Тізбекті хаттар — Қызықты деректер / Пайдалы мәліметтер — Bilim
«…осыны 18 адамға таратпасаң алдыңнан қиыншылықтар шығады…» немесе «…үш күннің ішінде 20 адамға жібер, жолың ашылады…» дегенге ұқсас хаттар алдыңыздан шыққан болар…
Тізбекті хаттар — электрондық немесе қарапайым пошта арқылы (сондай-ақ интернеттегі жедел хабар алмасу желілерінде, әлеуметтік желілерде т.б) алушыны хабарламаның көшірмесін одан әрі таратуға шақыру немесе талап ету арқылы бірнеше адресатқа жіберілетін хабарламаларды білдіретін термин. Ол хаттар интернеттің танымал болуынан әлде бұрын пайда болған. Қолмен жазылған хаттар, әзіл түрінде достардың арасында таратылатын. Мәтінді еш өзгеріссіз көшіріп алу керек болған.
Тізбекті хаттардың түрі көп. Ең танымалдарының бірі — таныстардың белгілі бір санына жібергеннен кейін өмірдің барлық салаларында әлауқатқа қол жеткізуге кепілдік беретін «бақыт хаттары». Екінші нұсқасы — «бақытсыздық хаттары», қорқынышты оқиғалар (террористік шабуылдар, індеттер, табиғат апаттары) туралы ескертетін хаттар, бұл хабарламаларды сіз өзіңіздің жақын адамдарыңызға таратқыңыз келіп тұрады.
«Тізбекті хаттардың» мәтіні уақыт өте келе, одан әрі тарату уәждемесі үшін өзінің нанымды тұжырымдарын күшейте отырып, өзгертілуі мүмкін. Кейде алушы мәтінге әдейі өзгерістер енгізеді, немесе кездейсоқ қателіктер нәтижесінде өзгерістер орын алады.
Тізбекті хаттың тарихы
Ең алғаш «құдайы» немесе «қасиетті хаттар» деп аталатын хабарламалар (нем. Himmelsbriefe) орта ғасырларда пайда болды.
1910 жылы Христианияда (Норвегия) «Иерусалим дұғасы» деп аталатын үлкен дүрлікпе байқалды, алушы тоғыз күн бойы мәтінді көшіріп таныстарына жіберіп отыруы керек болған.
ХХ ғасырдың басындағы революциялық Ресейде үгіттеу парақшалары мен астыртын газеттер «Өзің оқы да — басқаға тарат» деген ұранмен тарала бастады.
Электрондық коммуникациялардың дамуымен (электрондық пошта, жедел хабар алмасу жүйесі, әлеуметтік желі және т.б.) осындай хабарламаларды тарату спам сипатына ие бола отырып, неғұрлым жылдам әрі жаппай таратылатын болды. Кейбір электрондық пошталардың қызмет провайдерлері өз пайдаланушыларына осындай хаттарды жіберуге тыйым салады.
Уәждеме типологиясы
Математик және бұрынғы әскери талдаушы Даниель Ван Арсдейл (Daniel W.VanArsdale), 1973 жылдан бастап «тізбекті хаттары» феноменін зерттеп, 600-ден астам үлгіден тұратын коллекцияны жинаған. Осындай хабарламаларға тән келесі тоғыз уәждемелік категорияларды: «дін жолындағы», «сәттілік әкелетін», «қайырымдылық», «петиция», «байытатын», «алмасу», «әлемдік рекорд», «пародия» және «электрондық хаттар» деп, олардың пайда болуының хронологиялық тәртібімен бөлді.
«Дін жолындағы хаттар»
«Киелі хаттардың» мәтінін «Құдай» немесе басқа «Құдайдың елшісі» жазған делінеді. Әдетте олар хат алушыны сәтсіздіктен құтқаруға уәде береді. Еуропада мұндай хаттар көп жылдар бойы айналымда жүрді, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қайта басылып шығып жүрді. «Қасиетті хаттар» «тізбекті хаттардың» жалпы анықтамасына сәйкес келмейді, өйткені мұнда одан әрі тарату туралы талаптар жоқ. Дегенмен, «жариялау» үндеулері мен олардың күшіне сенбеген адамдарға қауіп-қатерлер болуы мүмкін екені ескертілді. Осындай хаттар сәттілікті уәде ететін хаттардың бастамасы болды.
