасиеттері мен шаруашылықтық — бағалы белгілер (вегетациялық кезеңнің ұзақтығы, жапырақтану, қысқа төзімділік, құрғақшылыққа төзімділік, тұзға төзімділік, азықтық масса өнімділігі, тұқым өнімділігі, өздігінен ұрықтану) жиынтығы бойынша коллекцияны бағалау;
+ Перспективалық сорттарды өндіріске және селекцияға бастапқы материал ретінде ұсыну мақсатымен бөліп алу.
Зерттеу жұмысының апробациясы: Ғылыми нәтижелер
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің
С.Садуақасов атындағы аграрлы-техникалық институтының
Өсімдік шаруашылығы, топырақтану және агрохимия кафедрасының ғылыми дискуссияларында (2011-2013ж.ж.), Солтүстік Қазақстан АШҒЗИ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Интеграция науки и производства в АПК (Көкшетау, 2011ж.),
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы У.М. Сағалбековтың 60 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын ғылыми-қамтамасыздандырудың өзекті мәселелері атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Көкшетау қаласы, 2012 ж.) баяндалды.
Басылымдар. Диссертацияның материалдары бойынша 4 мақала жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы. Диссертация копьютермен жазылған 62 беттен тұрады. Кіріспеден, 4 бөлімнен, экономикалық тиімділіктен, қортындыдан және өндіріске ұсыныстан тұрады. Құрамында 10 кесте, 9 сурет және 4 қосымша бар. Әдеби тізім 113 көзді құрайды, оның ішінде 5 шет тілден алынған.

1 ҒЫЛЫМИ ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ

1.1 Түйежоңышқа дақылының маңызы
Ауыл шаруашылығын интенсивтендіру мәселелерін шешу үшін әр түрлі өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін кеңінен қолдану қажет. Осыған байланысты түйежоңышқа перспективалық дақыл бола алады, ол топырақ құнарлылығын арттыру мен берік жемшөп қорын қалыптастырудағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді [1].
Мал шаруашылығы үшін берік жемшөп қорын қалыптастыру ең алдымен көпжылдық азықтық шөптердің егістерімен анықталады. Егістік жерлердің 40% -дан артығын мал азықтық дақылдар алғандықтан, олар көк азық конвейері мен шикізат конвейерінің негізін құрайды. Бірақ олардың қазіргі өнімділік деңгейі қарқынды жемшөп өндірудің талаптарына жауап бермейді. Осы мәселені шешудің жолы ретінде мал азықтық дақылдардың түрлік және сорттық құрамын дұрыс іріктеу, перспективалық жабайы түрлердің интродукциясы мен жоғары өнімді, жергілікті жағдайға экологиялық бейімделген сорттардың селекциясын жүргізу шешім бола алады [2,113].
Түйежоңышқа қолдану аясы кең өсімдік, оны мал азығы (жайылымдық жерлерде көк балауса мен қосымша қорек ретінде, пішен, сүрлем, пішендеме, шөп ұнтағы, дән жармасы т.б.), жасыл тыңайтқыш, жақсы алғы дақыл, сүрі жерде өсетін, бал шырынды , адырлы құмдарды бекіткіш, дәрілік өсімдік ретінде, сортаң жерді кешендерді игеру мен тұздан тазарту барысында фитомелиоратор, медицинада, парфюмерия, темекі, тоқыма, аспаздық өндірісте пайдалануға болады. Көріп отырғанымыздай түйежоңышқа мүмкіндігі көп, құнды өсімдік болып табылады. Дегенмен көбінде малазықтық өсімдік ретінде танымал [15].
Түйежоңышқаны малазығы ретінде пайдаланғанда ең маңызды көрсеткіш,оның химиялық құрамы болып саналады. Көп ғалымдардың зерттеуі бойынша, түйежоңышқа химиялық құрамы жағынан жоңышқа мен бедеге ұқсас келеді. М.Ф. Томмэ деректерінде протеин мен фосфор мөлшері жағынан, кең танымал беде мен жоңышқадан асып түседі, ал жалпы азықтық құнарлылығы бойынша кем түспейді.Түйежоңышқадан жасалған пішен, құнарлылығы жөнінен төмендеу, орташа есеппен алғанда протеин — 17%, майлар- 2%, БЭВ 40%. 100 кг пішенде қалыпты ылғалдылық жағдайында, 51 азықтық өлшем болады [4,5].
Түйежоңышқаны шанақтану фазасында жинап алса, ең бағалы ақуызды азық болады. Құнарлы заттар мөлшеріне, азықты дайындау әдістері әсер етеді. Түйежоңышқа пішені, сүрлемі, пішендемесі, шөп ұнтағы, жасыл массасы гүлдену фазасында жануарлардың барлық түрлерімен жақсы желінеді [22].
Түйежоңышқаның химиялық құрамында ерекше ащы дәм мен өткір иіс беретін, кумарин глюкозиді бар, ол өсімдіктің азықтық сапасына кері әсерін тигізеді,осы ерекшелігіне байланысты жануарларды алғашқы қоректендіргенде, 2-3 күн жануарлар үркеді. Содан кейін жануарлар көндігіп, жақсы қоректене бастайды [22,23].
Кумаринге байланысты ғалымдардың пікірлері келісе бермейді. Н.А. Мелешко, Е.В. Дейнеко, А.В. Железнов, В.В. Суворов, Н.И. Пушкарёв сияқты ғалымдар тобы, оның залалының жоқтығын алға тартады [6,8,9,10].
Ғалымдардың басқа тобы Е.Ф. Гусынин, А.М. Вильнер, Н.Н. Casper, М.E. Bluson, W. Kunerth, Д.А. Алтунин, О.В. Журба сияқты ғалымдар кумаринді залалды және уытты затқа жатқызуда асырмалап жіберген [11,12,13,14].
М.М.Садырин кумариннің жануарларға әсерін, соның ішінде ұйқы безіне ықпалын зерттей келе, оның залалсыз екенін және де ас қорыту үдерісіне жағымды әсер ететінін дәлелдеген [7].
