Теріскей тұлпарының тағдыры
Алтай мен Алатауды көрген адамның Қаратауды тау деп мойындауы қиынға соғады. Тіпті сол далада туған адамдардың өзі Қаратауды тау екен деп қарамас. Шыңдары мен жартастарын ғасырлық жауын мен жел мүжіп жуасытып тастаған. Алыстан қарауытып көрінгеннен-ақ Қаратауда албырттық жоқ екенін сезінесің. Бұл тауға «қарт» деген сөз қашанда қосылып айтылады. Қазақ таудың да жасын өлшей білсе керек, зерттеулер көрсеткендей, Қаратау – жер бетіндегі ең көне таулардың бірі.
…Сол баяғы ауыл. Қариялардың қартайғаны, әжелердің әжім көбейткені болмаса, ештеме өзгере қоймаған. Әр келгенде жаңалық естігім келеді. Ауылда не жаңалық болсын. Бірақ бар. Топырақ астында қалған ескілікті дәл тұсын тауып аршып алсаң – міне, жаңалық. Ал мұндай жаңалық кез келген ауылда, әсіресе Созақта жетіп артылады. Ауыл тұсынан алыстан мұнартқан Қаратауға қарай тіке тартсаң үлкен жолға тірелесің. Сүгір мен Төлегенді іздесең оңға бұрыл. Олар осында бастарына жарты айларын қадап, мәңгілік тұрақ тапқан. Оңға бұрылсаң Сүлейменнің Асқары жайлы да біраз әңгімеге қанып қайтасың. Бірақ біз бұл жолы оңға емес, сол жаққа бұрыламыз. Онда біз сөз еткелі отырған теріскейдің тұлпары жатыр.
Бір қызығы, Қаратаудың етегінде туғандардың «мен таулықпын» дегенін ешкім естіген емес. Қаратаудың балалары «тауға қарап өспейді». «Аспанға да қол созбайды». Тереңдікке де бойламас.
Тау етегі далаға ұласады да, даласының түгі жусан мен жантақаралас келеді. Қоянсүйегі бітік,қылтанағы тағы бар. Ал адыраспанын алыстан қарасаң жер бауырлап жатып қалған қой ма дерсің. Қысы қатты бұл даланың уақ малына жазда шөп орылады. Арбаға артып алып келе жатып, дала шөбінің үстіне абайлап қисаясың. Оңтайланып жатып алған күннің өзінде арба әрбір селкілдеген сайын денеңді жиыра түсесің. Даласының түгі жантақты деп айттым ғой. Мұның барлығы Қаратаудың теріскейі жөніндегі әңгіменің бір парасы ғана болса да, Теріскейдің тұлпары жайындағы әңгіменің бастауына жарап қалады. Өйткені бұл тұлпардың тағдыры мен қағаз бетіне тұяғынан түскен таңбаны түсіну үшін оқырман сол тұяқтың шашасы құмдалған өлкенің табиғатынан жеңіл-желпі хабардар болуы тиіс. Көлемді зерттеу еңбегі емес қой. Сондықтан жеңіл-желпі түсіну жетерлік. Тереңдейін десек – таң жақын, бойлайын десек – бой тапал.
Теріскей тұлпарының көзін көргендерді көп іздеген жоқпыз. Өз үйіндей жылдап жатқан шаңырақты да, шайын құйып берген келіні мен шахмат ойнаған жиенін де кездестірдік. Келіні – Шолпан, жиені – Мұратбек.
Ал, тұлпардың аты – Тәңірберген. Біз оны Тәкен деп танимыз. Әкем дегені Керімқұл. Бірақ тегі Әлімқұлов.
Келін күнінде Тәкенге шәй құйған Шолпан апамыздың қолынан шәй ішіп отырмыз. Ерлі-зайыпты кісілер тұлпар жайында жарыса сөйлеп жатыр. Қайсысын тоқтатарымды білмей мен далмын. Ананы-мынаның басын шалып, әңгіме арнасына түсе бастады. Мұратбек аға Тәкеннің тегінен бастап таратты.
БІРЕУДІҢ БАЛАСЫН АЯЙ МА?