«Сәттілік әкелетін хаттар»
Бұл категориядағы хаттар жалған сенімдер мен ырымдарға жүгініп: егер хатты көбейтіп таратса иесіне сәттілік, ал кері жағдайда бақытсыздық әкеледі деген желеумен таралады. Мұндай хатты көбінесе «дұғалы» деп атаған, өйткені ерте кезде осы категориядағы хаттар Інжілден алынған мәтіннен басталған болатын. Мұндай хаттар 1898 жылы Roman Catholic Novena devotion-ның дұғаларын тарату туралы талаптың немесе қасиетті хаттардағы уәделер мен қауіп-қатерлерді секуляризациялаудың нәтижесінде пайда болды деген болжам бар. XX ғасырда көбейтіп басу техникасының пайда болуымен осындай хаттар алдымен қағаз түпнұсқалардан көшіріле бастаған, содан кейін сандық түрге көшіп, электрондық пошта арқылы таратыла бастады.
[Секуляризация — [лат. saecularis — зайырлы] — саясаттың діннен азат етілуі, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы. Биліктің секуляризациялануының нәтижесінде саяси ұйымның құндылықтары, беделі, қызметтері өзінің сакралды, табиғаттан жоғары, тылсым күштік мазмұнын жоғалтады.]
«Қайырымдылық хаттары»
Мұндай хаттардың мәтінінде қайырымдылық, саяси немесе мемориалдық мақсаттар үшін белгілі бір мекен-жайға ақша немесе заттарды жіберу туралы өтініш жазылады. Осы тектес ең алғашқы хаттардың ішінен 1888 жылғы «Камберлендз ауданының ақ кедейлерінің» білім алуына ұсақ-түйек түрінде қайырымдылық жинаған хатын атап өтуге болады. Хаттың мәтіні алдыңғы нұсқаның адаптациясы болып табылатынын, сондай-ақ алушыға өзі танитын төрт адамға хаттың көшірмесін жіберуін өтініп жазған. Хат марапат ретінде адресатқа: «…біз үшін өлуге дайын болғандардың батасын аласың» деген уәде берген. 1889 жылы бір америкалық студенттің хаты 10 центтен жинап, көшірмесін он данадан жіберуді сұраған. Хаттың мәтіні онда көрсетілген санға дейін көбейтіп көшіруді және көшірмені де санмен белгілеуді, сондай-ақ көшірме саны белгілі бір мөлшерге жеткенде таратуды тоқтату туралы өтінішті қамтиды. Мұндай тәжірибе 1916 жылға дейін сақталған. Бірақ, хат «іске қосылған» уақыттан бірнеше жыл өткеннен кейін белгіленген максимумы өзгертілген көшірмелер қалып қойған. Көбіне осындай хаттардың мәтінінде тізбекті жалғастырудан бір мәрте бас тартудан болуы мүмкін салдарды тым әсірелеп жазған. Кейінрек пайда болған «қайырымдылық» хаттарында хатты таратуды тоқтату жөніндегі нұсқаулар болмаған және ақша талап етілмеген. Мысалы, Крейг Шергольфтың хаты (Craig Shergold) хәл үстіндегі балаға сауығып кетуіне ниет білдіріп, тілек жазылған ашықхаттарды жіберулерін сұрады. Ондағы бар мақсаты: Гиннесс рекордтар кітабының сол кездегі рекордтарын басып озу еді. Хат 1989 жылдың қыркүйегінде факс, электрондық және қарапайым пошталар арқылы «іске қосылды». 1990 жылдың желтоқсанына қарай 33 миллион ашық хат келіп түсті. Бұл процесті тоқтатуға қанша талпыныстар жасалғанымен, ашықхаттар келуін әлі де тоқтатар емес. Қайырымдылық хаттар «тізбекті хаттарының» дамуына себепші болды, және қырық жылдан кейін «ақша хаттарының» пайда болуына алып келді. Мұндай хаттар интернетте кеңінен таралған, бірақ олардың көпшілігі алаяқтық екені белгілі. Сондай-ақ, қайырымдылық хаттарының санатына жалғыз белгілі мысал — 1905 жылғы миссионерлер үшін дұға ету туралы өтініш жазылған хат та кіреді.