Ірі қара малдың түйежоңышқа пішенімен азықтанғанда қан кету ауруына шалдығуы жөніндегі мәліметтер, негізінен дикумаринге байланысты, ол көгерген, сапасы төмен азықта шіру процесінің әсерінен кумариннен түзіледі [16,17].
Г.В. Андриенко жануарлардың дикумаринмен улануын, қан құрамындағы протромбин (90-95%-ға дейін) және тромботрин концентрациясының (85%-ға) күрт төмендеуімен түсіндіреді, нәтижесінде қанның ұйығыштық қабілеті нашарлайды [18].
Түйежоңышқа азықтық құндылығы жөнінен, мал азықтық жоғары құнарлы жоңышқа мен беде тәрізді шөптерден кем түспесе де, құрамында кумариннің болуы, кез-келген азықты дайындау барысында технологияны қатаң және міндетті түрде сақтау керектігін ескертеді [19].
Түйежоңышқа жайылымдық жерлерде де жақсы нәтиже береді.
П.К. Величко мәліметтері бойынша түйежоңышқа жайылымдары, әдеттегі табиғи жайылымдармен салыстырғанда 3-5 есе құнарлылырақ болып келеді. Түйежоңышқаның 100 кг жасыл массасында 8,3-8,7 мөлшерінде қорытылатын протеин және 70-71 азықтық өлшем болады [20,21].
Канада және АҚШ фермерлерінің тәжірибесі мен В.В. Суворов, Н.С. Саламатин, Н.В. Артюков, Г.И. Макарова еңбектерінде түйежоңышқа жайылымының негізгі құндылығын, оның өте ұзаққа созылатын жаз мезгілінде, шабындықты таптап тастауға төзімділігімен және өздігінен өсіп көбейе беру қабілетімен түсіндіріледі [9,24,25,26].
Түйежоңышқаны сүрлемге пайдалану өте тиімді. Кейбір зерттеушілердің деректері бойынша, түйежоңышқадан жасалған сүрлем химиялық құрамы жағынан, кең таралған сүрлемдік дақылдардан бай, әсіресе протеин мөлшерінен асып түседі. Н. Соловьев, А. Зубрилин, М. Томмэ, Э.К. Халлердің пікірінше протеин мөлшері жөнінен түйежоңышқа сүрлемі, жүгері сүрлемінен 2 есе артық. Жүгері сүрлемімен салыстырсақ, түйежоңышқаның ақуыз шығымы мен қорытылу коэффициенті де жоғары. Түйежоңышқа сүрлемінде — 72,5, жоңышқада — 64,5, жүгеріде — 50,0 тең [4,40,55,68].
Дегенмен, түйежоңышқа сүрлемінің кемшілігі бар, ол қиын сүрленетін өсімдік, сондықтан жеңіл сүрленетін жүгері, күнбағыс қоспасымен бірге сүрленген дұрыс. Сүрлену барысында ұсақталған түйежоңышқа массасы 60-65% ылғалды болуы шарт [22].
Түйежоңышқаны күнбағыс, жүгерімен бірге сүрлегенде химиялық анализдің көрсетулері бойынша, жүгері сүрлеміндегі протеин 3%-ға тең болса, каротиннің іздері көрініс тапты, күнбағыс пен түйежоңышқадан жасалған сүрлемде, бұл көрсеткіштер 14% және 20 мгкг-ға тең болды [24].
Дайындау технологиясын сақтағанда, азықтық сапасы жөнінен жоңышқа мен бедеден кем түспейтін пішен алуға болады. Дегенмен сапалы түйежоңышқа пішенін әзірлеу оңай шаруа емес. Құрғақ ауа райы жағдайында түйежоңышқаның жапырақтары тез кеуіп, түсіп қалады, ал жаңбырлы кезде жасыл массасы шіріп кетеді. Сонымен қатар, егінді жинау мерзімін қатаң сақтау қажет ( гүлдену фазасының басы), әйтпесе шөп отында сабақтары ғана қалады. Гүлденуге дейін жиналған түйежоңышқада, кумарин мөлшері азырақ, ал ақуыз мөлшері көбірек болады, бұл пішен сапасы үшін өте маңызды көрсеткіш болып табылады. Е.В. Дейнеко (1983) зерттеулері бойынша, түйежоңышқа өсімдігінің жасыл массасын кептірген кезде кумарин мөлшері 56-78% төмендейді [69].
Түйежоңышқаның пішен өнімділігі алғашқы жылы 8 бен 64 цга аралығында болса, екінші жылы 15 пен 140 цга аралығында ауытқиды. Құрғақшылыққа және тұзға төзімділігі жоғары болғандықтан, ылғалдылығы жеткіліксіз, сортаң жерлерде жоғары құнарлы пішен алу үшін қолданылады [27, 25,56,32 ].
Құрғақ аймақтарда түйежоңышқа бір рет қана өнім береді, ылғал жетерлік аймақтарда, оны екі орымды жүйеде пайдаланған жөн, Батыс Сібір, Зауралье, Солтүстік Қазақстанның көптеген шаруашылықтарында осы жүйе өндірістік сынақтан өткен. Гүлдің қауыздану фазасында жүргізілген бірінші орым екіншімен салыстырғанда сапасы жөнінен артық, жасыл массасы құнарлы, шырынды, сабақтары жуан болады. Бірінші орымнан алынған азықтық массаны пішен мен шөп ұнын жасау үшін пайлану ұсынылады. Екінші орымның жасыл массасы шырындылығы жөнінен төмендеу, сабақтары нәзік келген, осындай массадан пішен дайындаған дұрыс [24,41 ].
Соңғы жылдары түйежоңышқа пішенінің маңызы артып келеді, бұны дайындау кезінде желдетуді және пішен ұнын өндіру сияқты, алдыңғы қатарлы әдістерді пайдалану арқылы түсіндіруге болады. Бұл өсімдіктің ең бағалы бөлігі жапырақтар шығынын минимумға дейін азайтуға және жемшөп дәніне деген шығысты 20-50%-ға кемітуге мүмкіндік береді [33].
Өнімді жылдары, егін жақсы шыққанда түйежоңышқа пішені 500-600 кгга дейін, қорытылатын протеин береді, бұл көрсеткіш жоғары ақуызды ас бұршақ, қытайбұршақ, атбұршақ сияқты дақылдардың көрсеткішіне сәйкес келеді [45].
