Тәрбие сағаты Жыл қарияның отбасы Ерекше оқытуды қажет ететін балалар
Тәрбие сағаты Жыл қарияның отбасы Ерекше оқытуды қажет ететін балалар
Бағыты: Балабақша Бөлімі: Тәрбие сағаты Сыныбы: Мектепке дейінгі балалар
Ерекше оқытуды қажет ететін балалардың дүниетанымын, зейінін дамыту және қоршаған ортада болып жатқан өзгерістер, яғни «Жыл мезгілдері» туралы түсініктерін қалыптастыру. Осы балаларға жағымды көңіл-күй туғыза отырып, оларды ептілікке, икемділікке тәрбиелеу, сонымен қатар олардың көру, ойлау, есіту, есте сақтау дағдыларын дамыту.
«Жыл» қарияның отбасы»(немесе «Жыл мезгілдері»)мюзиклі
Тәрбиелік мақсаты: Ерекше оқытуды қажет ететін балалардың дүниетанымын, зейінін дамыту және қошаған ортада болып жатқан өзгерістерді, яғни «Жыл мезгілдері» туралы түсініктерін қалыптастырып, олардың айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету.Түзету-дамыту мақсаты: Ерекше білімді қажет ететін балаларға жағымды көңіл-күй туғыза отырып, оларды ептілікке, икемділікке тәрбиелеу, сонымен қатар балалардың көру, ойлау, есіту, есте сақтау дағдыларын қалыптастыру, жалпы және ұсақ моторикасын, танымдық қабілеттерін дамыту. Қолданылатын көрнекіліктер: Жыл мезгілдерінің, яғни «Қыс», «Жаз», «Көктем», «Күз» айларының көріністерін суреттейтін көрнекі құралдар: «қарлар», «сулар», «қар басқан ағаштар», «гүлдеп тұрған ағаштар», «жеміс ағаштары», жеміс-жидектің муляждары, қағаздан жасалған бәйшешек және қызғалдақ гүлдер», «Жыл мезгілдері» туралы слайд.Рольдерді сомдайтын педагогтар: «Жыл» қария – Марлен М. «Қыс» мырза – Бейнегүл Қ. «Жаз» ару – Сауле М. «Көктем» ару – Гүлнар Ш. «Күз» ару – Ғалия А. және балалар.Слайд.Сахнада қыс көрінісі.(Төрде, «Жыл» — Марлен М. Қазақи киіммен отырады).Оқитын: Нарқыз Ғаниқызы.
Нарқыз Ғаниқызы: Ерте бір заманда Жыл деген бір қария өмір сүрген екен. Оның төрт перзенті болыпты.Қарияның тұңғыш ұлы өмірге келгенде айналаның барлығы ақ көрпеге ораныпты, күн суытып, адамдардың барлығы жаурап, қалың киімдер киіп алыпты. Қария тұңғыш ұлына «Қыс» деп ат қойыпты. «Қыс» атты баласы дүниеге келгенде адамдар суықтан тоңып, қабат-қабат киімдерден әбден шаршапты. (Ақсақалдың тұңғышы туралы ертегіміздің соңында тоқталатын боламыз). (САХНА АШЫЛАДЫ)
Ызғарлы суықтан көпшіліктің көңілдері түсіп, қалың киімдер мезі етіп жүрген кезде, өмірге өзі әдемі, әрі сұлу, ерекше тартымды, жұпар иісі аңқыған, бір үлбіреген қыз дүние есігін ашыпты. (Осы кезде сахнаға «Көктем ару» шығады, ары-бері жүреді, ыңылдап ән салады, қуанады). Нарқыз Ғаниқызы: Қарияның бұл қызы өмірге келгенде, ұзақ ұйқыдан кейінгі табиғат ояныпты, жылы жақтан құстар қайта оралыпты, келген құстар ағаштарға ұя салыпты, жылы-жылы жел соғып, жылғалардан су ағыпты. Барлық тіршілік қайта жаңарып, ағаштар бүршік атыпты, ол-ол ма, қар астынан қылтиып бәйшешек гүлі де қуанып, «Мен мұндалап» жатыпты. («Көктем» бәйшешек гүлдерді иіскейді, тереді) Қарияның осы қызы дүниеге келгенде жануарлар төлдеп, ұрпақтарын көбейтіпті, жеміс-жидектер де гүлдеп, соңынан қуана-қуана түйнек салыпты, «Қыс» ағасынан кейін қатып қалған қара жерді осы қарындасы жібітіпті.
(САХНА ЖАБЫЛАДЫ)
Нарқыз Ғаниқызы: Адамдарға қуаныш сыйлаған осы перзентінің есімін ақсақал «Көктем» деп атапты. Көктем: Келді көктем далаға, Келді сұлу шағала. Аспандағы ақ құстар, Айдын көлді арала. Көктем қандай көңілді, Күміс жаңбыр төгілді. Көктің жүзі ашылып, Күннің көзі көрінді. Құстар, құстар көп келді, Гүлдер жапты бөктерді. Кел, балалар, әнменен, Қарсы алыңдар көктемді. («Көктем ару» сахнадан кетеді) Нарқыз Ғаниқызы: Дегенмен, көктемде күн күркіреп, қайта-қайта жауын жауып, жер батпақ болып, балшықтан адамдар «уһ» — деп, шаршап жүрген кезде, қарияның отбасына жарқыраған, өзінің ыстық махаббатымен барлығының жанын жылытатын ерекше сұлу ару өмірге келіпті.