«Петиция»
Қазіргі заманғы петиция хаттары (қолтаңбаларды) көшіру, тарату және жіберу туралы өтініштерді қамтиды. Ерте кездегі осы санаттағы хаттар қатаң талаптармен шектеліп отырған. Атап айтқанда, 1903 жылы АҚШ Конгресіне жас балаларға темекі сатуға тыйым салу туралы талаппен петицияға қосу үшін аты және мекен-жайы туралы деректерді «Америка мораль қоғамдығына» жіберулерін сұраған. Кейінірек мұндай хаттардың мәтіндері күрделеніп, петицияға мәтіні де жазыла бастады. Мысалы, Республикалық партиядан Президент лауазымына Калвин Кулидждің (Calvin Coolidge) кандидатурасын қолдау туралы хаты. Саяси науқандарда осындай хаттарды кеңінен пайдалану 1912 жылдан бастау алды. Петицияның басқа мысалдары: Чехияның тәуелсіздігі туралы петициясы (1949), ядролық қарусыздану (1985), апартеид туралы наразылықтар (1988) және Procter & Gamble компаниясының бойкоты жайлы (1986). Бірде «Комсомольская правда» газеті «әлемді жаруға жол бермейміз» (ағылш. No to world Holocaust!) атты үндеу жариялап, оқырмандарға оны қиып алып, АҚШ президентіне ашықхат ретінде пошта арқылы жіберуін сұрады; Ақ үйдің пошта қызметі сансыз хаттардың астында қалды. Мұндай хаттар интернетте де кездеседі, мысалы, National Public Radio (1996) қолдау туралы үздіксіз петиция.
«Байытатын хаттар»
«Ақша» хаттары алушыға болашақта пайда табатынын алға тарта отырып, алдыңғы бір немесе бірнеше адресатқа қаржы жіберуге үндейді. Хатта аты-жөні мен мекен-жайы көрсетіледі. Алғаш рет мұндай хаттар АҚШ-та 1935 жылы пайда болды, олардың ішінде бірінші болып «тиын жібер» («Send-a-Dime»), сондай-ақ «байлық клубы» («Prosperity Club») (Denver) деген атпен белгілі хаттар болды. Даниель Ван Арсдейл бұл хаттардың тарихына үңіле отырып, хатқа 1933 жылғы «сәттілік хаты» үлгі болды деген қорытындыға келеді. «Ақша» хаттары 1950-ші жылға дейін (мүмкін одан кейін де) «сәттілік хаттарының» мазмұны мен таралуына әсер етіп отырған. Олар бұрынғысынша қағаз түрінде (2002) және кейінрек электронды түрде де (2001) жиі кездеседі. Мұндай пошта қаржы пирамидаларының схемалары АҚШ-та (USPS) заң бұзушылық болып есептеледі.
«Алмасу хаттары»
Мұндай хаттар бір немесе бірнеше хат алушыларға кішігірім затты (рецепті бар парақша немесе ашық хат) жіберу туралы өтінішті қамтиды. Мәтінде алушы тізбекті үзбеген жағдайда, өз заттарының орнына жақын арада басқа да көптеген заттарды алатыны жазылады. Алғаш рет мұндай хаттар 1935 жылы пайда болды. Осы хаттар «тиын жолда» деген сияқты хаттарға үлгі болды. Бірнеше жылда мұндай хаттардың көптеген түрлері пайда болды, және бұл өз кезегінде адресаттардың тізімінің қысқаруына ықпал етті (1937). «Сәттілік хаттарына» қарағанда, «алмасу хаттарында» жіберу үшін сұралған көшірмелердің саны мен мекен-жай сандары әрбір келесі хатта ерекшеленіп отырады. «Алмасу хаттары» бұрынғысынша қағаз түрінде (1996) айналымда бар, өте сирек жағдайда — электронды түрде де кездеседі.