Өндірісте түйежоңышқаны негізінен пішен мен сүрлем жасау үшін қолданады. Түйежоңышқадан пішендеме дайындау да, өзіндік тиімділігін көрсетеді. Түйежоңышқа өсімдігінен жасалған пішендеме, құнарлы заттарды, пішен мен сүрлемнен гөрі жақсы сақтап қалады. Ресейдің Самарқанд облысында жоңышқа пішендемесін дайындау технологиясы, ауа райының құбылмалы жағдайлары мен дикумарин түзілуінің алдын алу, протеин мен каротинді толығырақ сақтау үшін өте тиімді болып келеді. Осы технологияны түйежоңышқа пішендемесін дайындауға да толығымен пайдалануға болады. Ұсақталған жасыл массаны траншея алдында кесілген сабан немесе шөппен, ылғалдылығы 75% болатын 2 т жасыл массаға, 15% ылғалды 1 т сабан қатынасында араластырылады [24].
Cонымен түйежоңышқа болашағы мол, қолдану аясы кең азықтық дақыл болып табылады. Оны жайылымда азық ретінде, жасыл масса, пішен, пішендеме, сүрлем, ұн, түйіршіктелген шөп немесе шөп жармасы ретінде қолдануға болады.
Тыңайған жерлерді игеруден кейін, сортаң жерлерді пайдалану өзекті мәселеге айналды. Республикадағы сортаң жерлердің көлемі 82 млн.га-ға тең.
Сортаң жерлер мелиорациясы кезінде, топыраққа механикалық, химиялық әдістермен ғана әсер етпей, сонымен қатар биологиялық, яғни тұздануға төзімді дақылдарды егу арқылы ықпал ету. Ғалымдардың ортақ келісуі бойынша, мұндай топырақтар үшін тұздануға жоғары төзімділігімен танымал түйежоңышқа таптырмайтын өсімдік. Д.Н. Прянишников топырақтағы тұз концентрациясы 0,6% болғанда, түйежоңышқа пішені 20цга өнім береді, ал жоңышқа дәл осы жағдайда 5 цга өнім береді [31].
В.И. Кирюшин, А.Т. Лузин, М.Д. Константинов мәліметтері бойынша түйежоңышқа тұздануға өте төзімді өсімдіктер тобына жатқандықтан, сортаң жерлердегі шалғындарды жақсарту үшін кең пайдалануға болады [28,42].
Түйежоңышқаның ұсақ сортаң жерлерде ең көп өнімділігі 24,3-38,8 цга аралығында болады [57].
Түйежоңышқаның тұзданған топырақтарда жақсы өсуін тамыр жүйесінің тұздарды нашар өткізу қабілетімен түсіндіруге болады, сол себепті өсімдік ұлпаларында тұздың жинақталуы жүрмейді . Вегетативті массаның өсуі де болмашы төмендейді. Түйежоңышқа ұлпаларының жасушаларында органикалық қышқылдар мен қанттар көп мөлшерде түзіледі, олар осмостық қысымның көтерілуіне әсер етеді, бұл өз кезегінде өсімдік жасушаларына судың келіп тұруын қамтамасыз етеді. Өсімдік жапырақтарында плазманың тұтқырлығы мен созылымдылығы артып, эпидермис жасушаларының көлемі азаяды, бұл тұзға төзімділіктің жоғары көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, тұзданған жерлерді дұрыс өңдесе, түйежоңышқа жақсы дамыған кіндік тамыр жүйесін түзеді, себілген жылы 20-40 см, екінші жылы 60-80 см тереңдікке бойлайды [29,46 ].
А.Ф. Бахарева., И.Ф. Гладкий., М. Каращук., Г.И. Макарова., В.А. Молоканов., М. Константинов сияқты ғалымдардың көп жылғы зерттеулері бойынша әртүрлі ауыл шаруашылық дақылдардын ұсақ егістік сортаң жерлерде сынау нәтижелері көрсеткендей, астық (бидай, арпа, сұлы) дақылдары (1-4 цга) төмен өнім береді. Дән мен сабанның қанағаттанарлық өнімін тары, қонақ тары, итқонақ, арыш береді. Көпжылдық шөптерден өнімді жоғарырақ берген түйежоңышқа, жоңышқа, арпабас, еркекшөп. Сортаң жерлерде ең бірінші азықтық дақыл болып түйежоңышқа есептеледі. Батыс Сібір мен Зауральенің сортаң жерлерінде орналасқан шаруашылықтарда,түйежоңышқа таза күйінде себілгенде 75-250 цга жасыл масса, 22-65 цга пішен өнімін берсе, көпжылдық шөптер қоспасында 18-36 цга пішен өнімін берді. Сортаң жерлерде мұндай өнімді басқа ешбір дақыл бере алмайды [26,28,30,43,58].
Түйежоңышқа Қазақстанның жерлерінде өзін фитомелиоратор ретінде жақсы көрсеткен. Түйежоңышқаның перспективтілігі мен құндылығы, оның ерекше қасиеті сортаң жерлерде жоғары азықтық өнім бере алуымен ғана емес, сонымен бірге ол басқа дақылдарды егу үшін жерді жақсарту қабілетіне ие [35].
К.К. Гедройц зерттеулері көрсеткендей, сортаң жерлердің құнарсыздығының негізгі себебі кальций жетіспеуі мен натрий карбонатының молшылығы, бұл жағдай топырақтың физикалық қасиетін күрт төмендетіп, оны ылғалдан ісінген, ауа өткізбейтіндей етеді, құрғап кеткенде қиын өңделетін болады. Сонымен бірге натрий карбонаты өсімдіктер үшін зиянды, топырақтың коллоидты бөлігімен қосылып,одан өсімдіктер тіршілігі үшін қажетті калийді ығыстырады.
