Тартысты турнир өтеді | | Ortalyq.kz

0


Оқылды:
2

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған мерейтойлық халықаралық турнирдің құрметті қонақтары әйгілі адамдар болмақ. Олар Германиядан келген боксшы қыз, әлем чемпионы Кристина ХАММЕР, белгілі кинорежиссер және сценарист Олег СТЕПЧЕНКО мен актер Игорь ЖИЖИКИН.

Қарағандының Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында 17-21 желтоқсан күндері Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХV мерейтойлық халықаралық турнир өтеді. Біріншілікке Қазақстан, Қытай, Ресей, Тайланд, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияның мықты боксшылары қатыспақ.

Турнирге құрметті қонақ ретінде жүзден астам адам шақырылды. Халықаралық турнирді облыс әкімі Ерлан Қошанов ашуы тиіс. Әлем чемпионы Кристина Хаммер, белгілі кинорежиссер және сценарист Олег Степченко мен актер Игорь Жижикиннің құттықтау сөздері көрерменге жылы әсер қалдырары сөзсіз. Айта кету керек, атақты спортшы қыз Новодолинка кентінде дүниеге келсе, «Вий» фильмінің қоюшысы жарық дүние есігін Қарағандыда ашқан.

Атақты жаттықтырушы және спорт қайраткерінің мерейтойлық турнирі ерекше өтетіндігінде сөз жоқ. Тұңғыш турнир 1984 жылдың желтоқсан айында өткен еді.

Әр жылдары халықаралық біріншіліктің қатысушысы болған спортшылардың деңгейі турнирдің, тек, Қарағанды өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды болғандығын айқын аңғартады.

…Ғалым Жарылғапов 1939 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Мектепті тамаша бітірген соң Алматыға жол тартады. Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, ағасы Ісләм Жарылғапов оның оқу-білімге деген ынтасын жақсы білетіндіктен, тарих және журналистика факультетіне түсуге ұсыныс жасайды. Бірақ, ол өзінің табандылығымен дене шынықтыру институтын таңдайды. Оқуын бітірген соң Қарағанды политехникалық институтында дене шынықтыру кафедрасында оқытушы болады. Одан кейін комсомол қызметіне ауысып, Қарағанды облыстық комсомол комитетінде спорт және бұқаралық қоғаныс бөліміне жетекшілік етеді. 1966 жылы Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумына директор етіп тағайындалады. 1979 жылдан бастап Ғалым Жарылғапұлы Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет атқарып, өмірінің соңына дейін еңбек етті.

Ғалым Жарылғапұлы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, БЛКЖО ОК «Комсомолдағы белсенді еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. КСРО және Қазақ КСР кәсіптік білім беру ісінің үздігі, КСРО дене шынықтыру және спортының үздігі атақтарына ие болды. КСРО-ның спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.

Мәскеуде 1979 жылы өткен Олимпиада ойындарының қарсаңында Дондағы Ростовта бокстан КСРО чемпионаты өткен еді. Қазақстаннан барған команданың құрамында болашағынан мол үміт күттіретін боксшылар – Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Виктор Демьяненко бар болатын. Жұмысбастылығына қарамастан, Ғалым Жарылғапов та біздің команданы қолдау үшін Ростовқа әдейі барады. Ол мұндайда қарап отыра алмайды. Сол сияқты 1984 жылы наурыздың басында өзі науқастанып жүрсе де, Ташкент қаласында бокстан өтіп жатқан КСРО чемпионатына басшылар делегациясы құрамында аттанды. Қазақстандық Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов жеңімпаз атанады. Бірақ, қарағандылықтардың осындай үлкен жеңісі кезіндегі ұлан-асыр қуанышына ауыр қайғының көлеңкесі түсті. 3 наурыз күні Ғалым Жарылғапұлы дүниеден өтті.

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХV мерейтойлық халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 17 желтоқсан күні сағат 15.00-де Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Сол күні және одан соңғы төрт күн бойы қарағандылық жанкүйерлер қазақстандық және шетелдік былғары қолғап шеберлерінің тамаша жекпе-жектерін тамашалайды.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.