тақпақ, жыр, поэма, өлең, туған жер туралы өлеңдер

0
Туған жерім асқарлысың айбынды,
Тең көрмеспін саған мөлдір айдынды.
Сенің таза тұнық ауа келбетің,
Ұмыттырар көңілдегі жай, мұңды.

Сен қымбатсың маған әркез қашанда,
Сенен жырақ қай өлкеге барсам да.
Шіркін, саған жете алмайды жетпейді,
Жарқылдаған алтын күмбез шаһар да.

Батырға да, ақынға да бай өлкем,
Мыңғырған малы шаруасы дағы жай өлкем.
О, туған жер, қасиетіңнен айналдым,
Батысымменен иық тіресер қай өлкең?!

Мен туған өлке — айбары басым Батысым,
Туғызған талай асылы менен арысын.
Датұлы бастап, Исатай менен Махамбет,
Тәуелсіздік үшін таңдаған талай ат үстін.

Мен туған өлке — Дәулескер күйдің мекені,
Құрманғазы, Дина, Есқали күйдің шебері.
Рысбай аға, Айгүл қыз Үлкенбаева,
Күй қағандарының бүгінгі келбет бедері.

Мен туған өлке — Хиуаз қыз қанат қаққан жер,
Тарихта мәлім, даласы сонау асқар бел.
Біртуар перзент Жұмекен менен Табылды,
Құмында аунап, жанына сая тапқан жер.

Туылған мұнда Қаршыға, Әбу, Хамасы,
Фариза қызға тең келер бар ма баласы.
Нарында туған Наркескен ақын Нұралым
Ақұштап апа — өлкенің ақ шағаласы.

Атырау, Жайық, Маңғыстау, Каспий арасы,
Ақтөбе менен Оралдың шалқар даласы.
Таңдана қарап, тамсанған талай көз тігіп,
Біз туған өлке тамаша қандай қарашы.

Мен туған өлке — сен туған өлке бауырым,
Гүлдене берсін, асқақтай берсін ауылым.
Титімдей ғана сандуғаш едім сайраған,
Самғасам деймін қыраны болып дауылдың.