– Тәкен ағамның шын аты Тәңірберген еді. Кішкентай күнінен еркелетіп Тәкен аталып кеткен. Күдербайдан Тоқпанбет, Тоқпанбеттен төрт ұл, бір қыз бар. Үлкені – Балкүл. Одан кейін Әлімқұл, Рысқұл, Керімқұл, Парманқұл атты төрт ұл туған. Тәкен – Әлімқұлдың баласы. Шешесінің есімі Мәти болатын. Көп құрсақ көтерсе де, бала тұрақтамай Тәкенді туа сала Керімқұлға берген. Әлімқұлдың 35 жасында көрген баласы Тәкен осылай өзінің әке-шешесін мойындамай, Керімқұл мен Күлажардың баласы болып өседі. Өмірден солай өтті де. Бауырларым деп те Керімқұлдың балаларын жақын тартты. Әсіресе, Дәліш атты қарындасы Тәкеннің әпкесіндей еді. Оның айтқанын інісіндей болып екі етпейтін. Ауылға келсе осы қарындасының үйінде болатын.Сол Дәліш – менің шешем. Тәкен нағашыма жақындығым да осыдан.
Нағашым бала кезінде өте бұзық болған екен. Бірде, «Әлімқұлдың баласысың» дегенге ашуланса керек, өз әкесінің киіз үйінің төбесіне шығып алып, түндігінен кіші дәрет сындырыпты. Мәти әжеміз өзі ірі денелі, сұсты кісі болған деседі. Үй төбесінен түсіріп алып, әбден сабапты. Тәкен ебіл-дебілі шығып Күлажарға барып:
– Мәти ұрды, – деп жыласа керек. Баланы туған сол Мәти. Оның үстіне жасы кіші келіні бола тұрып Күлажар әжеміз қандай амал қылсын? Сасқанынан:
– Қатты ұрды ма? – десе Тәкен:
– Апа, сен де қызықсың. Біреудің баласын біреу аяй ма? – деген екен.
Бұл Тәкеннің 4-5 жасар кездері.
– Бала кезінен бұла өскен ғой?
– Иә. Еркелеу болған деседі. Әкесі Әлімқұл Кеңес өкіметі орнағанға дейін ауылда болыс болған. Әпкесі Балкүлдің Фазыл атты ұлын, Тәкенді және Мелдебек атты баланы сол кездегі үлкен орталықтардың бірі Шаян ауылында оқытқан. Ол шақта ауыл елде хат танитын адам да аз болса керек, Тәкен 13 жасында ауылдық кеңесте жұмыс істейді. Ал жиені Фазыл Үркімбаев Кеңес әскерінде полковник, Қытай әскерінде лейтенант қызметінде болған. 20 жастар шамасында Тәкен ауылдағы Ажар атты сұлуға үйленіп, сол сұлудан бір ұл, бір қыз сүйген. Сол жылдары Ащысай қорғасын зауытында жұмыс істеп жүріп істі болады да, Ақтөбеде бір жылға жуық тергеліп жатады. Ауылдағы ағайынмен хат алысып тұрған. Мерзімді тергеуі біткеннен кейін хат-хабары үзіліп, 4-5 ай уақыт өтеді. Уайым қысқан Ажар жеңгеміз бен қарындасы Дәліш Ақтөбеге барып, тергеу өткен жерден сұраса, ондағылар «осында тұрып жатыр» деп үйін сыртынан көрсетіпті. Барса есік алдында бір келіншек кір жуып отыр екен. Бейтаныс екі әйелдің есіктен кіргенінен-ақ не болғанын сезсе керек: «Үйге кіре беріңіздер. Мен шәй қамдайын, деп сыртта қалып қояды. Дәліш пен Ажар төргі бөлмеге кірсе, Тәкен кереует үстінде домбыра шертіп жатыр екен. Екеуінің сұсынан сескенген нағашым: «Айналайын Дәліш, Ажар! Әйелсіңдер ғой. Өздерің түсінісіп аларсыңдар», – деп жауаптан бірден қашып құтылыпты. Тәкенге адуынды Дәліштің сөзін екі ету қайда, екі әйелдің соңынан еріп елге оралған екен.
– Ажар өмірден ерте қайтты ма?