(САХНА АШЫЛАДЫ) («Жаз ару» шығады, ойын ойнайды, көбелек қуады, қызғалдақ тереді)
Бұл ару қыз өзімен бірге мол етіп күннің шуағын алып келіпті, Көк аспан болса, мақтадай ақ бұлттармен ерекше түске еніпті, Жанға жайлы ауа-райынан бақшадағы құстар да түрлі әуенге салыпты, Барлық жер түрлі-түсті гүлге оранып, көздің жауын алыпты, Ағаштардың жапырақтары қоюлана түсіп, айнала керемет бір күйге еніпті, Енді жақсы болар деп адамдар Жазға сеніпті. Осы жаймашуақ перзентіне қария «Жаз» деген есім беріпті. Жаз айының түні қысқа, ал күні ұзақ болыпты. «Жаз» ару барлық адамдарға қуаныш сыйлапты, ауа-райы жанға жайлы жылы болғандықтан, балалар кешке қарай ата-аналарымен таза ауада серуендеп, мәз-мейрам болыпты, ал күндіз әткеншек теуіпті, құмарлары қанғанша түрлі ойындар ойнап, көлге барып, ұзақ уақыт суға шомылыпты. Балалар осылай уақыттарын көңілді өткізіпті.
(САХНА ЖАБЫЛАДЫ)
Жаз: «Көлім, көлім, көлім» деп, Қаз да келді маймаңдап. «Шомыл, шомыл, шомыл» деп, Жаз да келді жайраңдап. Өзен-көлдің жағасы, Гүлден ою ойғандай. Тырналарға қарашы, Жіпке тізіп қойғандай.
Ал жүріңдер балалар, Қырға шығып көрейік. Қызғалдақты терейік, Құшақтап ап келейік! («Жаз» ару саханадан кетеді)Нарқыз Ғаниқызы: Дегенмен, біршама уақыттан соң халықтың қамбасы ортайып, күннен-күнге астықтары азайыпты. Осылай уайымға түсе бастаған кезде «саф» алтындай, сап-сары, балпанақтай сұлу қызы, іңгәлап, өмір есігін ашыпты. (САХНА АШЫЛАДЫ) («Күз» ару сахнаға шығады).
Нарқыз Ғаниқызы: Қария кенже қызына «Күз» деп ат қойды. «Күз» ару өзінің берекесімен, байлығымен, молшылығымен өзінің әкесі мен бауырларын, сонымен қатар барша қауымды қуанышқа бөлепті (ағаштан «жемісті» жинап, себетке салады).Алтындай «Күз» ару дүниеге келгенде ағаштағы жапырақтар түрлі-түсті күйге еніп, бейне бір жұмақтың есігі ашылғандай болыпты, себебі, бұл, молшылық пен тоқшылықтың көркем көрінісі еді. «Күз» ару туылғанда ағаштағы жемістер мен көкөністер де пісіп, барша қауымды қуанышқа бөледі. Адамдар бидайдан неше түрлі нандар мен бауырсақтар пісірді көкөністерден дәмді тағамдар дайындады, ал жемістерден тәтті тосаптар жасап, келесі Күзге дейін жететін ас-ауқатпен қамбасын толтырды. («Күз» ару бауырсақ, нан салынған ыдыстарды, жеміс-жидектер салынған ыдыстарды, банкаларды біртіндеп тасып, арбаға сала береді).
(САХНА ЖАБЫЛАДЫ)
Нарқыз Ғаниқызы: Ағаштар жалаңаштанып, «алтын жапырақтар» желмен сылдырап жерге түсіп таусылады, ал құстар ұясын тастап, жылы жаққа ұша бастайды.Күз: Көк майсалы көрікті, Алқаптағы көп егін. Бұл күндері киіпті, Сары жібек көйлегін.
Жел тынымсыз гуілдеп,Болып кетті тым бұзық.Шуылдайды тал-терек,Жапырағын жұлғызып.
Қоңып салқын тарады,Қойнаулар мен сайлардан.Қаздар қайтып барады,Қайтқан елдей жайлаудан.
