Телефонды 1 қаңтарға дейін тіркемесе не болады?

0

Телефонды 1 қаңтарға дейін тіркемесе не болады?

Тіркеуден өтпеген мобильді құрылғылар өзіндегі SIM-карталарға автоматты түрде тіркелмек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі хабарлады.

Тіркелмеген абоненттер 1 қаңтардан бастап өшірілмейді.

«Егер абонент тіркеліп үлгермесе, телефондағы нөмір сол телефонға автоматты түрде тіркеледі. Демек, смартфондағы нөмірдің иесі, сол смартфонның да иесі болады», — деп мәлімдеді телекоммуникация Комитеті төрағасының міндетін атқарушы Виталий Ярошенко.

Комитет дерегі бойынша, елімізде 1998 жылдан бері SIM-картасын өз атына тіркемей жүрген абоненттер де бар екен, себебі ол уақытта SIM-картаға қатысты ешқандай рәсім болған жоқ.

Телефон автоматты түрде өзге қолданушыға тіркеліп кетсе, қолданушылар үшін қолайсыз жағдай тууы мүмкін – мысалы, SIM-карта істен шыққанда.

«Абонент кеңсеге келіп,  операторға SIM-картаның істемей тұрғанын айтып шағымданады. Оператор сіздің жеке куәлігіңізді базадан тексеріп, нөмір де, смартфон да сізге (ред. ЖСН-ге) тіркелмегенін анықтайды. Мұндай келеңсіз жағдайлар болмау үшін, 1 қаңтарға дейін уақыт беріліп отыр», — дейді Ярошенко.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазақстандықтар 1 қаңтардан бастап телефондарынан айырылып қалуы мүмкін екенін ескертеді .

«Егер SIM-картаны өз атыңызға тіркеп үлгермесеңіз, онда телефоныңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін, өйткені 1 қаңтардан бастап SIM-картаның иесі телефонның да ресми иесіне айналып шыға келеді. Мысалы абонент өзіне сыйға берілген SIM-картаны қолданып жүріп, оның кімге тіркелгенін де білмеуі мүмкін», — деп түсіндірді министрлік.

Еске салайық, 22 қазан күні ҚР Ішкі істер министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды IMEI-код+SIM-карта+ЖСН схемасы бойынша міндетті тіркеу ережесі күшіне енетінін мәлімдеген еді.


Дереккөз: https://massaget.kz/