Түйежоңышқа сортаң жерлерде өсуі барысында, тамырымен тереңге еніп, өз бойына кальцийді сіңіріп, сортаң горизонтты құнарландырады. Төмен горизонттан жоғары горизонтқа кальцийді айдау процесі жүреді.Тамыр қалдықтарының шіру процесінен кейін босаған кальций, топырақтың сіңімді кешенінен нартийді ығыстырады. Топырақ құрылымы қалпына келе бастайды, су мен ауа өткізу қабілеті артып, сортаң жерлердің өз-өзінен мелиорациясы жүреді. Бір жағынан түйежоңышқа тамыры бөліп шығаратын көмірқышқыл газы натрий карбонатымен қосылып, оны бикарбонатқа айналдырады, нәтижесінде уыты 10 есе төмендейді. Сонымен қатар натрий бикарбонаты суда ериді және түйежоңышқа тамыры түзген қуыстар арқылы шайылады. Осылай құнарсыз топырақтар қалпына келеді [54].
Сонымен түйежоңышқаны сортаң жерлерді игеру үшін пайдалану болашағы мол екенін, көптеген ғылыми-зерттеу мекемелері мен алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың тәжірибесі көрсетті.
Жасыл тыңайтқыш ретінде пайдалану үшін өсімдік келесі талаптарға жауап беруі тиіс: жапырақсабақ массасының өнімін тез қалыптастырады; жерүсті мүшелерінде ақуыз мөлшері көп болады; әртүрлі топырақ түрлеріне кең бейімделу мүмкіндігінің бар болуы; тереңге бойлайтын, мықты тамыр жүйесін дамытады; өсу мен дамудың қысқа кезеңімен сипатталады; тұқым көбеюдің коэффициенті жоғары болады; арамшөптер өсуін тежейді. Осы талаптардың барлығына түйежоңышқа жауап береді, ол топырақты органикалық заттармен қамтамасыз еткенде, ауадағы азотты тиімді пайдаланады.
Түйежоңышқа сидерат, мал азықтық дақыл ретінде тиімді, себебі екі жылдық өсімдік болғасын кез-келген дәнді дақылдың алдында бүркеме дақыл бола алады. Қыстап шыққаннан кейін түйежоңышқаның жасыл массасы жақсы өседі, маусым айында азыққа жинап алуға немесе жасыл тыңайтқыш ретінде қолдануға дайын болады. Осы уақытқа дейін жасыл массаның өнімділігі 125-200 цга жетеді, бұл 20-25 цга көң енгізуге сайма-сай [33].
Түйежоңышқа жасыл тыңайтқыш ретінде көптен бері қолданылып келеді, ол болашағы мол сидералдық өсімдік ретінде белгілі болды. Топырақты азотпен қамтамасыз ету жөнінен (139-304 кгга) түйежоңышқа беде, жоңышқа, эспарцет сияқты шөптерден үстем түседі, топырақты қалпына келтіру жөнінен үлкен маңызға ие [6,9,36,44,67 ].
Түйежоңышқа топырақтан көп мөлшерде азотты сіңіріп, жинау қабілетінен басқа, топыраққа терең бойлайтын, мықты тамыр жүйесінің арқасында басқа өсімдіктерге қарағанда қиын еритін қосындылардан фосфор, кальций, магнийді жеңіл пайдаланады. Тамырлардың көмірқышқыл газын бөлуі нәтижесінде осы элементтерді белсендірек, қозғалмалы, басқа дақылдар үшін жеңіл сіңімді күйге ауыстырады [5,37].
А. Савенков мәліметтері бойынша ақ бас түйежоңышқа өсу циклі ішінде бір гектарды 455 кг азотқа, 150 кг фосфорға, 200 кг калийге байытады. Жасыл масса өнімділігі 200цга болғанда, азот құрамы бойынша 20-35 т көңге сәйкес келеді [47].
Түйежоңышқаның сидералдық дақыл ретінде құндылығы арта түседі, оның жеке мүшелері (жапырақтары, сабақтары, тамырлары) әртүрлі шіру жылдамдығына ие, сондықтан да азот бірнеше рет енгізіледі.
Түйежоңышқаның сидерат ретінде Солтүстік Қазақстан мен Сібірдің далалық және орманды далалық аймақтарында жоғары тиімділігі, ғылыми-зерттеу мекемелері мен алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың көптеген сынақтары арқылы дәлелденген [27,38,67].
Жалпы осы сынақтардың бәрін қорыта келсе, түйежоңышқаны сидерат ретінде пайдаланғанда ауыл шаруашылық дақылдары орташа есеппен алғанда, астық дақылдары 20-50%, жүгері 25-72%, қант қызылшасы 30-40%, картоп 50%-ке дейін өнім қосады.
Жоғарыда аталған шаруашылықтық бағалы қасиеттерден басқа, ауыл шаруашылық дақылдарының алғы дақылы, сүрі жерлерде өсетін өсімдік, ауыспалы егістер мен шөп қоспасына жел эрозиясы мен өндірістік өңдемелерді қалпына келтіруші, есебінде енгізіледі.
Жаздық және күздік бидайдың алғы дақылдарын әртүрлі аймақтарда, ұзақ мерзімді зерттеу түйежоңышқаның ең жақсы алғы дақылдың бірі екенін көрсетті [25,32,39,48,53,59,67 ].
Ылғалдануы жеткілікті жылдары түйежоңышқадан кейін күздік бидай егуге болады, алынған өнім қара сүрі жерден кейін алынған өніммен бірдей дерлік болады, ал құрғақ күз жылдары мұндай алқапты жаздық бидай үшін қалдыруға болады. Ауыспалы егісте қара сүрі жер және түйежоңышқа келесі егілетін дақылдардың өнімділігіне екі жыл бойы жағымды әсер етеді, ал біржылдық дәндібұршақтылар алғы дақыл ретінде бір жылға ғана жарамды. Бұл қорытынды Солтүстік Қазақстанның далалық аймақтары үшін өте маңызды [49].