– Жоға. Екеуі ажырасып кеткен. Бірақ, біз айтып отырған оқиғадан біраз кейін. Ажардың көңілін қатты қалдырса керек. Бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын шын сұлу болған деседі. Тәкен сыйлыққа алтын сағат алып, қанша кешірім сұрап барғанында бұрылмапты. Тәкеннен туған екі баласы да 10-11 жастарында шешектен өлгеннен кейін аралары толықтай үзілген.
– Мәскеудегі жарынан ұрпағы бар шығар?
– Иә. Ол әйелдің есімі Муза. Жұрт орыс дейді. Негізгі түбі еврейден болатын. Одан туған Жаннетта деген қызы бар. Бірақ, оны ешқашан көрген емеспіз.
– Басқа ұрпақтары жоқ па?
– Бар. Ресейде 18 жылдай қызмет атқарып, елге келген соң жазушы Бек Тоғысбаевтың қарындасы Есімгүлге үйленді. Анығын айтсақ, сол Есімгүл үшін Мәскеуден келді. Оның соңынан ерген: «Мәскеудегі әйелі домбыраға тіл тигізіп, сол үшін кетіп қалған», – деген аңыздың біршама өтірігі бар. Мен ол кезде кішкентаймын. Үйге құндақтаулы баласын көтеріп бір келіншек келді. Шешем Дәліш екеуі біраз сөйлескен соң, Тәкенге телефон шалды. Нағашым арғы жақтан не дегенін білмеймін, бірақ телефонның бергі шетіндегі қарындасы Дәліш екі-ақ ауыз сөз айтты.
– Сенікі ме?
– …
– Қайт!
– Араға апта салмай нағашым келді. Осылай Есімгүл мен Тәкен ауылда бір жылға жуық уақыт өмір сүрген. Совхоздан үй берді. Тәкен Жазушылар Одағына өтінішін жіберіп, берілетін үйді күтті. Бір жыл дегенде мәселесі шешіліп, Масанчи көшесінен үй алып, қалаға көшкен еді. Бір-екі жыл өткенде Жамбыл көшесінен тағы да үй берілді. Баласы мен қызын ертіп ауылға жыл сайын келетін. Тіпті балалары біздің ауылда өсті. Қалаға кеткен 4-5 жылдан кейін ауылға жалғыз келіп ұзақ жататынболды. Қалаға барған соң көңілдері жараспады ма, кім білсін?
ҚАЛАДАН ЖҮДЕП ҚАЙТАТЫН
– Ауылда 1-2 ай болып кететін шығар?..
– Жоға. 5-6 айлап жүретін. Өмірінің соңғы 10 шақты жылы осылай өтті. Ауылда жүріп көп жазатын. Бір күні «мен қалаға барып кітабымның шаруаларын жөндеп келемін» деп кетеді де 3-4 ай сонда болады. Шешем Дәліш, сезе ме кім білсін, хабарласып ауылға қайт дейтін. Қаладан жүдеп қайтатын. Бір күні үйге келсем, шешем заттарын буып-түйіп жатыр екен. Маған қарап: «Жинал, Алматыға кетеміз», – деді. Мен аң-таңмын. «Не боп қалды?». «Тәкенді психбольни-цаға жатқызып тастапты». «Кім арызданыпты?» – деген сұрағыма шешем үнсіз қалды. Мен де қаз-баламадым. Құр сүлдері қалып, өң-түсі жоқ Тәкенді ауылға алып келдік.
Әңгіме үзілді де, дастарқан үстінде біраз үнсіздік орнады.
Мен Асқардың «6 палатасын» ойладым. Тәкеннің басынан бұл оқиға 80-жылдары өтсе, Асқардың пьесасы 90-жылдары жазылған. Ұқсастық өте көп. Менің үнсіздікті сейілткім келді.
– Ауылда жатып жазумен ғана айналысты ма?
Осы тұста Шолпан апамыз әңгімеге араласты.
– Иә. Таңғы сағат бестердің шамасында оянып алып ауылдағы бұлақтың суына жуынып келетін. Тіпті қара күздің суығында да су жылытпай сол бұлаққа баратын еді. Ол кісі ауылға тыныш келеді. Ешкім сезбей қалады. Алматыдан Шымкентке, Шымкенттен бері қарай таксимен, тіпті кейде жолай өтіп жатқан үлкен мәшинелерге де отырып келе салатын. Тәкен аға ауылға келгеннен кейін аудандық басшылықтың құлағына жетіп, олар үй маңайын торуылдай бастайды. «Жағдайы қалай? Не жұмыспен келіпті? Үйде ме?» – деп мені жағалап сұрап жүреді. Ол кезде жаспын, маған қызық көрінеді.