«Әлемдік рекорд»
1980-ші жылдары ашықхат түріндегі «алмасу хаттарының» бірі балалар арасында жолдана бастады және тізбек үзілмеген жағдайда барлық «тізбекті хаттар» арасында Гиннестің рекордтар кітабының әлемдік рекордтарын орнатады деген жалған мәлімдеме таралған (1985). Жаңа мыңжылдықтың басталуымен хаттардан ашықхаттың сұранымы жоғалған, тек әлемдік рекордтың уәделері үшін ғана (рекордтар кітабында тізбектің әрбір қатысушысын атап өтетіндіктен) айналымда жүрді. Сонымен қатар, процессті үзген адамды бірден тауып, оған орны толмас зиян келтіретіні ескертілген (2000). «Тізбекті хаттар» туралы файлдары бар сайтқа кіру туралы деректерді талдай отырып, Даниель Ван Арсдейл бұл хат әлі де айтарлықтай көлемде айналымда жүр деген қорытындыға келеді (2005). Ол балаларға бағытталған хаттағы қоқан-лоқы мәселесі өте даулы болғанымен, хат кейбір қызықты сипаттарға ие екенін айта кеткен: конверттің артқы жағындағы атаулардың тізімі, пошта маркаларынсыз таратылуы, сондай-ақ, кездейсоқ тәртіппен өсіп келе жатқан бірінші хаттың күні. Даниель Ван Арсдейл бұл хаттағы барлық табысты өнертабыстар кездейсоқ немесе еріксіз пайда болған деген тұжырымға келген.
«Пародия»
Көп ұзамай «тиын жолда» хатына қатысты шу көпшіліктің назарына (April 19, 1935) шыққан соң, бастапқы мәтіні мен түпнұсқалық хаттың таралу ауқымының прогрессін әжуалаған пародиялық хаттар пайда болды. Баспасөздер келесі түрлерді атап өткен: «пинт жібер» («Send-a-Pint») және тізімдегі бірінші адамды өлтіруге шақырған «өлтірушілердің клубы» («Drop Dead Club») (1935). Басқа пародиялар «әйелдермен алмасу» (1953) және «тізімдегі ең бірінші мекенжайға келіп, газонына дәрет сындыруға» шақыратын «тыңайтқыш клубы» (1971) атауларымен белгілі. Мұндай хаттар 1935 жылға дейін айналымда болды деген болжам бар. Пародиялар БАҚ-да жиі жарияланып отырған. Дегенмен, мұндай хаттардың түрлер көп болған. Олардың мәтіндерінде көшірмелерді көбейтіп жіберу керек деген өтініш жоқ, сондықтан олар «тізбекті хатқа» балама бола алмайды. Даниель Ван Арсдейл пародиялар бірінші кезекте «ақша хаттарының» жалған тұстарын және олардан келетін зиянды көрсету үшін пайда болған деп санайды, сондай-ақ олардың «сәттілік хаттарының» мазмұнына әсер еткенін атап өткен. Пародиялар интернетте кеңінен таралған (St. Paul).
Тізбекті хаттың басқа да түрлері
«Тізбекті хат» деген атаумен берешек немесе айыппұлдар туралы, сондай-ақ өтелмеген берешектерге қатысты басқа да ақпараттар, мысалы, несие бойынша мерзімі өткен төлемдер туралы қандай да бір хабарлама немесе хаттарды да атайды.
«Электронды хаттар»
Бұл санатқа e-mail арқылы басқа адресаттарға жиі жіберілетін хаттар кіреді. Оларды тарату үшін мотивацияның үлкен ауқымы бар. Мұнда алаяқтық, әзіл мен достық хабарламалар жетерлік. Өлім қаупі бар «желілік кеңестер» де жоқ емес, мысалы, «медициналық журналға жалған сілтеме жасай отырып барлық достарыңа «қан айналымын жақсарту үшін жүрек ұстамасы кезінде барынша күштірек жөтелу» атты ұсыным- презентациясын жіберу» ұсынысы.
Қазіргі заманғы электрондық пошта және мессенджерлер арқылы жиі таратылатын «тізбек хаттарының» мысалдары:
№ | Хат | Хаттың түсіндірмесі |
1 | Мына контактіден келіп түскен хабарларды қабылдамаңыз, бұл вирус! Арман мен Мұрат және тағы да бірнеше пайдаланушының виндовсы істен шықты! Барлық таныстарыңызға жолдаңыз! | |
2 | Whatsapp (немесе facebook т.б) ақылы болады! Бәленше уақыт аралығында миллион дауыс жинау керек. Егер үлгермей қалсаңыз, онда аватарыңыздың түсі қызғылт болып өзгереді, яғни енді Whatsapp (немесе facebook т.б) үшін ақы төлеуің керек дегенді білдіреді. | |
3 | <…> Осы хабарламаны достарыңа таратсаң гүліңіздің түсі көк болады [немесе: … сенің Mail.ru Агент белгішең алтын түске боялады]. Бұл ресми хабарлама < …> | Mail.ru агенттің белгішесі ғаламтормен байланыс жоқ кезде, немесе mail.ru сайтымен байланыс орнату мүмкін болмаған кезде (мысалы, таратушының есептік жазбасын Сайт әкімшілігі спамды таратқаны үшін бұғаттағандықтан) ол сары (алтын) түсті болады. |
4 | Бұл ақпарат бүгін таңертең Microsoft пен Norton арқылы келді. Бұл ақпаратты Интернетке қосылған таныстарыңның барлығына жіберуіңізді өтінеміз. Сіз «<…>» деп аталатын электрондық пошта арқылы хабарлама алуыңыз мүмкін. Егер сіз осы хатты ашсаңыз, онда сіздің экраныңызда «енді тым кеш; сіздің өміріңіз енді керемет болмайды» (It is too late now; your life is no longer beautiful) деген хабар пайда болады. Содан соң сіз компьютеріңіздегі ақпараттың бәрін жоғалтып аласыз, сізге пошта жіберген адам сіздің атыңыз бен электрондық поштаңызға және құпия сөзге қол жеткізуі мүмкін. Бұл — жаңа вирус. | |
5 | Whatsapp (немесе facebook т.б) — қа вирус жіберілді. Бұл хабарламаны <…> контактісін қоспау үшін сіздің байланыс тізіміндегі барлық адамдарға, тіпті қазір офлайн режиміндегілерге тұрғандарға да таратыңыз . Себебі бұл — вирус. | Пайдаланушы атынан спамды тарату үшін пайдаланылады. Бұл спамерлер үшін пайда әкеледі, өйткені оларды бұғаттамайды (олардың орнына сіз таратқан боласыз) және спам таратуды жалғастырады. |
6 | Мұны байланыс тізімі бойынша тарат. Шұғыл <…> осындай топтағы және резус-факторының қан доноры қажет. Науқас <…> балаға бір айға жуық өмірі қалды. |
Әдетте, алаяқтар сирек қан тобын көрсетеді; сонымен қатар, олар мұндай хабарламаларда байланыс ақпараты ретінде электрондық пошта, мекенжайының орнына қоңырау шалу үшін ақылы телефон нөмірлерін көрсетеді және оның төлемі әдеттегіге қарағанда өте жоғары болады. |
7 | Егер сіз бұл хатты таратпасаңыз, анаңыз қайтыс болады, бір қыз бұл хабарды таратпады, сондықтан, оның анасы бір жылдан кейін қайтыс болды. | Әдетте спамерлер балаларды қорқыту үшін осындай спамды қолданады, және сол балалардың атынан да спам таратады. 10 мың қыз хатты таратпаған, және оларға уәде етілгендей ештеңе болмаған. |
8 | Биылғы қазан айы ерекше болғалы тұр! Бұл 5 дүйсенбі, 5 сенбі және 5 жексенбіден тұратын, біздің өмірімізде жалғыз рет келетін құбылыс болмақ! Бұл құбылыс 823 жылда бір келеді. Соңғы рет 1191 жылы орын алған, ал келесісі тек 2837 жылы болады. Сенесіз бе, жоқ па, бірақ осы хабарламаны достарыңызға жіберсеңіз, 4 күннен кейін (уәде еткендей) жағымды ақшалай тосын сый аласыз! Бізге фэн шуй осылай уәде етеді! | Зиянсыз спам, көркем әзіл: бұл анықтама сенбіден бастау алатын, 31 күннен тұратын барлық айларға сәйкес келеді. Мұндай айлар жиі кездеседі, мысалы 2015 жылдың тамызы мен 2017 жылдың шілде айы да осы анықтамаға сай келіп тұр. |
Тізбекті хаттар және заң
1941 жылы АҚШ-тың пошта қызметі «Anthony13» деп аталатын хат мәтіні бар ашық хаттар конверттің сыртында немесе ашық хаттарда «қауіп төндіретін сипаттағы» пікірлерге тыйым салатын U.S. Code Title 18-дегі 1718-бөліміне қайшы келеді деп санады. Бұл хаттың мәтінінде «бір әйел хатты күлкіге айналдырған себептен, 13-ші күні оның қызы көр болды» делінген. Алайда, 1973 жылы бұл заң «сөз бостандығына кепілдік беретін Конституцияғы енгізілген бірінші түзетулеріне қайшы келетін тым кең түсініктеме» ретінде алынып тасталды (United States, 485 F2d 1087 — ге қарсы Tolett-дің ісі). Конверттермен жіберілетін «сәттілік хаттары» заңға қайшы емес. Дегенмен, қаржы пирамидаларының сызбаларын пайдаланатын «ақша хаттары» АҚШ-тың кейбір федералдық және жергілікті заңдарына қайшы келеді.
Тізбекті хаттар қарым-қатынас практикасының бір бөлігі
Мұндай хабарламаларды, заманауи парадигмада мем ретінде бағалануы мүмкін. Хаттың әрі қарай таратылуы үшін «тізбекті хаттарың» мәтіні эмоциялық-манипуляциялық оқиғаларды, жылдам байытуға уәде беретін қаржылық пирамидалардың сызбаларын немесе ырымшылдықты пайдаланады, сондай-ақ, егер алушы мұндай хаттағы талаптарды орындамаса, сәтсіздікпен немесе тіпті күш қолдану арқылы жазалаумен қорқытады.
Мәдениеттану докторы (2002), философия ғылымдарының кандидаты (1993) С. Б. Борисов «бақыт хаттары» Ресей әйелдерінің ортасында коммуникативтік-сиқырлы практикалардың жалпы феноменінің бір бөлігі екеніне сенім білдіреді. Ол: «әйелдердің коммуникация желілері қазіргі қоғамда да бар және оларды қолдау құралы ретінде бір-бірін ауыстыратын коммуникативті — магиялық практикалар: «қасиетті хаттар» (XX ғасырдың бірінші жартысынан бастап), «бақыт хаттары» (XX ғасырдың соңғы үштен бірі), және «бақыт саңырауқұлақтары» мен «бәліштері» (ХХ және XXI ғасырдың шегі) деп тұжырымдайды.
С. Б. Борисов «бақыт саңырауқұлақтарын» мен «бәліштерінің» тарату механизмі «бақыт хаттарының» тарату механизміне ұқсас екенін атап өтті. Сонымен қатар, бәліштер мен саңырауқұлақтарды ұсынатын кезі белгілі бір мазмұндағы жазбалармен сүйемелденді, мысалы: «бақыт бәліші» 19 ғ.бастап таратылып келеді.
…әйелдердің сиқырлы тәжірибелері шамамен былай дамыған. ХХ ғасырдың ортасынан бастап 1990 жылдардың ортасына дейін елімізде сауықтыру сусыны, әрі емдік құрал ретінде «шай саңырауқұлағы» таратылды. 1990-шы жылдардың ортасынан «шай саңырауқұлағының» тірі тіршілік ретіндегі мифологиясы қалыптасты. Пайда болған «шай саңырауқұлағымен» қарым-қатынас жасаудың жаңа формалары пайда бола бастады, саңырауқұлақпен қарым-қатынас негізінде олардан бөлінетін заттарды тұтына отырып, тілектерінің жүзеге асырылуы мүмкін деген болжам болды. Ақырында, 1994-1997 жылдары «бақыт саңырауқұлағы» пайда болады — «саңырауқұлақ сусынын» тұтынуды тоқтатылды, бар зейін сәттілік пен тілектерді жүзеге асыратын саңырауқұлақпен тікелей қарым-қатынасқа шоғырланды. Сол кезеңде «бақыт бәліші» — органикалық субстанциямен қарым-қатынастың жеке-коммуникативтік аспектісі (көлемі үлкейгенімен) айтарлықтай азайған сиқырлы тәжірибе пайда болады.
«Бақыт бәлішін» берген адам оның сиқырлы күшіне сенетін еді.
… коммуникативті-сиқырлы «рәсімнің» жалпы көрінісі мынадай: Таныс адамға берілетін зат («ашытқы», қамыр) сол адамның келісімімен тапсырылады. «Ашытқымен» бірге болашақ өнім «бақыт бәліші» немесе «Герман «бәліші» деп аталатын рецепт беріледі. 10 күн бойы әзірленген қамыр екі, үш немесе төрт бөлікке бөлінеді. Бір бөлігінен бәліш дайындалады, қалған бөлігін рецептпен бірге «жақсы, мейірімді» адамдарға — 17-18 жастан асқан, әйел адамдарға берілуі керек. Пісірілген бәлішті отбасымен бірге жесе, отбасында бақыт (бейбітшілік, келісім) орнайды, немесе ерекше жағдай жасамай жеген болса тілеген тілегі қабыл болады деп сенеді.
Сын
BreakTheChain.org жоба жасаушысы Джон Ратлифф (John R. Ratliff), «тізбекті хаттарды» электрондық пошта арқылы таратуға қарсы болған. Осындай хаттарды тарату электрондық коммуникациялардың бастапқы функциясына қайшы екеніне және пайдаланушыларды жаңылыстыруға алып келетініне сенім білдіреді. Ол пайдаланушыларды осы тектес хабарламаларды сыни бағалауға, мұндай хаттардың «тізбегін үзуге» және оларды одан әрі жібермей, мүмкіндігінше адресатқа олардың зияндылығы мен қауіптілігі туралы ақпаратты жіберуге шақырады.
Жобаның мақсаты туралы айта отырып, автор:
«Тізбекті үзу» — хабардың анық шынайылығына немесе жалған екеніне көз жеткізу, ең алдымен, оны тарату үшін электрондық поштаны пайдаланудың шектеулері мен салдарын ескеру дегенді білдіреді. Бұл хабарламаны бірден жою қажет дегенді білдірмейді, бірақ бұл оны тарату үшін басқа әдістерді табу қажеттілігін білдіреді. Электрондық пошта еш сенімді емес (көшірмелер түпнұсқадан дәлдігі мен ақиқаттығы бойынша жаман жаққа өзгертілуі мүмкін), жалған болуы да ықтимал (е-мейлдің салыстырмалы анонимділігін ескере отырып, хабарламаның шығу көзі жиі жоғалып жатады); кең аудиторияға ақпаратты тарату үшін анағұрлым қолайлы жолдар да бар.
Сондай-ақ жоба авторы сайтта жарияланған шолулардағы ақпаратты талдау және теріске шығару мүмкіндігі үшін оның коллекциясына хаттардың мысалдарын жіберуді сұрайды. Жоба BreakTheChain.org 1999 жылдан бері бар, ал оның қызметі бірнеше рет америкалық және еуропалық БАҚ-тарда жарияланды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: http://bilim-all.kz/