Екі жылдық даму кезеңіне байланысты, түйежоңышқа сүрі жерде өсірілетін дақыл ретінде өте ыңғайлы. Түйежоңышқаны кезкелген дәнді дақыл үшін бүркеме дақыл ретінде егуге болады, бүркеменің биік аңызының астында қыстап шыққаннан кейін, жасыл массасы тез өсіп, маусым айының соңында егістікті босатады. Кейін бұл егістік шала сүрі жер ретінде өңделеді. Жаз мезгілінің екінші жартысының жауын-шашын мөлшері түйежоңышқаның шала сүрі жерінде жинақталады, күздік дақылды егу мерзіміне қарай мұндағы су режимі таза сүрі жердегімен бірдей дерлік болады. Осылай түйежоңышқа сүрі жерлерде өсірілетін барлық өсімдіктерге тән топырақтың құрғап кетуінен аман қалып, кейінгі дақылдар үшін қолайлы су режимін қалыптастырады. Арамшөптермен тиімді күрес, жаздың екінші жартысында топырақта ылғал жинақтау, азықтық массаның минерализациясы мен қатар жүретін нитрификация, түйежоңышқа шала сүрі жері негізінде жоғары өнімді азықтық ауыспалы егістерін, енгізуге мүмкіндік береді [24,36,50 ].
Далалық аймақтарда шаңды қара дауылдар жиі болатын құбылыс. Сүрі жер танаптарында олар әсіресе құртушы қасиетке ие. Құрғақ аймақтардағы органикалық тыңайтқыштарды енгізбей, жаздық бидай үшін қолданылатын, қара сүрі жер өзінің міндетін атқармайды, себебі жаз мезгілі кезінде бірнеше рет культивация мен тырмалау, бұған қоса жел эрозиясының әсері топырақтың физикалық қасиеттерінің күрт төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан да далалы аймақтарда түйежоңышқаны сүрі жер танабына енгізу, қара дауылдармен күрес үшін маңызды роль атқарады [1,60].
Бұдан басқа түйежоңышқа өндірістік мақсатта пайдаланылған ауыл шаруашылық жерлерді қалпына келтіруге жарамды, өйткені басқа өсімдіктер өсе алмайтын, таскөмір күлінің үйінділерінде де өсе береді [51,61,66].
М.М. Шубин деректері бойынша таскөмір күлінің үстінде өскен түйежоңышқаның биіктігі 59 см-ге жетіп, тұқым өнімін қалыптастырған [52].
E. Schulze, M. Rezania, Л.В. Моторина зерттеулері көрсеткендей, орманды әкті үйінділер мен олардың құм аралас қоспаларын қалпына келтіргенде, түйежоңышқа ең перспективті болып шықты [62,84].
Н.П. Сабо — Гордиенко мен Н. Сабо тәжірибесі көрсеткендей, Венгрия жағдайында түйежоңышқаны осы мақсатта пайдалану әкті үйінділерді топырақтың құнарлы қабатымен және органикалық тыңайтқыштардың үлкен мөлшерімен жабу қажеттілігін қажет етпейді. Түйежоңышқадан кейін күздік бидай немесе жүгері егуге болады [71].
Түйежоңышқа өсімдігі дақыл ретінде белгілі болмағанның өзінде тамаша бал шырынды өсімдік ретінде пайдаланылып келді. Өсімдіктің туыстық атауының Melilotus болуы кездейсоқтық емес, аударғанда бал шырынды өсімдік деген мағына береді, кейбір аймақтарда оны халық арасында араның шөбі деп атайды.
Басқа бал шырынды өсімдіктермен салыстырсақ, түйежоңышқа ең құнды бал шырынды өсімдік болып шығады. Егер де 1 га қарақұмық өсімдігі 60 кг , ақ қыша — 40 кг, қызыл беде — 15 кг, фацелия — 15 кг бал берсе, жабайы өсетін түйежоңышқа 150-200 кг-ға дейін бал береді, ал сорттық егістіктер 200-300 кгга бал өнімін береді [63,75].
Түйежоңышқаның бал шырынды өсімдік ретіндегі жоғары тиімділігін келесі жайттармен түсіндіруге болады:
# Аумақ бірлігіндегі немесе бір өсімдіктегі гүлдер санының көп болуы. Түйежоңышқа 1 га-да 1,3-2,0 млрд-қа дейін гүлдер түзеді [7, 67,72 ].
# Гүлдену кезеңінің өте ұзаққа, маусым айынан бастап қазанға дейін созылуы. Әртүрлі мерзімде шабу жүргізу арқылы, гүлдену кезеңін ұзартуға болады. К.М. Чеботникова тәжірибесінде екі рет шабу жүргізу нәтижесінде жаппай гүлдену кезеңі бір айға дейін созылды. В.В. Суворов мәліметтері бойынша түйежоңышқаның гүлдену кезеңі 80-100 күн [9,73].
# Түйежоңышқадан алынған бал сапасы мен дәмі жөнінен ерекше бағалы. Ол түүсіз, сәл жасылдау, иісі ваниль сияқты, балғын.
Н.А. Фалалеев мәліметтері бойынша құрамында 37% глюкоза, 40% фруктоза бар [37].
Түйежоңышқа мен оның пайдалы дәрілік қасиеттері көне заманнан бері белгілі. Е.Г. Бобров деректері бойынша түйежоңышқа ғылымға әуелі дәрілік өсімдік ретінде танылды. Медицинада пластырь жасау үшін қолданады [76].
Халық медицинасында түйежоңышқа тұнбасын көзді, ісіктерді, жөтелді, сарп ауруын емдеу үшін қолданады. Шылым түрінде демікпе мен бронхитті емдеу үшін тиімді болды [77].
Көптеген зерттеушілердің деректерінде түйежоңышқа өсімдігін тромбофлебит, лимфа жүйесінің ісіктері, жараларды, қанталау, көз аурулары, түнгі сіңір тарту, балтыр бұлшық еттерінің сіңір тартуы, брахиальгия, ми мен тамырлардағы қан айналымын жақсарту үшін пайдаланады. Түйежоңышқа жатық бұлшық еттердің сіңір тартуын жазады және тежейді, ұйқысыздыққы ем болады [64].

1.2 Түрлер эволюциясы және таксономия

Ғылыми әдебиетте Melilotus туыстығының шығу тегі әртүрлі түсіндіріледі, себебі зерттеуші ғалымдарда тікелей палеоботаникалық мағлұматтар болған жоқ, олар жорамалдарын тарихи және эколого-географиялық мәліметтерге сүйеніп жасаған.
