Төреғали Төреәлінің анасы «тентек» ұлының даулы оқиғалары туралы айтты
«Шынымды айтсам, фильм басталғанша қатты қобалжыдым. Қорықтым. Уайымдадым. Кейін журналистермен сұхбат болған кезде «тағы біреу баламды шалып қалмаса екен», — деп тілеп тұрдым. Кейін сәл де болса қобалжу басылып, көңілім жайланды. Қуаныштымын», — дейді ол.
Фильмдегі Төреғали анасын өте сирек көреді. Ал, анасы дәмдісін дайындап тағатсыздана күтеді. Өмірде де дәл солай екен.
«Ұлымның гастролі, концерттері көп. Өте сирек көремін. Дастархан басында мәз-мейрам болып шай ішіп, әңгіме айтқанға не жетсін?! Ұлым үйге келсе бар тәттімді алдына ұсынамын. Кейде түсте тұрып, асығыс-үсігіс шай ішіп, жұмысқа кетіп қалады. Сол кезде сағынышым басылмай қалады», — деп ағынан жарылды әнішінің анасы.
Ал жиі болатын орынсыз жағдайлар мен даулы оқиғалар аяулы ананың жүрегін ауыртып, жиі қан қысымын көтеретін болып шықты.
«Бастапқыда, тіпті қатты қабылдайтынмын. Уайымнан күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтінмін. Бірақ, бала-шағам: «мама, ойлай бермеңіз, ауырып қаласыз» деп қолдап жүреді. Ана болғасын қалай уайымдайын?!
Өзі көңілімді көтеру үшін: «мама, хайп қой. Сіз ауырып қалмағанда мен апта сайын хайп жасап тұрар едім?!», — деп әзілдеп қояды. Адамның атағы шығып, аты оза шапқан сайын аяқтан шалушылар көп болады ғой. Баламды «сондай қара пиғылды адамдардан сақта» деп Құдайдан тілегеннен басқа қолымнан ештеңе келмейді.
Бүгін бір журналисттер әуежайдағы оқиғаға қатысты сұрап жатыр. Мен тек уайымдайтынымды айта аламын.
Ал, қалай, неге болды деген көп сұраққа ұлымның немесе папасының жауап бергені дұрыс шығар. Себебі, мен үйдегі жанашырымын. Ал, еркектердің ісіне ешқашан басымды сұққан емеспін», — деп аяқтады сөзін «Ұлы дала баласының» анасы.