Солари үмітті ақтай ма?
Барселона Реал Мадридті 5:1 есебімен тас-талқан етіп жеңген соң Хулен Лопетеги ойыншыларымен бейресми қоштасты. Перес оны мерзімінен бұрын орнынан босатты. 4 ай ішінде испаниялық бапкер екі жоғары лауазым – Испания ұлттық құрамасы тізгіні мен «Реал Мадрид» бапкерлігі қызметінен айырылды. Дегенмен, Лопетеги жерде қалмайтын бапкер. Біз осыған дейін «Корольсіз тақ немесе Корольдік клуб атына сай болмай тұр» атты мақаламызда Лопетегиге мүмкіндік беру керектігі туралы жазған едік. Бірақ бұлай болмады. Енді жаңа бапкер боп кім келетіні «Реал Мадридтің» алдағы тағдыры туралы аз-кем сөз етсек.
Клубтың ресми айыптау баяндамасында: «Тарихта алғаш рет бір команда құрамында «Алтын доп» сыйлығына үміткер болған 8 ойыншы доп тебеді. Ал нәтиже мен ойын арасында айырмашылық үлкен «, – делінген.
«Реал» бас бапкерлігіне уақытша «Кастилья» командасының бапкері 42 жастағы аргентиналық маман – Сантьяго Солари тағайындалды. ХХІ ғасыр басында Солари мадридтіктер құрамында доп теуіп, екі рет Ла Лиганы, бір рет Чемпиондар Лигасын және Суперкубокты иеленген. 2000-2005 жылдар аралығында 131 ойынға қатысып, 10 рет қақпаны дәл көздеген ойыншы.
Сантьяго Солари 2013 жылы «Реал Мадрид» сапында жұмысын бастап, түрлі жастағы жасөспірімдер командасының тізгінін ұстады. Алғаш 15-16 жастағы балаларды, одан кейін 17-19 жастағыларды жаттықтырса, 2016 жылдан бастап «Кастилья» командасының бапкерлік қызметіне тағайындалды. Енді «Реал Мадрид» бапкері болып отыр. Мадридтіктердегі қазіргі жағдай үш жыл бұрынғы Рафаель Бенитес пен Зинедин Зидан арасындағы жағдайға ұқсайды. Перес сол кезде де Бенитесті орнынан алып, Зиданды бапкер еткен еді. Ал сол кезде Зидан «Кастилья» бапкері-тін. Нәтижесін бәріміз де білеміз. Бұл дәуір Реал тарихындағы ең жемісті жылдар болды. Команда үш рет қатарынан Чемпиондар лигасын, бір рет Ла лиганы жеңіп алды. Жалпы, Зидан мадридтіктер қоржынына 2,5 жыл ішінде 9 кубок салды. 3 жылдан соң ситуация қайталанып тұр. Енді тарих қайталана ма?
Бәрі де мүмкін…
Біріншіден, Соларидің болашағы анық емес. Ол «Реал» клубын уақытша 2 апта ғана жаттықтыруға келді. Испания Ла Лигасының заңы осындай. Клуб берілген 15 күн ішінде нақты бапкерді анықтайды. Осы мерзім ішінде клуб басқа бапкерді табуы немесе Соларимен келісім-шарт жасауы қажет.
Ә дегеннен мамандар мен футбол сарапшылары бұл орынға басты үміткер ретінде Антонио Контені атай бастады. Италиялық бапкерге «Челси» келісім-шарт бойынша мерзімінен бұрын босатқаны үшін 10 миллион еуро төлеуі шарт. «Челси» клубы да жағдайды жақсы түсініп, келісім-шартты бұзбай, бапкерге айлық төлеуді жалғастырып келе жатыр. Егер Конте жаңа клуб тапса, айлық беруді тоқтадады. Нәтижесінде Конте 10 миллион еуродан қағылады. Демек, Конте «Реал Мадридке» келуі үшін 10 миллионнан бас тартып, үлкен сеніммен тәуекел етуі керек.
Екіншіден, италиялық маманның да өз талаптары бар. Ол командаға жаңадан орталық қорғаушы және орталық шабуылшы алуды көздеп отыр. «Реал» қысқы трансфер кезінде аталған екі ойыншыны алмаса Конте келмейді-мыс. Әдеттегідей трансфер десе кежегесі кейін тартатын Перес бұған көнбеген.
Баспасөзде анық үміткерлерден басқа болжам мен фантазиялық үміткерлердің де аты аталып жүр. Мысалы:
Романтикалық вариант: Рауль Гонсалес. 3 жылдық үзілістен кейін 41 жастағы испанияның аңыз футболшысы футболға қайтып, мадридтіктер тізіміндегі жастардың бапкері ретінде қызметін бастады. Раулдың Реал Мадридке келуі комадаға жетіспей тұрған сенімді әкелуі мүмкін.
Идеал вариант: Арсен Венгер. Флорентино Перес франциялық маманның нағыз жанкүйері. Кезінде «галактикос» тізгінін Венгердің қолына тапсыруды да ойлаған екен. Бірақ «Арсеналда» ғажайып команда құра алған Венгер Испанияға келуді қаламаған. Қазір ол «Арсенал» бапкерлігінен кеткен болса да футболдан кетпейтінін айтқан еді. Егер Перес «ескі махаббатын» қайта еске алып, «Реал Мадридке» Арсен Венгерді әкеліп жатса таңғалмаңыз.
Қызық вариант: Фернандо Йерро. Уақытында «Үлкен капитан» лақабымен танымал болған ойыншы Раул немесе Гути варианттарына ұқсас болғанымен, олардан гөрі сенімдірек үміткер. Себебі Йерро басқарушылық тәжірибесі мол маман. Ол 2007-12 жылдар аралығында Испания ұлттық құрамасының спорт директоры, 2014 жылы Анчелоттидің көмекшісі қызметтерін атқарған. Жазда Лопетеги Испания ұлттық құрамасы бапкерлігінен кеткенде оның орнын Йерро басқан-ды. Енді ол «Реал» бапкерлігіне келіп жатса тіпті қызық болайын деп тұр.
Перес кімді таңдарын білмей тұрғанда Соларидің өзін дәлелдеуі үшін 4 ойыны немесе 4 мүмкіндігі бар. Оның екеуін өте жақсы өткізді. Солари тізгіндеген «Реал Мадрид» «Мелильяны» 4:0 есебімен ұтып, «Вальядолидқа» жауапсыз 2 доп соқты. Солари соңғы 60 жылдағы «Реал» бапкерлері ішіндегі рекордтық нәтижені қайталап, алғашқы екі ойынын құрғақ өткізді және командасына жеңіс әкелді. Енді алда Чемпиондар Лигасындағы «Виктория» мен Ла Лигадағы «Сельта» арасындағы ойындар күтіп тұр.
Қысқа уақыт ішінде командаға жан бітіріп, қайта түлету қиын. Көпшілік енді Винисиус Жуниор негізгі құрамда ойнайды деген еді. Бұл үміт ақталды. Соңғы «Вальядолидқа» қарсы кездесуде мадридтіктердің ойыны жүрмей жатқанда Винисиус қосалқы құрамнан шығып жан бітірді. Соларидің әдіс-тәсілінің нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал, қазір Перес Королдіктегі тұтанған отты өзіне белгілі тәсілмен уақытша өшіріп тұр. Екінші рет бұл тәсіл өзін ақтай ма, жоқ па оны да уақыт көрсетеді.