В. Декагори-Макриевич түйежоңышқаның отаны деп, 2 мың жыл бойы таулардың баурайында өсіп, таралған Орталық Азия деп есептейді. Түйежоңышқаның Орталық Азиядан Еуропа мен Азияға қоныс аударуы бірнеше ғасыр бұрын басталды [65].
H.S. Coe және Н.А. Мелешко мәліметтері бойынша Жерорта теңізі жағалауы бойы өмір сүрген халықтарға түйежоңышқа 2 мың жыл бұрын жасыл тыңайтқыш және тамаша бал шырынды өсімдік ретінде танылды [6, 74 ].
Л.М. Четвертных мағлұматтары бойынша түйежоңышқа Қытайда 4 мың жыл бұрын өңделе басталды, көшпенді тайпалармен біртіндеп, Моңғолия, Алтай, Парсы елдері, Арабияға қоныс аударды, сөйтіп Жерорта теңізі аумағына дейін жетті [78].
А. Задорин Ресейді түйежоңышқаның алғашқы шығу орталығы деп есептейді [79].
Түйежоңышқа түрлерінің шығу тегі жөнінде толығырақ мағлұматтарды В.В. Суворов келтіреді, оның пайымдауынша Melilotus туыстығының шығу тегі басқа трибалардың өкілдері сияқты (Trifolia, Medicago, Trigonella) көне жерортатеңіздік болып табылады. Туыстықтың шығу тегін жоғары үштік кезеңге, миоцен немесе илиоценге жатқызған дұрыс [9].
Түйежоңышқаның түрқалыптастыру процесі шамасы алғашында күрт бір-бірінен өзгеше екі канал бойынша жүрді. Ерекше эколого-географиялық жағдайлардың әсерінен туыстықтың бір-бірінен тәуелсіз екі тармағы қалыптасты, шығыс және батыс.
Батыстық тармағы (Miczomelilotus) салыстырмалы шектеулі және өзіндік Жерорта теңізі ареалын алып жатыр, айнала теңіздермен қоршалған.
Құрлықтың аз ғана бөлігі оны солтүстікте және шығыста Еуропамен байланыстырады. Түрлердің бұл тобы теңіздің жұмсақ климаты әсерінен қалыптасты.
Түйежоңышқаның шығыстық (Eumelilotus) тармағы Орталық Азияның солтүстік бөлігіне жатқызылады. Бұл түр тармақ Тянь-Шань тауының аймағында, шұғыл континентальды климаттың әсерінен қалыптасты.
Melilotus туыстығында бұдан кейінгі кезеңдерде, үшінші тәуелсіз тармақ (Maczomelilotus) пайда болды , ол өзіндік географиялық оңашалануымен сипатталады. Бұл тармақтың түрқалыптастырушы процесі территориялық, Каспий маңы ойпатына жатқызылатын аумақта, өзіндік жағдайларда өтті.
Түйежоңышқа туыстығын классификациялау талпыныстары көп уақыттан бері жасалып келеді. Р. Мориссон 1680 жылы тұңғыш болып, түйежоңышқаның 8 түрінің ботаникалық сипаттамасын жасады. О.Шульц 1901
жылы түйежоңышқа туыстығының шамамен толық классификациясын жасады.
Оның классификациясы бойынша түйежоңышқа 22 түрді біріктіретін 2 туыс тармағынан және 5 секциядан тұрады. Бірақ бұл классификация эколого-географиялық факторлар мен филогенияны есепке алмай, морфологиялық ұстанымдарға ғана құрылған, формалды, жасанды түрі. О. Шульц түрлердің полиморфизмін және түрішілік классификацияны мүлдем сипаттамаған. Ол түрді ең төменгі таксономиялық бірлік ретінде қарастырған [9].
Түйежоңышқаға Кеңес одағы кезінде көңіл бөліне бастады. А.Т. Кирсанов., В.А. Кузнецов., И.И. Пушкарёв Америкада кең тараған түйежоңышқа түрлеріне сипаттама беріп, алғаш рет шаруашылықтық маңызына көңіл бөлген [10, 80, 81].
И.В. Лариннің Кормовые растения естественных сенокосов и пастбищ СССР атты еңбегінде шалғындық шөп өсіру үшін түйежоңышқаның перспективтілігін атап өткен, өсімдіктің азықтық бағалылығын сипаттап, Еуропа мен Азияның флорасында кездесетін 8 түрге ботаникалық мәліметтер келтіреді [82].
Е.Г. Бобров түйежоңышқаның 11 түрінің сипаттамасын беріп, оларды анықтауға қажетті түсініктемелерді келтіреді. Н.И. Крылов., А.А. Гросссгейм., Л.П. Сергиевская және т.б. ботаник-флористердің еңбектерінде әртүрлі облыс пен аймаққа қатысты түйежоңышқаның басқа түрлерінің сипаттамасы беріледі [83].
Эволюция мен систематика сұрақтарын шешуге үлкен үлес қосқан В.В. Суворов. Туыстықтың генезисін қарастырғанда, тарихи және геологиялық мәліметтердің ботаника-географиялық ұстанымдарына негізделе отырып, В.В. Суворов түйежоңышқаның 3 географиялық негізделген туыс тармағын көрсетті:
1. Азиялық (Eumelilotus) — ақ , сары , хош иісті, тісті түйежоңышқа түрлерін біріктіреді.
2. Жерортатеңіздік (Miczomelilotus) — бұл түр тармаққа италиялық, үнді, неополитандық, жыртылатын, бороздалық, кішкентай, ерекше, қырымдық сияқты түрлер жатады.
3. Каспийлік (Maczomelilotus) — негізінен эндемикалық орыс түрлерінен құралған, каспийлік, волгалық, түкті, бойшаң (сурет 1) [9].

Сурет 1 — Melilotus Mill туыстығын жіктеу

Әр түртармақ өз ішінде одан да ұсақ жүйелі бірліктерге — түрлер
бөлінген, бір-бірінен морфобиологиялық белгілері мен қасиеттері арқылы ерекшеленеді.
Әртүрлі климаттық аймақтарда Бүкілресейлік өсімдік шаруашылығы институты көп жылғы жүргізген зерттеулері және Melilotus туыстығы бойынша қазіргі заманның көрнекті биологтары Е.Н. Синская мен П.М. Жуковскийдің айтқан сыни пікірлері көрсеткендей, ұсынылған бірде-бір жүйенің аяқталмағандығын және нағыз табиғи қалыптасқан таксономиялық жағдайды көрсетпейтіндігін, әсіресе түрішілік деңгейде ұсынылған классификациялардың нақты емес екенін көріп отырмыз. Олардың барлығы арбиған түрде, нақты бөліп көрсететін таксономиялық белгілері жоқ, практика жүзінде қолданылуы қиыншылық тудырады, сондықтан селекционерлер мен генетиктер арасында танылмаған . Н.В. Суворов ұсынған жүйе түрлік деңгейде, қолдану үшін ыңғайлы және қарапайым, түрлер арасындағы нақты бөліп көрсететін белгілері бар.
Қазіргі таңда әртүрлі флористикалық (флоралық) нұсқаулықтарда әдетте түйежоңышқаның 15-20 түрі сипатталады. Қазақстан мен Ресей флорасында 11 түр кездеседі. В.В. Суворов бойынша жер бетінде түйежоңышқаның 16 түрі тараған [85].

1.3 Түйежоңышқа селекциясының тарихы мен жетістіктері

Түйежоңышқа өсімдігінің жемшөп өндірісіндегі перспективтілігіне қарамастан, біздің елде және шетелде селекциялық жұмыс болмашы ғана көлемде және өте нашар деңгейде өткізіледі.
Түйежоңышқа селекциясымен біздің елде 80 жыл бұрын бірнеше тәжірибе станциясы айналыса бастады, олар Краснокутская, Омская, Веселоподолянская, Полтавская. Бірақ та елеулі тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген жоқ, себебі уақыт өте келе тәжірибе станцияларының біразы әртүрлі себептерге байланысты, түйежоңышқа селекциясы бойынша жұмыстарын тоқтатты. Веселоподолянская және Омская тәжірибе станцияларының жұмысын ерекше атап өтуге болады, жаппай сұрыптау арқылы түйежоңышқаның Веселоподолянская 1146 және Омская 4032 жаңа сорттарын шығарды. Дегенмен осы сорттар бойынша тұқымдық жұмыс ретке келтірілмегендіктен, тұқым жетіспеушілігі себептен бұл сорттар кең таралған жоқ.
Краснокутская тәжірибе станциясының профессоры Н.А. Константинов түйежоңышқа өсімдігін зерттей келе, КСРО-ның Оңтүстік-шығыс аймағы жағдайында сары түйежоңышқаның қысқа төзімділігінің жеткіліксіз, нашарлау екендігіне көңіл бөліп, осы бағыт бойынша селекциялық жұмыстың қажеттігін атап өткен [86].
Қысқа айналымды ауыспалы егістіктерге жоғары өнімді бұршақ тұқымдас өсімдікті енгізу қажеттілігі, Саратовская селекциялық станциясын өз таңдауын түйежоңышқаға тоқтатуға түрткі болды, академик Г.К. Мейстердің бастамасымен 1932 жылы түйежоңышқа селекциясы бойынша топ құрылды. Саратовская облысы жағдайында қысқа төзімділігімен бірге түйежоңышқаның фузариозбен зақымдалуға төзімділік белгісі де маңызды мәнге ие болды. Гүлдену мен тозаңдану биологиясына қатысты кейбір сұрақтар да зерттелді [86].
Алайда бұл станцияның жұмысында да үлкен қателік болды, селекциялық жұмыстың негізіне тек қана шетелдік шығу текті бастапқы материал алынды, сорттар шығарудың аз бағалы әдістемесі ғана қолданды. Практикалық бағалы сорттарды бұл станция шығара алған жоқ.
Бүкіл Ресейлік өсімдік шаруашылығы институтының Каменностепной тәжірибе станциясының жұмысы ерекше назарға лайықты, 1930 жылғы КСРО наркомземнің арнайы шешімі бойынша түйежоңышқа селекциясы бойынша жұмыс басталды. Бұл жерде Ресейдің әртүрлі аймақтары мен Еуропаның, Азияның, Американың көптеген елдерінен жинақталған үлкен көлемдегі бастапқы материал зерттелді. Салыстырмалы қысқа мерзім ішінде түйежоңышқа селекциясының әдістемесі жасалып шығарылды, оның даму биологиясының негізгі кезеңдері айқындалды [87].
В.В. Суворовтың зерттеу нәтижелері бойынша түйежоңышқаның Люцерновидный 9654, №11427, Малокумаринный 909 және Однолетний сортттары шығарылды. Эволюция, систематика, морфология және анатомиялық ерекшеліктерді, өсіру технологиясы және шаруашылықтық қолдануымен байланыстырып, жан-жақты зерттеудің нәтижесінде түйежоңышқа селекциясының негізгі бағыттары мен перспективалары жасалды [9, 85].
Осыдан кейін түйежоңышқа өсімдігінің селекциясында тоқтау байқалды. Түйежоңышқа туралы тек қана 50 жылдардың аяғында ғана еске алады, осы уақытта Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірдегі тұзданған жерлердің үлкен көлемін игеру жүргізілді. Көптеген ғылыми-зерттеу институттарында түйежоңышқа селекциясы бойынша жұмыстар жанданып, сорт шығарумен аяқталды. Ерекше атап өтуге болатын сорттар, мыналар: Альшеевский, Медет, Сибирский, Сретенский, Куузику, Йыгева 12, Колдыбанский және т.б. [25,33, 88,89].
Шетелде түйежоңышқа селекциясымен Канада, США, Германия, Япония, Венгрия және Польша айналысты.
Канада. Түйежоңышқа селекциясы жөніндегі алғашқы мағлұматтар профессор Y.E. Kirk еңбектерінде кездеседі. Ол Арктик сортының егістіктерінде шар тәрізді және бұтасы қалың формалы, аласа сабақты, жоғары жапырақталғандығымен ерекшеленетін өсімдікті тапты. Бұл өсімдік Alta линиясына, ақ түйежоңышқа түріне жататын жоңышқа тәрізді сортын шығаруға бастапқы материал болды.