Соңғы шуақ төгіліп,Жалтылдатып тұр аймақ. Ақ сәулеге шомылып,Жапырақтар жүр ойнап. («Күз» ару сахнадан кетеді)
Нарқыз Ғаниқызы: Күндердің күнінде суық ызғарлы жел, найзағайлы жауын, күннің күркіреуі адамдарды мезі еткен кезде, өзінің таза ауасымен, күннің шуағымен жердегі қарлар жылтырап, көзді шағылыстырып, аппақ болып «Қыс» қайта ортаға оралыпты. (САХНА АШЫЛАДЫ) («Қыс» мырза шанамен сахнаға шығады)
Қыстың да өзіне тән қызықтары мол. Айтар болсақ қыс айында балаларға арналған, яғни, шанамен, шаңғымен, конькимен сырғанау, қар атысып, аққала жасау секілді түрлі ойындар ойнауға болады. (Қар атысып ойнайды)Қыс мезгілінде ең әдемі, ең қызықты, әрі есте қалатын нәрсе, ол – ескі жыл кетіп, Жаңа жыл есігін ашатын уақыт. Бұл мерекеде балалар мен ересектер түрлі кейіпкерлерді сомдайды, ал, Аяз ата мен Қарша қыз балаларға көп қуаныш пен мол сыйлықтар әкеледі. ( «Қыс» мырза шыршаға жақындап ойыншықтарын қызықтайды).
(САХНА ЖАБЫЛАДЫ)
Көктем, Жаз, Күз мезгілдерінде болмайтын «қар» деген нәрсе, осы «Қыс» мезгілінде болады, қыс мезгіл осынысымен ерекшеленеді.
Қыс: Ақ пен қара өмірдің қос жолағын,Аппақ түске боямақшы боламын.Ішімдегі сыймаған соң зор ағын,Қарға айналып, қара жерге қонамын!Танысалық мен аппақ қар боламын,Ренжітпеңдер «Ертегі елі» қонағын.Рас, талай жүректерді тонадым,Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.
Менен таза болады тек ар ғана,Қардан асып туар бәлкім, қар ғана.Жанарыңды көлегейлеп қорғама,Кірпігіңді кідірте тұр сәл ғана.Шықты бәрі қыс келгенін көруге,Рұқсат берші, ерніңе кеп еруге.Рұқсат берші, шыққа айналып өлуге,Қыспын, қармын, шыққан бүгін төріңе! («Қыс» мырза сахнадан кетеді)
«Жыл» қария ортаға шығады
Нарқыз Ғаниқызы: Осылайша, қарияның отбасы – төрт перзенті, яғни, «Қыс» та, «Көктем» де, «Жаз» да, «Күз» де (біртіндеп ортаға шығады) қаншама жылдар бойы адам игілігі үшін қызмет көрсетіп келеді, ал біз олардың қай-қайсысын да асыға, сағына күтіп, қуанышпен қарсы алып отырамыз. Марлен М.: Ал, ұлым «Қыс», қыздарым: Көктем, Жаз, Күз, мен болсам қартайдым, сол себепті сендерге айларды бөліп берейін: «Көктем» қызым, сен жыл басы боласың, саған наурыз, сәуір, мамыр айларын, «Жаз» қызыма маусым, шілде, тамыз айларын, ал қыздарымның кенжесі «Күзге», қыркүйек, қазан, қараша айларын, ал жалғыз ұлым, «Қыс», саған желтоқсан, қаңтар, ақпан айларын беремін. Сендерге айтар өсиетім, халыққа адал қызмет ететін болыңдар, жарай ма! (Барлығы бастарын изейді). Нарқыз Ғ.: Ағылды сайға қар суы, Көктемнің қандай тартуы? Гүлнар Ш.: Күн көзі жерге қуатты, Төгеді нұрлы шуақты. Жер жыртып, тұқым себеді, Мол өнім жылда береді.
Нарқыз Ғ.: Тараған көпке арайы, Несімен қызық жаз айы? Сауле М.: Су жылып, құм да қызады, Ыстықтың жақсы ұзағы. Шомылып көлге, гүл теріп… Қызық көп көрсең үлгеріп.
Нарқыз Ғ.: Сыйлайды бізге қаласа, Күз айы қандай тамаша!
Ғалия А.: «Дархан-ай», дейді, күзіңді, Алмұрт, алма, жүзімді. Басқа да жеміс жейсің ғой, Бәрі де балдай дейсің ғой. Нарқыз Ғ.: Қызығын қандай құшақтап, Келеді бізге қыс аппақ? Бейнегүл Қ.: Жүресің қарға омбылап, Тұрсаң да тойып, он құлап. «Алма бет» бала атанып, Қайтасың үйге шаттанып.
Осылайша күнге-күн қосылып, Ай болады, айға-ай қосылып, Жыл болады, Жылдар ғасырға айналып, уақыт зулап өте береді, ескі жаңарып отырады. Ал біздер, балалар, әр күнімізден жақсылық, қуаныш күтеміз!
Жанға жайлы, жылы самал желімен, иісі аңқыған Көктем айы жылы болсын! Жарқыраған күнімен, жайқалған гүлімен Жаз айы мерекелі, шуақты болсын!Өзінің молшылығымен қамбамызды толтырған Күз айы берекелі, қуатты болсын! Аппақ қарымен қоса, ақ ниетін алып келетін, Қыс айы жайлы болсын!Игілігі мол балалары бар «Жыл» қария аман болсын!
БАЛАЛАР, БАРШАМЫЗДЫҢ ӘР КҮНІМІЗ МЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!
Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.