Таңғы асына қып-қызыл қылып демдеп тек шәй ішеді. Кейде бір үзім нан тістейді. Содан түскі 11-12-лерге дейін жазады. Ал түстен кейін бос. Диванда ұзынынан созылып, кубалық сигарасын тартып жататын да қоятын. Балаларымыз кішкентай. Үстіне шығып секіреді, шулайды, жүгіреді. Біреуіне «әй» деген емес. Кешке көбіне ет астырады. Өйткені, басқа асты ас деп қарамайтын. Тұйық. Көп адаммен сөйлеспейді.
Мұратбек аға сөзге араласып:
– Кейде екеуміз шахмат ойнаймыз. Картадан преферансқа қызығушы еді. «Мен Бутинмен ойнағам», – деп мақтанып отыратын. Бутин Қазақстан КСР-інің еңбек сіңірген экономисі болатын.
ТУРА ӨЗІМЕ ТАРТҚАН ЕКЕНСІҢ
– Домбыра тартатын ба еді?
– Иә. Бірақ, керемет күйші еді деп айта алмаймын. Пианинода да ойнайтыны есімде. Анда-санда «сары бозадан» сілтеп қоятын. Бірде Шымкентке келгенін естіп, сол кездегі «Восход», қазіргі «Ордабасы» қонақүйіне іздеп бардым. Шатаспасам, әрқашан бірінші қабаттағы 132-бөлмеде жатушы еді. Жолығып, ертең дайын мәшинемен ауылға қайтатынымды айтып ем, ол кісі де жүретін болды. Ертесі сағат тоғыздарда келсем, таңғы шәй ішіп алып шығайық деп күйбеңдеп жүр. «Жылдам шығуымыз керек, аға. Жолдағы Шаянда жиеніңіздің досы дастарқанын жасап күтіп отыр», – деп алып шықтым. Бұл кісінің таңғы асқа не қалап отырғанын іштей біліп келе жатырмын ғой. Бір кездері қазіргі Темірланда «Ауыл» деген мейрамхана кешені болатын.
Соның тұсынан өте бергенде ағам:
– Әй, мынау «Ауыл» ма? – деді.
– Ауыл аға! Бірақ Шаян алдымызда.
Жүріп келеміз. Қызыл көпірдің де маңайында кафелер жетерлік. Сол тұстан өте бергенде ағам:
– Әй, мынау Қызыл көпір ме? – деді тағы да.
– Қызыл көпір, аға. Бірақ, Шаян алдымызда, – деп мен жауабымнан танбай келем. Ағам осы тұста:
– Еһ, әкеңнен аунымай туған екенсің, – деп тағатсыздана ашуланып алды.
– Аға, сабыр етіңіз. Мен әкеме емес, тұп-тура сізге тартқам. Қазір Шаянға жетіп алайық, – деймін. Содан Шаянға жетіп, дастар-қанға отырысымен-ақ алдына қалаған дүниесі келіп, шөлін басқан соң барып, білегімнен түртіп айтқаны ғой:
– Иә. Тура өзіме тартқан екенсің.
– Шолпан апа, келіні ретінде есіңізде қатты қалған оқиғасы бар ма?
– Ағамның алғашқы көңіл қосып, екі бала сүйген жары Ажарды айттық қой. Шынында да өте сұлу кісі еді. Өзінің шығармаларында да оның есімі кездесіп қалады. Мен сол Ажардың немере сіңілісі едім. Қыз күйеуге шыққысы келетінін шешесіне білдіреді ғой бірінші. Шешем әкеме айтты. Әкем кім деп сұрапты. «Тәкеннің жиені», – деген екен, әкем ашуланып: «Құдай Тәкеннен құтқармайтын болды ғой», – деген көрінеді. Менде өкініш жоқ. Бірақ, ағамда өкініш болды-ау. Біз отбасында 6 қыз едік. Ішіміздегі Ажар апамызға қатты ұқсайтыны Ұлту атты сіңлім болатын. Ауылда жедел жәрдем қызметінде жұмыс атқарады. Аудан орталығына дәрі-дәрмек алып кетуге келіп жүретін. Бір күні мен дүкенге кеткенде үйге келіпті де, мені іздеп төргі бөлмені ашып қалса, диванда Тәкен аға жатыр екен, сәлемдесіп шығып кетіпті. Келсем сіңлім есік алдында отыр. Екеуміз шүйіркелесе бастағанымызда үйден Тәкен ағам шықты да, ақша беріп: «Шолпан! Коньяк алып келші», – деп дүкенге қайта жіберді. Шәй үстінде бір-екі рет ұрттаған соң: «Қан деген жібермейді екен ғой. Жаңа сіңлің есікті ашып қарағанда төбе құйқам шымырлап кетпесі бар ма? Есікті Ажардың өзі ашып қарап тұрғандай болды», – деп еді. Соған қарағанда өзіндік бір тәтті естелігі, аяулы мұңы бар шығар.