Арктик сортын профессор Ганзен, Саскачеван тәжірибе станциясында Батыс Сібірден шығарылған, жабайы түрден жаппай сұрыптау арқылы алды [87].
Американдық ғалымдар түйежоңышқа өсімдігін генетика-селекциялық зерттеулерінде, кумариннің жоқтығына ерекше мән берді, алғашқы болып Melilotus туыстығында түраралық гибридизацияны пайдаланды. Кумино сортының негізінде Висконсия университетінде (АҚШ) ақ түйежоңышқаның кумарин мөлшері аз, тісті формалы түйежоңышқамен будандастыру арқылы алған гибридті линиясы жатыр. Себу кезінде түраралық гибридтер тез тіршілігін тоқтататын, ақ өскіндер (альбинос) беретін, сары түйежоңышқаға ұластыру арқылы гүлденуге дейін жеткізуге болатын. Гибридизацияның екінші кезеңінде ұластырылған гибридтер ақ түйежоңышқаның тозаңымен тозаңданатын, нәтижесінде өміршең бірнеше тұқым алынды. Осыдан кейін Саскачеван провинциясында (Канада) малазықтық дақылдардың селекциялық лабораториясында гибридтерді ақ түйежоңышқамен 5 рет қанықтыра будандастыру жүргізілді. Қайта-қайта іріктеудің арқасында кумарині жоқ дерлік линия бөлінді [90].
Кейін осы линия негізінде Мелфорт ауылшаруашылық тәжірибе станциясында (пр.Саскачеван) селекциялық жұмыстың нәтижесінде кумарин мөлшері аз, ақ түйежоңышқаның жаңа сорты Полара, Дента және сары түйежоңышқаның Norgolol сорттары шығарылды. Дегенмен зерттеу нәтижелері Yoldton, Leadrid, Arctic, Эректор, Юкон сияқты сорттармен салыстырғанда өнімділігі төмен екенін көрсетті [15].
АҚШ. 1916 жылы Айова тәжірибе станциясында профессор Гучес бір жылдық ақ түйежоңышқаны Юбем cортын шығарды [87].
Түраралық гибридизацияны тиімді пайдалану үшін түйежоңышқа селекциясында ұрықтық дақыл әдісі (зародышевая культура), және будандастырылатын өсімдіктерді вегетативті жақындастыру әдісі (вегетативное сближение скрещиваемых пар) ойлап шығарылды [91].
Германия . 20 жылдары E. Bawer түйежоңышқаның кумарин мөлшері аз линияларын алуда серпіліс жасады, оның болжамы бойынша кумарин мөлшері көп, әртүрлі өсімдіктерден, кумарин мөлшері аз түрлерін, қатал, көп реттік іріктеу арқылы алуға болады. M. Ufer әдістемесі бойынша түйежоңышқаның 850 мың өсімдігі кумариннің мөлшеріне тексерілді. Бірақ та химиялық іріктеу үшін бөрібұршақ сияқты ыңғайлы нысан болған жоқ. Бұл зерттеулер практикалық нәтижелер берген жоқ. Осыдан кейін көптеген ғалымдар W.K. Smith сияқты күрделі түраралық және туысаралық будандастыру жүргізді, олар практикалық оңтайлы нәтиже көрсеткен жоқ. Гибридтердің гүлтұғыры қысқарған, күлте гүлдің түсі бозғылт-сары болған, өсімдіктер хлорофилл жетіспеушілігінен зардап шегетін. Алайда осы гибридтердің қатысуымен және бірнеше перспективті линиялардың негізінде кумарині жоқ дерлік Acumaz, Yulzew және кәдімгі Bokhara-Kece, Medik, Bieueufleib сияқты сорттар шығарылды [95].
Польша. Түйежоңышқаның кумаринсіз сорттарын шығару бойынша
I. Iaranowski жүргізген тәжірибелер сәтсіз болды. Автордың айтуы бойынша қарапайым іріктеу кумарин мөлшерін төмендетпейді, ал түраралық будандастыру өміршең ұрпақ бере алмайды, бұның себебі эволюция процесі кезінде түрлер арасында барьерлердің қалыптасуымен түсіндіріледі, гибридті ұрықтың өмірге қабілетсіздігінде, эндоспермнің шала дамығандығы, хлорофиллдің жоқтығы және басқа да аномалиялар көрініс береді.
Венгрия. Селекциялық жұмыс екі бағытта жүргізілді: бірінші — жоғары биіктікті, азықтық масса өнімділігі жоғары, өрескел сабақты және кеш пісетін сорттарды шығару (Сомхорр, Кечхели, Кечкетети, Фекерварачи; Сопронхорпакси фенен фигару,), екінші жоңышқа типті көп сабақтылығымен және жақсы жапырақтануымен сипатталатын сорттарды шығару [92,93,94].
Сонымен біздің елде және шетелде түйежоңышқа селекциясы бойынша генетика-селекциялық жұмыс жүргізіліп отырды.
Әдебиетке шолудан көріп отырғанымыздай, түйежоңышқаның халық-шаруашылықтық маңызы үлкен екенін көріп отырмыз. Шаруашылық қолданыста әмбебап өсімдік. Әртүрлі мал азықтарын, пішен, пішендеме, сүрлем, жасыл масса, жайылымдық жерлер мен түйіршіктелген дән жармасын жасау үшін жақсы шикізат көзі бола алады. Ауыл шаруашылық дақылдары үшін жақсы алғы дақыл, сидерат, фитомелиоратор, шөп қоспасындағы бұршақтық компонент, азот жинақтаушы және сүрі жер танабында тиімді өсімдік. Өндірістік қолданыста болған жерлерді қалпына келтіру үшін, құмдарды нығайту, бал шырынды және дәрілік өсімдік ретінде пайдалану үшін өте тиімді өсімдік екенін көріп отырмыз.

2 ЗЕРТТЕУ ӨТКІЗУ ЖАҒДАЙЛАРЫ, НЫСАНЫ ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕСІ
2.1 Зерттеу өткізу … жалғасы