Тиісті жұмыстар атқарылуда | | Ortalyq.kz

0


Оқылды:
8

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатындағы қалыпқа келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы 10 қарашада орын алған апаттың салдарын жою жұмыстарына назар аударды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, қайта қалыпқа келтіру жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде және 10 желтоқсанға қарай технологиялық процесс тұрақтандырылады деп жоспарланып отыр.

– Қазіргі таңда бірқатар газ құбырлары қалыпқа келтірілді. Зақымданған металл құрылыстарын орнату жүргізіліп жатыр. Ең бастысы және қыруар күшті талап ететін процесс – ол оттегі мен азот жіберетін жоғары қысымды құбырларды қалыпқа келтіру. Мұнда осы уақытқа дейін 2 мың метрден астам құбыр жөнделді. Қалыпқа келтіру жұмыстарын 10 желтоқсанға дейін аяқтап, конверторлық цехте өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді ол.

Апаттың орын алуының себептері әзірге айтылмай отыр. Арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Себебі, сараптама жүргізу үшін тағы да қосымша уақыт қажет.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатындағы апат 10 қарашада орын алған-ды. Конверторлық цех пен әктасты күйдіру цехының арасындағы құбыр қирап, газ құбыры өртенген. Конверторлық цехтың құрылысы бұзылып, көпірлік кран құлады.

11 қарашада Ерлан Қошанов комбинатта штаб отырысын өткізді. Жиналыста апат салдарын жою бойынша іс-әрекеттер алгоритмі анықталды.

Төтенше жағдайдың себеп-салдарын тергеумен Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының жетекшілігімен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің арнайы комиссиясы айналысуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.