МӘТЕЛГЕ АЙНАЛҒАН ЖҰМБАҚ
– Аға, биыл Созақтан шыққан қос жазушы Асқар мен Тәкеннің мерейтойлары. Асқардың – 80, Тәкеннің 100 жылдығы. Ауданда қандай жоспарлар бар?
– Жалпы екі жазушының да мерейтойлары аудандық емес, республикалық деңгейде аталып өтілуге лайық қой. Бірақ, республика да, облыс та, аудан да тыныш секілді. Жақында ғана Тәкеннің туған жері Бабаата ауылында туған-туыстар жиналып ас бердік. Сонда ауыл ақсақалдарына да қолқа салып көріп едік, жыл соңына дейін әлі ұзақ екенін, мерейтойы ұйымдастырылатынын айтқан еді.
Шолпан апа сөз алып:
– Мен Тәкен ағаның жерлеуіне қатыса алмадым. Мектепте мұғалім болып жүрген кезім еді. Дәл сол кезде Созақ ауданына 86 жылғы оқиғаға себепкер болған Колбин келген болатын. Мұғалімдердің барлығын соған жүгіртті. Содан Тәкен ағаның басына барғаным кешегі ас болды. Қабіріне қарап тұрып іштей қатты қынжылдым. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деген жұмбақ мәтелге айналып, дәл Тәкен ағаның қабіріне қаратып айтылған секілді сезілді маған. Дұрыс құлпытас қойылмаған.
Қойылған тасқа қолменен қашап, аты мен жылы ғана жазылыпты. Танымайтын адам болса бұл топырақтың астында жазушының жатқанын білмес те еді. Сонда жазушының қабірі құрметтелуі үшін тек Кеңсайда жатуы керек пе? Биылғы мерейтойында осы мәселелер шешілсе екен дейміз. Басқа қандай құрмет көрсете аламыз?
Ұзақ-сонар әңгіме осылай бітті. Қалалық әңгімелер айтыла берер. Ал, ауылдағы Тәкеннің тағдыры осындай. Бірақ, бұл да толық емес. Әлі жиналар, зерттелер дүниелер баршылық. Біздің тараптан кеткен қателіктер болса, әруақ кешірер. Өзі туралы дүниені өз даласынан орылған жантақты шөптің үстінде жатқандай денемізді жиырып отырып жазып шықтық.
Тәкеннің жары Есімгүл апамыз бір сұқбатында: «Тәкенді жерлеп жатқанда ақ боз ат бастаған бір үйір жылқы шауып өтті», – дейді. Бұл аңыз ба, ақиқат па, белгісіз. Бірақ бұл қабір басына ақ боз ат емес, кіндігінен кеңіген ұрпақ келуі керек еді. Қынжылтары, ауылдағы ағайынның тұлпардан қалған тұяқтарға реніші де осында. Жол білу бір басқа, жөн білмейміз-ау.
…Тәкен Алатауға, Кеңсайға сыймады ма екен? Неге елге келіп жатқысы келді? Әлде, тау ауасы жақпады ма? «Бәрібір Қаратаудың баурайына келді ғой», – дерсіз. Жоқ. Қаратау тау емес. Ол қырсық шалыс қария. Сөз басында айттық емес пе, бұл елдің баласы «тауға қарап та өспейді, аспанға да қол созбайды» деп. Иә, бұл елдің баласы қарияға қарап өседі. Қариялыққа талпынады.
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №9