Шынайы сұлулықтың 9 ережесі
Америка ғалымдары шынайы сұлулықтың бастауы денсаулықты күтуден келетінін ғылыми түрде дәлелдей отырып, сұлулықтың тоғыз ережесін жасады.
№1 – (Таза су). Күнделікті 7-10 стакан таза су ішіп тұру керек. Су ас қорыту жүйесін жақсартып, ағза температурасын бір қалыпты ұстап тұрады. Таңертең аш қарынға бір стакан таза су ішкен жөн. Ара-тұра су диетасын ұстауды ұмытпаңыз.
№2 — (Дұрыс ауқаттану). Тамақтану уақытын сақтау керек. Таңертеңгі ас мәзірінде жұмыртқа немесе сұлы жармасының ботқасы болған жөн. Тәтті тоқаш, кәмпит, шәрбеттің орнына жеміс-жидектерді, кептірілген өрік-мейіздерді, бал сияқты пайдалы тағамдарды пайдалану керек. Түскі астан кейін, міндетті түрде, жеміс шырынын не нәрсу ішу керек.
№3 – (Өсімдік майлары). Ас қорыту жүйесі мен ағзадағы зат алмасу процесін жақсарту үшін таңертең бір ас қасық асқабақ, зәйтүн, күнжіт т.с.с. өсімдіктердің майын ішіп тұру керек.
№4 – (Ұйқы). Белгілі себептерге байланысты ұйқы бұзылуы мүмкін. Сондықтан да, кешкі уақытта бір сағатқа ерте жатып, уақытылы ояныңыз. 2-3 күннен кейін өзіңізді жақсы сезінетін боласыз. Ұйқыңыз келмеген жағдайда жалбыз жапырақтарынан қайнатылған шәй немесе бал қослыған сүт ішіп алыңыз. Сондай-ақ, жатар алдында бөлмеңіздің терезесін ашып, ауаны тазартып алыңыз. Далаға шығып, 10-15 минут таза ауада серуендеп қайтыңыз.
№5 – (Монша). Айына 1-2 рет моншаға барып тұрыңыз. Моншаға түскен адам жаман ойлардан арылып, өзін жақсы сезінеді. Ыстық бу шаш пен тырнақтың жақсы өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, тері де жақсарады.
№6 – (Мұз кескіні). Түймедақ немесе ақжелкенді қайнатып, суыған кезде арнайы ыдысқа құйып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Қатқан мұз кескінін алып, күн сайын таңертең бет-мойыныңызды сүртіп отырыңыз. Мұз кескінінің арқасында теріңіз жасарып қалады.
№7 – (Тазарту). Мүмкіндік болса, айына кем дегенде бір рет косметологиялық процестен өту керек. Алайда, қалта көтермесе, бет-жүзіңізді үйде-ақ тазарта аласыз. Бетіңізге бал қослыған сұлы жармасын жағыңыз, жеміс-жидектердің (киви, алма, банан) тілімдерін қойып, 10-15 минут жатып демалыңыз. Сондай-ақ, көзіңізге қияр не картоп тілімін қоюға болады.
№8 – (Балшық). Кез келген дәріханадан балшық ұнтақтарын сатып алуға болады. Кішкентай шараға жылы су құйып, оған балшық ұнтақтарын салып, араластырыңыз. Кейін бет-мойыныңызға жағып, 15-20 минут жатып демалыңыз. Сосын жылы сумен жуыңыз. Балшық беттегі қара дақтарды, безеу-бөрткенді, әжімдері кетіреді.
№9 – (Спорт). Спортпен тұрақты түрде шұғылданыңыз. Ол үшін, міндетті түрде, жаттықтыру залына бару шарт емес. Таңертең 10-15 минут жүгіріңіз немесе жаяу жүріңіз. Жұмыс уақыты кезінде ара-тұра үзіліс жасап, жаттығуларды орындаңыз. Демалыс күндері достарыңызбен бірге доп теуіп, теннис ойнаңыз..