соңғы қоңырау, мектеп бітірушілерге арналған сценарий қазақша
Өтетін күні: 25 мамыр 2019 жыл
Өтетін уақыты: сағат 10. 00
Өтетін орны: мектеп алаңы
Музыка орындалады
Жүргізушілер шығады:
I — жүргізуші:
II — жүргізуші:
I – жүргізуші: Тарихы терең қазақ деген көне елде
Ел белгі де ерлік, өрлік, өнерде,
Жаһандағы ең жауынгер халықта
Кім сенеді ту болмады дегенге?!
II — жүргізуші: Мазмұнына өрнегі жарасқан, тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, — дей отырып ҚР мемлекеттік туын көтеру құрметін мектеп бітіруші түлектер, үлгілі оқушыларға тапсырылады.
I — жүргізуші:
Мектеп қой Еліміздің қаны, жаны,
Мектептен басталады бәрі — бәрі.
Бүгінгі мектеппен қоштасу салтанатында,
Шырқалсын Қазақстан әнұраны!
II — жүргізуші: «Сәт сапар, саған, Жас түлек!» атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны ашық деп жариялансын!. ҚР мемлекеттік туы көтерілсін.
(ҚР туы көтеріліп, әнұраны айтылады)
I — жүргізуші: Маңғыстаудай кең жазық даласында
Берекелі Бейнеудей қаласында
Мектеп бар «Лицей» дейтін өлкемізде
Арналған алғыр, зерек баласына
Армысыздар ардақты ата — аналар, аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар, қадірлі жас түлектер!
11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттермен қоштасу мерекесі – соңғы қоңырау мерекесіне қош келдіңіздер!
II — жүргізуші: Міне, бүгін қызығы мен қиыншылығы мол, әр оқу жылы қайталанбас тарихқа толы мектептің мерекесі, оқушылардың сыныптан — сыныпқа көшіп, асыға күткен жазғы демалысқа шығарып, салатын – соңғы қоңырау салтанаты!
Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл — қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр. Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпесі анық.
Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, біздің лицейіміздің 43 түлегі бүгінгі салтанатты жиында балалықпен, мектеппен қоштасқалы тұр.
I — жүргізуші:
Жас жүректің өмірлік құштары – гүл,
Бағбан — ұстаз баулыған құстары бұл.
Қоштасып бүгінгі күн ұясынан
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр, — деп алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге ұшқалы отырған мектеп бітіруші түлектерді құрметпен ортаға шақырамыз. ( музыка)
II — жүргізуші: Бәрі де баласындай бір ананың,
Өз елі қазағының ұғады әнін.
Қызы ибалы, ұлы ер, шықсын кәне,
Он бірінші «А» сыныбы Қамар апайдың.
Қарсы алыңыздар, бүгінгі бітіруші түлектердің 11 «а» сынып жетекшісі: Ауданбаева Қамар Тұмашқызының есімін құрметпен атай отырып қошеметпен ортаға шақырамыз. (музыка әуені)
I – жүргізуші:: Даламдай кең түсінігі, ұғымы,
Қазаққа тән мінезі мен қылығы.
Гүлмираның сом алтындай ұл — қызы,
Алдарыңызда он бірінші «Б» сыныбы.
Қарсы алыңыздар, бүгінгі бітіруші түлектердің 11 «б» сынып жетекшісі: Түгелбаева Гүлмира Асқарқызы есімін құрметпен атай отырып қошеметпен ортаға шақырамыз. (музыка әуені)
II — жүргізуші Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға.
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Түлектерді шақырайық ортаға.
I – жүргізуші: Алдарыңда сан тарау жолдары тұр,
Бәрі ертеңгі азамат болғалы тұр.
Үлкен өмір есігін ашпақ, міне,
Келген қауым, қол соғып, қолда бүкіл!
(Музыка әуенімен бітіруші түлектер шығып орындарына тұрады)
II — жүргізуші: Бүгін — алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жылдың мәреге жеткен күн.
I — жүргізуші: Бүгін -«мектебім, ұстазым» деп көңілің қимастық кешкен күн.
II — жүргізуші: Бүгін — атаң ақ жол тілеп, ақ бата берсем деген күн.
I — жүргізуші: Бүгін — әжең ерке ұланының ержеткенін көрсем деген күн.
II — жүргізуші: Бүгін — әкең қызым бой жетті деп мақтанған күн
I – жүргізуші: Бүгін – анаң ұлым ер жетті деп шаттанған күн.
II — жүргізуші: Бүгін — ұстазыңның жанында шәкірт болып соңғы рет топталған күн.
I – жүргізуші: Бүгін — арман қуып алысқа аттанған күн.
II — жүргізуші: Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күн.
I – жүргізуші: Ендеше, сәт сапар, жас түлектер!
Қош айтысып балалық шақ өткеніне,
Қош айтысып сүйікті лицейіне
Тұғырдан түлеп ұшқан жас қырандар
Аттанып барады өмір көктеміне
II – жүргізуші: Білімді шәкірттерін аялаған
Жақсылығын ешкімнен аямаған,
Саялы бақ, жанашыры жас ұрпақтың
«Ұстаз» деген аяулы, ардақты адам.
Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің. Ол – болашақ. Болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік. Осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, аянбай, өзімнің адамгершілік парызым, қала берді ағалық қамқорлығым деп түсінген. қимас сәтте өздеріңе арналған алғашқы құттықтау сөзді лицей директоры Амалбаев Таңат Қайнарбайұлы мырзаға беріледі.
(Мектеп директоры сөз сөйлейді)
I — жүргізуші: Арнап келер мерейтой, мейрамдарда,
Мәртебең де биік қой мейрам барда.
Бүгінгі мектеп кешіне тілек айтсын,- дей отырып, сөз кезегі қонақтарда. бүгінгі салтанатты жиынға қатысып отырган қонақтарды құрметпен атай келе құттықтау сөз кезегі сіздерде.
II — жүргізуші:
Ұрпақсыз шәкірттерге бақ келген бе?
Бапкерсіз тұлпарларға бап келген бе?
Осы бір мектебі үшін жанын салған,
Сөз кезегі — ғылыми — жетекші бапкерге.
мектеп директорының әдістемелік – инновациялық істері жөніндегі орынбасарына беріледі.
I – жүргізуші:
Жақсы шәкірт азамат атанады,
Халқынан, ата — анадан бата алады.
Ұрпағына айтсын деп ақ тілегін,
Ортаға шақырайық ата — ананы. «Ата — ана баланың бас ұстазы» дегендей ата — ана мен мұғалім қатар тұрғанда бала өзіне деген қамқорлықты толық сезінеді. Сөз кезегі құрметті де қадірлі ата — аналарымыз атынан Қайболдиев мырзага беріледі.
II — жүргізуші: Жаны асыл ұстаздарды еске алыңдар,
Жаңа сыр ашатұғын жас дарындар,
Шәкірті жаман екен дегізбеңдер,
Санасы биік адал дос табыңдар!
Иә, сендер әрқашан еске алып жүретін жаны асыл ұстаздарың да бүгінгі соңғы Қоңырау үнімен өздеріңмен қоштаспақ. Енді солардың шәкірттеріне деген соңғы ақыл — кеңесін, сәт сапарын тыңдайық. Сынып жетекшілер атынан құттықтау сөз: Ауданбаева Қамар Тұмашқызына беріледі.
I – жүргізуші: Ұстаз! Осы сөзде қаншама ұлылық жатыр десеңізші! Сөз маржанын терген ақын – жазушыда, көк күмбезіне самғаған ғарышкер де, тіпті Елбасының өзі де ұстаз алдында иіліп тағзым ететіні рас. Өз уақытын аямаған, шәкіртінің уақытын аялаған, ұстаздарға сазды сәлем жолданады.
Хор: «Ұстазым» әні. Орындайтындар бітіруші түлектер.
II — жүргізуші: Құрметті білім алушылар! Соңғы қоңырау мерекесінің дәстүрі бойынша ту тапсыру салтанатты рәсімін өткізіді бастауға рұқсат етіңіздер.
Аманат ту тапсырушы: аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпазы мақтанышымыз 11 — сынып оқушысы Қуандықов Ербол. Ассистенттері: Таскарина Гаухар, Рзаева Жанаргүл.
I – жүргізуші: Аманат ту қабылдаушы: Республикалық пәндік олимпиаданың Күміс жүлдегері мақтанышымыз 10 — сынып оқушысы Әлібек Тағаберді. Ассистенттері: үлгілі озат оқушылар, Венгрияда өткен ғылыми жобалар сайысының Алтын жүлдегері
(Мектеп түлектері қасиетті көк байрақты 10 сынып оқушыларына тапсыру рәсімін орындайды.)
Аманат ту тапсырушының сөзі:
Әнге ән, жырға жыр жалғап Барамыз ұшып ұядан!
Айтамын саған аманат, Iзбасар 10 — сыныптар!
Мейірімнен шуақ төгілген, Ұстаздар саған аманат!
Шығатын күміс үнімен Әндерім саған аманат!
Аулада тұрған талдар мен Сыныптағы гүлдер аманат!
Жалғайтын арман таңдарға Сағыныш саған аманат!
Жастанып кейде ұйықтаған, Кітабым саған аманат!
Көрінбейтін шимай — шатпақтан Дәптерім саған аманат!
Бір жеңіп бірде жеңілген Жарыстар саған аманат!!
Сыр алған тұнық сезімінен Өлеңдер саған аманат!
Қос өрім қылып тағатын Ақ бантик саған аманат!
Үзілісте соғатын Қоңырау саған аманат!
Үлгілі тәртіп, үздік оқу — ізбасарым саған аманат!
Желбірейтін биікте — Алтын ұя туы аманат!
Кір келтірмей атына, биікке самғау — бізге аманат!
«Қош бол алтын ұям» — деп айтамыз сізге сау — саламат!
Аманат ту қабылдаушының сөзі: Біз 10 сынып оқушылары: Сіздерден қастерлі аманатты қабылдай отырып, бізге артқан сенімдеріңізді ақтауға, білім мен тәрбиенің барлық салаларынан алда болуға, мемлекетімізді гүлдендіруге, дамытуға негіз болатын ғылыми жетістіктерін кеңінен игерген саналы азамат болып шығуға лицейіміздің мәртебелі екенін биіктетіп, жоғары деңгейге көтеруге өз үлесімізді қосамыз деп сеніммен ант береміз! ( Аманат туын қабылдаған оқушылар орындарына барып тұрады)
II – жүргізуші: Еліңді таң қалдыршы ұлы істермен,
Қатарына қаймықпай құрышты ерген.
Туды биік көтеріп қалықтатшы,
Қуанта бер қашанда жеңістермен
I — жүргізуші: Мойытпасын қиындықтар сендерді.,
Батылдықпен асыңдар сан белді,
Біліміңмен қуантсаңдар мектепті,
Жақсы іспен қуантыңдар елді енді.
II — жүргізуші: Ұшырса да өмірдің сан түлегін,
Ұстаз — ғалым, толастамас мәңгі сын.
Тыншымайтын асыл жандар аяулы,
Тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын.
Келесі құттықтау сөз лицей мақтанышы, бітіруші жас түлек «Алтын белгіге» үміткер, «Лицейдің ең үздік шәкірті — 2018» байқауының жеңімпазына беріледі.
I — жүргізуші: Қоңырау мектеп өміріндегі құлаққа жағымды шәкірт жүрегінде сақталатын ұмытылмас үн. Жүректері лүпіл қағып қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан осынау сәтте мектебімен қоштасып өмірдің екінші белесіне қадам басқалы тұрған сіздер, осыдан 11 жыл бұрын қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттаған болсаңдар сол сыңғырлаған қоңырау үнімен болашаққа аттанбақшысыңдар. Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектер! Мектепте 11 жыл ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңдер. Оны алғаш қолыңа гүл алып, мектеп табалдырығын аттағанда естідің, 45 минут бойы өзің сүйіп оқитын сабағың аяқталғанда. Ал, бүгінгі қоңырау үні ерекше. Ол мектеппен қоштасар соңғы қоңырау. Ол балалық шақтан мектеп белесіне асыратын қоңырау. Сәт сапар, саған жас түлек!
II — жүргізуші: —
Гүлдерге толып омырау
Түлектер тойын тойлайды.
Қағылмақ соңғы қоңырау
Қаққызбай өмір қоймайды
I – жүргізуші. Бәрі – сын, араласың, өмір аулың,
Бәрі – шын, қоштасарда қоңырау мұң.
Мәнісін ұғасыңдар өткен күннің,
Дауысын естігенде қоңыраудың
Балалықтың соңғы әнін шырқап бүгін
Қоңыраудың естиміз соңғы үнін
II – жүргізуші: Соңғы қоңырау соғу рәсімін орындау құрметіне лицейіміздің үлгілі оқушысына мен болашақта үміт күттірер, аға — апаларынан үлгі алар 5 «б» сыныптың үздік оқушысына беріледі.
Хор: «Сыңғырла қоңырау» әні. Орындайтындар мектеп бітіруші түлектер.
(Қоңырау соғу сәті.)
I – жүргізуші: Бірлік деген даналар мен кемеңгер
Бір — біріңді әрқашанда елеңдер
Түрлі асу жолдарында тағдырдың,
Бір — біріңе сүйеу болып демеңдер.
II — жүргізуші: Сонда естілер ел жұртыңның нұрлы үні,
Сонда жеңер мына өмірдің шындығы.
Әуелетіп аспанға шар ұшырдық,
Ол бірлігің, мәңгі бірлік символы!
I – жүргізуші: Қоштасады ұшқан ұяң – мектебің,
Маңдайынан сүйіп өтер көктемің.
«Сәт сапар» — деп қол бұлғаймыз бәріміз,
Тілейміз біз армандарға жеткенін.
II — жүргізуші Түлектердің бақыт гүлі ашылсын,
Ақылына әлем халқы бас ұрсын.
Деген асыл ниетпенен, ағайын,
Ақ жолына той шашуы шашылсын! ( Шашу шашылады)
Музыка әуені. (Көгершіндер ұшырылып, 43 шар көкке жіберіледі.)
Шар ұшыру сәті мен ақ көгершін ұшыру сәтін тамашалау. Ұстаздар мен қонақтарға гүл шоғын ұсыну.
I — жүргізуші: Құрметті мектеп бітіруші 10 — шы жас түлектер! Ата — аналар мен қонақтар! Аяулы ұстаздар! Бейнеу лицейінің «Сәт сапар саған, жас түлек!» атты салтанатты жиынын жабық деп жариялаймын!
II – жүргізуші: Құрметті мектеп оқушылары! Республика туы астында қатар тізеп, тік тұрыңдар! ҚР мемлекеттік Туы түсірілсін!
(Әнұран орындалады)
I — жүргізуші: Аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар жазғы демалысты жақсы өткізіп, келесі жаңа оқу жылында амандықпен жолыққанша сау саламатта болыңыздар. Сәт сапар, сіздерге, Жас түлектер!
II – жүргізуші: Лицейдің табалдырығынан үлкен өмірге 44 түлек жолдама алды: 44 арман, 44 үміт, осынша сенім мен осынша тағдыр! Еліміздегі мыңдаған мектептерден мыңдаған түлектердің ұшып шыққанын ескерсек, ересектер қатары осынша адамға, осынша күшке толықты! Қанаттарың талмасын, жас түлектер!
Маңғыстау обл, Бейнеу селосы,
Бейнеу лицейі мұғалімі
Гүлназ Әжібаева